Алматыда танымал парктің орнына тұрғын үй кешені салынатыны рас па? Әкімдік нүктесін қойды

Алматыда танымал парктің орнына тұрғын үй кешені салынатыны рас па? Әкімдік нүктесін қойды

Алматы әкімдігі Family Park аумағында тұрғын үй кешені немесе өзге де нысандар салу жоспарланбағанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Бұған дейін бірқатар бұқаралық ақпарат құралы мен әлеуметтік желіде "Family Park аумағына тұрғын үй кешені немесе өзге де құрылыс нысандары салынады" деген ақпарат тараған еді.

Желі қолданушылары бұл жаңалыққа қарсы шықты. Пікір білдіргендер арасында паркті жаңғырту керек екенін айтқандар да табылды:

"Паркке тиіспеңіздер, отбасымызбен, бала-шағамызбен уақыт өткізуге жақсы жер", "Паркке тимеңіздер! Отбасылық демалысқа жақсы жер", "Паркті сақтап қалу керек", "Тағы бір көп қабатты үй салайын деген секілді".

Threads желісінен

Әкімдік не дейді?

Алматы әкімдігі мәліметінше, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды.

"Алматы қаласының қолданыстағы Бас жоспары мен жоспарлау жобасына сәйкес Family Park аумағы қоғамдық рекреациялық кеңістік, яғни саябақ ретінде белгіленген. Оның нысаналы мақсатын өзгерту көзделмеген. Family Park тұрғындар мен қала қонақтарының демалысына арналған саябақ ретіндегі мәртебесін сақтайды. Қазір тек аумақты тікелей мемлекеттік басқаруға қайтарып, оны кешенді түрде қайта жаңғырту, көріктендіру және жаңғырту мәселесі қарастырылып жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Әкімдік дерегіне сүйенсек, нысанды ұзақ жыл бойы пайдаланған жалға алушы саябақты күтіп-ұстау мен дамыту жөніндегі міндетін тиісті деңгейде орындамаған, инфрақұрылымға инвестиция салмаған.

"Соның салдарынан саябақтың жағдайы едәуір нашарлаған. Бүгінде саябақтың инженерлік және демалыс инфрақұрылымын жаңарту, тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз әрі қолжетімді орта қалыптастыру, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін толық кедергісіз орта жасау қажет", - деді әкімдік өкілдері.

Осылайша әкімдік негізгі мақсат Family Park-ті қоғамдық демалыс кеңістігі ретінде сақтап қана қоймай, оны жаңғырту екенін мәлімдеді.

Суреттер: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі