Алматыдағы жаңа метро бекеттері қашан ашылады?

Алматыда жаңа "Қалқаман" метро бекеті жолаушыларды қашан қабылдайтыны белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қалқаман" бекеті қашан ашылады?

Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы мәліметінше, "Қалқаман" бекетінің жерасты бөлігіндегі негізгі жұмыстар аяқталған. Қазір мамандар іргелес аумақты абаттандырумен айналысып жатыр.

Дегенмен жаңа бекет тек 2026 жылдың аяғына қарай есігін айқара ашады. Іске қосар алдында мамандар іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізуге тиіс.

"Қалқаман" бекетінің құрылысына 67,8 миллиард теңге бөлінген.

Суреттер 2024 жылғы ақпанда түсірілген

Басқарма өкілдері қаржы бекітілген қаржыландыру жоспарына сәйкес, нақты орындалған жұмыс көлемі бойынша игеріліп жатқанын нақтылады.

"Қалқаман" бекеті ашылғаннан кейін ол метроның бірінші желісіндегі 12-станция болмақ. Қазір "Райымбек батырдан" "Бауыржан Момышұлына" дейінгі учаскеде 11 станция жұмыс істеп тұр, оның ұзындығы - 14,3 шақырым. Жаңа станция желіні тағы 2 шақырымға ұзартады.

Метро "Барлыққа" қашан жетеді?

Метроның бірінші желісі батысқа қарай, яғни "Қалқаманнан" "Барлық" көлік-ауысып міну торабына дейін жалғасады. Ұзындығы 5,3 шақырым болатын бұл учаскеде тағы 3 станция салу жоспарланған.

Қазір мамандар дайындық жұмыстарына кіріскен.

"Инженерлік желілерді көшіруге дайындық жұмыстары, сондай-ақ, қазаншұңқырды қазу басталды", - деп жазылған басқарма хабарламасында.

Алматы метрополитенінің ресми парақшасындағы бейнежазбада "Барлыққа" дейінгі учаскені 2029 жылы іске қосу жоспарланғаны айтылған.

Әуежайға дейінгі метро

Метроның екінші желісі "Жібек жолы" станциясын Алматы әуежайымен байланыстыруға тиіс. Ол 14 шақырымға созылып, 8 станцияны қамтиды.

Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленгенін хабарлады. Ол 2026 жылғы 14 шілдеде мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған.

"Келесі кезең - жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өту. Метроның екінші желісінің құрылысын 2027 жылы бастау жоспарланып отыр", - деп мәлімдеді басқармадағылар.

Метрополитеннің ресми парақшасындағы бейнежазбада желіні 2032 жылы іске қосу жоспарланғаны айтылады.

Метроның үшінші желісі туралы не белгілі?

Сонымен қатар, Алматыда метроның үшінші желісінің жобасы дайындалып жатыр. Ол Алатау қаласы мен Gate City ауданын қазіргі бірінші желінің "Сайран" станциясымен байланыстырады.

Басқарма мәліметінше, бұл желінің ұзындығы 22 шақырым болады. Онда 14 станция салу жоспарланып отыр.

"Метрополитеннің үшінші желісін салу жобасы техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу және мемлекеттік сараптамадан өтуге дайындық сатысында тұр", - деді басқарма өкілдері.

Осылайша Алматының 2040 жылға дейінгі Бас жоспары жобасына сәйкес қала метросын айтарлықтай кеңейту көзделіп отыр. 

Бірінші желі (қызыл): вокзалдан базарға дейін

Қазір метроның бірінші желісі "Бауыржан Момышұлынан" "Райымбек батырға" дейін жалпы ұзындығы 14,3 шақырым болатын 11 станциядан тұрады. Болашақта ол екі бағытта да ұзартылады:

Батысқа қарай: салынып жатқан "Қалқаман" станциясынан "Барлық" базарына дейін тағы үш станция жоспарланып отыр. 

Солтүстікке қарай: "Райымбек батыр" станциясынан бастап Алматы-1 вокзалына дейін созылады. Бұл тағы бес станция (7,7 шақырым) қосады.

Нәтижесінде бірінші желідегі станциялар саны 20-ға дейін артып, оның ұзындығы 29,2 шақырымға жуықтамақ.

Алматы метросының болашақ желілерінің схемасы/Сурет қаланың Бас жоспарының таныстырылымында түсірілген / 2025 жылғы желтоқсан

Екінші желі (көгілдір) 

Екінші желі Алматының метро жүйесіндегі ең ауқымды желі болуы мүмкін. Жоба бойынша оның ұзындығы шамамен 76,6 шақырым болып, станциялар саны 42-ге жетеді.

Маршрут: желі мегаполистің батыс және шығыс бөліктерін қосуды жоспарлап отыр. "Барлық" базары аумағынан бастап ірі магистральдар бойымен өтіп, кейін солтүстікке қарай Алматы-1 вокзалына, одан әрі Алматы халықаралық әуежайына қарай бағытталады. Сақинаның оңтүстік бөлігі әл-Фараби даңғылы мен Тимирязев көшесі бойындағы тұрғын аудандарды қамтиды.

Бірінші кезең: қолданыстағы "Жібек жолы" станциясынан әуежайға дейін. Ұзындығы шамамен 14 шақырым болатын бұл аумақта 8 станция орналастыру жоспарланған.

Алматы метросының болашақ желілерінің схемасы/Сурет қаланың Бас жоспарының таныстырылымында түсірілген / 2025 жылғы желтоқсан

Үшінші желі (жасыл): Алатау қаласына дейін

Жаңа тармақ қаланың оңтүстік аудандарын солтүстікпен байланыстырмақ.

Маршрут: желі "Қазақфильм" ауданынан басталып, "Сайран" станциясы арқылы өтіп, солтүстікке, яғни салынып жатқан Алатау қаласына қарай бағытталады.

Масштаб: желінің жалпы ұзындығы - 28 шақырым, оның бойында 17 станция салу жоспарланған. Жоспарға сәйкес 17 станцияның екеуі Алатау аумағында орналасады.

Айта кетейік, Алматы метрополитені - Қазақстандағы алғашқы және әзірге жалғыз метрополитен. Ол 2011 жылы 1 желтоқсанда ашылған болатын.

Метро іске қосылған сәттен бастап 83 миллионнан аса жолаушы тасымалданған. Жолаушылар саны жыл сайын шамамен 10 пайызға артып келеді.



Бөлісу: