Алматыда заңсыз ірі нысан сүріліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сот шешіміне сәйкес Таугүл-3 шағынауданы Бекет Ата көшесі, 46 мекенжайында орналасқан екі қабатты ғимаратты бұзу жұмыстары басталды. Бұл туралы Алматының Қала құрылысын бақылау басқармасы мәлімдеді.
"Нысанның иесі, яғни жеке тұлға құрылысты рұқсатсыз жүргiзген. Басқарма тарапынан әкімшілік шаралар қолданылып, заңбұзушылықты жою туралы нұсқау берілді", - деп жазылған әкімдік хабарламасында.
Бұл іс сотқа жолданған. 2025 жылы 20 қарашада Әуезов аудандық сотының шешімімен Қала құрылысын бақылау басқармасының талаптары қанағаттандырылды.
Сот шешімін орындау мақсатында нысанды меншік иесі өзі бұза бастаған.