Алматыда Республика күніне арналған дрондар шоуы ерекше әсер қалдырды

Алматыда Республика күніне арналған дрондар шоуы ерекше әсер қалдырды

Алматыда Республика күніне орай Республика Сарайы алдындағы Абай атындағы алаңда 500-ден астам дрон әуеге көтеріліп, тамашалауға келген көпшілікті таңғалдырды. Жарқыраған аспанда ұлттық мәдениеттің символдары мен ел тарихындағы маңызды сәттер бейнеленіп, көрермендер үшін ерекше әсерлі кеш болды. Massaget.kz тілшісі оқиға орнында болып келді.

Бүгін, 25 қазан күні сағат 21:00-де Алматының аспаны жарқыраған жарықтармен көмкерілді. Республика күніне арналған бұл дрондар шоуы көпшілік үшін шынайы мереке болды. 500-ден астам дрон синхронды түрде аспанға көтеріліп, біртұтас ансамбльге айналып, ұлттық мәдениеттің айқын белгілерін, дәстүрлі ою-өрнектер мен тарихи сәттерді бейнеледі. Дрондар қозғалысының әрбір сәті музыкалық әуендермен үйлесіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Қала тұрғындары мен қонақтары Қазақстан картасын, аңызға айналған Алтын Адамды, ноталар мен домбыраны, көк байрағымызды, Алматының бірегей флорасының символы — қызғалдақты, күш пен бостандықты бейнелейтін керемет қар барысын және Алматы алмасы - апортты, қаланы көрнекті ғимараттары мен тауларын қызықтады.

 

Көрермендер арасында отбасылар көп болды – ата-аналар балаларымен бірге кешкі Алматының салқын ауасында әсерлі көріністі тамашалады. Кейбіреулер шараның әр сәтін бейнежазбаға түсіріп жатса, енді біреулері таңданыспен көкке қарады. Бұл шоу көпшілік үшін тек көрініс емес, ұлттық бірлік пен мақтаныштың символына айналғандай. Шараға жиналған жұрт бір сәтке тыныштықта қимылсыз қалды, олардың жүздерінде шынайы қуаныш пен мақтаныш байқалды.

 

 

Шоу аяқталғаннан кейін де көпшілік бір-бірімен әсерлерімен бөлісіп жатты. Бұл Республика күніне арналған кеште аспанға көтерілген дрондар әрбір көрерменнің жүрегіне ерекше сезім сыйлап, бірлік пен қуаныштың символына айналды.