Алматыдағы сенбілік. 15 мың текше метр қоқыс жиналып, 5 мың көшет отырғызылды
Алматыда 22 сәуір күні қала әкімдігінің қолдауымен қоғамдық ұйымдар ұйымдастырған Almaty Clean & Green кең ауқымды экологиялық акциясы өтті. Қала әкімі Ерболат Досаев екі жердегі – Баум тоғайы мен Медеу ауданындағы экоакцияға қатысты.
Шаһар басшысының айтуынша, қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялауға бағытталған мұндай акциялар мегаполисте жақсы дәстүрге айналуға тиіс.
Жалпықалалық сенбілікке 82 мыңнан астам адам қатысып, 5 мың ағаш отырғызылып, 15 мың м3 астам қоқыс жиналды.
Экологиялық акцияны амбассадорлар, танымал әртістер бірауыздан қолдады.
"Бүгінгі мынау сенбілікті әлеуметтік желіден көріп, тазалықты сақтайық, соған үлесімізді қосайық деп арнайы келдік. Ағаш егу, жан-жануарларға көмектесу әр адамның борышы деп ойлаймын. Біздің еккен талымыз бірнеше жылдан кейін жайқалып тұратын болса, біз үшін қуаныш. Өнер адамдары да осында қаланың көркеюі үшін өз үлестерін қосып жатыр", - дейді Музарт тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов.
Ақын Мұратқан Шоқан да бүгінгі сенбілікке арнайы келген.
"Алматы шаһарында сенбілікке қала әкімі, өнер адамдары тағы басқа қала тұрғандары қатысып жатыр. Жалпы табиғатты біз аяласақ, ол өзімізді аялағанымыз деп түсінуіміз керек. Өйткені, табиғатсыз күніміз жоқ. Әрбір өскен шөпті, тіршілік иелерін бауырымыздай көруіміз керек. Сонда ғана біздің болашағымыз жарқын. Бүгін тал ектік. "Ұрпаққа мал қалғанша тал қалсын" деген сөз бар. Бүгін біз еккен ағашты ертеңгі ұрпақ саялап отырады", - дейді ол.
Ақын адам табиғатқа көңіл бөлгенде ғана табиғи апаттар мен аурулар азаятынын айтады.
"Тұтас ғаламның амандығы үшін адамзат осы ұлы табиғатты аялауға міндетті. Сол тұрғыдан алғанда бүгінгі іс-шара керемет. Әр сенбі, тіпті, әр күні жалғасын тапса дейміз. Адамдар айналаға қоқыс тастамай, жинап жүрсе екен дейміз. Сол кезде ғана өміріміз бақытты болады. Өйткені табиғатқа қарсылықтан ол бізге қарсы шығып жатыр. Өткендегі ковидтің өзі соның бір көрінісі", - дейді ақын Мұратхан Шоқан.
"Біз студенттерміз. Жаңалықты көріп біз де қаламыздың тазалығына өз үлесімізді қоссақ дедік. Бәрі бір жеңнен қол шығарып тазалап жатқаны қуантады. Осындай үлкен орындарды екінің-бірі жинай бермейді. Адамдардың бірігіп тазалап жатқаны құба-құп. Біз сияқты студенттерге бұл үлгі", - дейді студенттер Меруерт пен Сабрина.
Тасқын да студент. Бүгін сенбілік екенін білгенде қуана келген. Ол қаланың таза болуы үшін осындай сенбіліктер жиі өтсе екен дейді.
"Бүгін біз Баум тоғайындамыз. Өте керемет, тарихи орын. Біз жастар қаланың таза болғанын қалаймыз. Соған өз үлесімізді қосамыз. Осы үрдіс сақталып ұрпақтан-ұрпаққа жалғасса екен", - дейді ол.
Ернұрдың жасы 16-да. Алматыда туып-өскен. Туған қаласының көркеюі, соның жолында мыңдаған адам бірігіп жұмыс істеп жатқанда үйде құр қарап отыра алмайтынын айтады.
"Бүгінгі сенбілік өте жақсы өтті. Күнде осындай тазалық жұмыстары өтсе екен. Өйткені тазалық жұмыстары ұйымдасып жасалатын болса, еліміз ең таза мемлекеттер арасында бірінші орынға шығатын еді. Қазіргі таңда адамдардың өзі экологияны құртып жатыр. Сол үшін біз соларға үлгі болып жатырмыз. Бұрын – мен кішкентай кезде Алматы таза еді. Қазір ауа ластанып бара жатыр. Көлік көбейіп кетті, пластиктер жан-жақта шашылып жатыр. Олардың алдын алу үшін осындай сенбіліктер жиі өтіп тұрса екен", - дейді ол.
Алматы әкімдігі қажетті құрал-жабдықпен (қолғап, тырма, күрек,қап), көшетпен қамтамасыз етіп, акцияға қатысушыларға ас-су берді.
"Біз табиғатты қолдаймыз. Іс-шара өте керемет өтіп жатыр. Қоқыс тастамай жүрейік. Тазалықтың қадірін айналаны жинағанда біледі екенсің", - дейді Әлия, Мәншүк, Анела.
Мадина суретші. Бүгін саябақтағы осындай сенбіліктің болып жатқанына қуанышты екенін айтады.
"Бүгін саябақ өте қызық. Жастар көп. Бәрі көңілді. Айналаны жинап жүр. Бірақ, меніңше, экология проблемасын бұдан да үлкен жобаларды ұйымдастыру арқылы шеше аламыз", - дейді ол.
Назира жеке кәсіппен айналысады. Арнайы жобалармен жасайды.
"Мені алаңдататын Алматыдағы экология болатын. Бұл шаһар жаныма жайлы, өте ұнайды. Сенбілікті қолдап, қуана-қуана келдік", - дейді ол.
"Джулия" мюзиклі көпшіліктің көңілін көтеру үшін бірнеше ән орындады
"Керемет, тамаша акция! Әлемде экология мәселесі қаншалықты өзекті екенін бәріміз білеміз, бұл сүйікті қаламыз – Алматыға да қатысты. Бұл өте маңызды оқиға, біз Almaty Clean & Green акциясын тал егуден бастағанымызға қуаныштымын. Жас шыбықтың жайқалған ағашқа айналарына сеніміміз мол", - дейді "Джулия" мюзиклінің ұжымымен бірге акцияға қатысқан белгілі музыкант, A'Studio тобының продюсері Байғали Серкебаев.
Мерекелік көңіл-күй жасау үшін барлық аумақта жаттығу, йога, зумба, шеберлік дәрістері, флешмоб ұйымдастырып, байқау өткізіп, жүлделер берілді.
"Эко сенбіліп жақсы өтіп жатыр. Жастардың қызығушылығы жоғары. Жинайтын қоқыс көп болмаса да, өте көтереңкі көңіл-күймен жинап жатырмыз. Концерттік бағдарлама ұйымдастырып жатыр. Қала әкімінің өзі келіп, тал екті. Меніңше, бұл тазалыққа деген жақсы бастамалардың бірі деп ойлаймын", - дейді Жастар рухының өкілі Рауан.
Айта кетейік, жалпықалалық сенбілікті өткізуге "Posadiderevo.kz" РҚБ, ECONETWORK, Қазақстанның көгалдандырушылар қауымдастығы, "Спорттық туристер достастығы" ҚҰ, "Greenup.kz" ҚҚ мұрындық болған. Қоғамдық ұйымдар әлеуметтік желілерде акцияны заманауи форматта өткізуге шақырды.
Жалпықалалық сенбілік кезінде 15 мың м3 астам қоқыс жиналды
Экобелсенділер Түрксіб, Жетісу және Медеу ауданынында негізгі төрт орынды белгіледі. Қоғам белсенділерінің бастамасына аудандың әкімдіктер де атсалысып, өздерінің аумағында коммуналдық қызметпен бірлесіп, жергілікті жерде сенбілік өткізді. Акция барысында қаланың барлық ауданында 26 аумақ тазартылды.