Елестетіп көріңізші, алматылықтар бір тұрғын үй кешенінің немесе тіпті бір ғимараттың ішінде барлық керек нәрсе қамтылған шағын қалаларда тұрады: балабақшадан бастап спортзал мен ауруханаға дейін бар, ал қалдықтың бәрі энергия ретінде өңделеді. Тұрғындар магниттік көлікпен қатынайды. Бұл фантастика секілді естіледі, бірақ әлемдегі кейбір қалалар қазірдің өзінде осындай технологияларды енгізіп жатыр. Алматының болашағы қандай? Tengrinews.kz сарапшылармен бірге қаланы дамытудың үш сценарийін көрсеткен: фантастикалық, оптимистік және шынайы. Толығырақ Massaget.kz тілшісі материалында.
Кейінгі 15 жылда Алматының халқы екі есеге жуық өскен. 2010 жылы 1 390 610 тұрғын тұрса, 2025 жылдың басындағы халық саны - 2 292 055. Бұл - Ұлттық статистика бюросының дерегі, халық саны бойынша нақты көрсеткіш бұдан көп болуы да мүмкін.
Сауалнамаға қатысқан жергілікті тұрғындардың басым көпшілігі Алматыда халық көп екенін айтқан, олар бұл сөзін растау үшін мынадай дәлелдер келтірген: үнемі кептеліс, қоғамдық көліктегі көп адам, балабақшалар мен мектептерде орын жетпеуі. Бұл жайттар қалалық әкімдіктің, білім беру, денсаулық сақтау саласындағы басқа да ведомстволардың ресми статистикаларымен расталады.
Сандарға сүйенсек, онда бір парадоксты байқауға болады. Халық тығыздығының нақты көрсеткіші бойынша Алматыда шамадан тыс жүктеме жоқ: бір шаршы шақырымға 3350 адам. Жақын көршілердің ішінен Ташкентте халықтың тығыздығы әлдеқайда жоғары: бір шаршы шақырымға сегіз мыңға жуық адам (жалпы үш миллионға жуық тұрғыны бар), бұл тұста Токио (бір шаршы шақырымға 6500 адам), Нью-Йорк (10 мың) және Парижді (20 мың) айтпауға да болады.
Сарапшылар мәселе халықтың көптігінде емес екенін айтады, мәселе әлсіз инфрақұрылым мен алматылықтардың біркелкі қоныстанбауында екен. Сәулетші әрі урбанист Владислав Филатов қала біртіндеп дамымағандықтан осылай болды деп санайды.
Маманның пікірінше, инфрақұрылым біркелкі дамымауы Алматы қала болып қалыптасқалы жедел дамып, 150 жыл ішінде ауылдан мегаполиске айналған кезде еңсеру мүмкін емес үлкен жолдан өткенінен туындаған.
"Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қаламыз индустриалды түрде дами бастады, нәтижесінде құрылыс жеделдеді, бірақ басқа да көптеген сын-қатер туды: инфрақұрылым бұған ілесе алмады".
Редакция екі суретті зерттеуді ұсынған. Біріншісі - 1931 жылы Кіші Станица деп аталатын ауданда (қаланың шығыс бөлігі) түсірілген мұрағат суреті, онда қасиетті Қазан соборы және оның айналасындағы тұрғын үйлер көрінеді.
Екіншісі - 2025 жылғы мамырдағы иллюстрация, жердің спутниктен суреттерін сақтайтын онлайн-қызмет Google Earth скриншоты. Онда қаланың сол ауданы (Кіші Станица) және сол ғимарат көрінеді. Бұл екі сурет - қала 100 жыл ішінде қалай өзгергені туралы көрнекі иллюстрация.
Владислав Филатовтың сөзінше, Алматы кеңеюіне байланысты көші-қон мен кептеліс мәселелері де туындаған.
Анықтама: маятниктік көші-қон – тұрғылықты жері мен жұмыс немесе оқу орны арасындағы адамдардың күнделікті қозғалысын білдіретін термин. Ол халықтың тұрғылықты жері мен жұмыс орны бірдей емес екенінен, бір-бірінен алыс орналасқанынан туындайды. Маятниктік көші-қон мегаполистердегі қала маңы мен агломерацияларға тән.
Урбанист Алматы шекарасына кіретін аумақтар да тығыз болуы керек деп санайды. Әйтпесе инфрақұрылым сапасының теңсіздігі, инклюзивтілік жетіспеуі, үзілген байланыстар секілді мәселелер шығары сөзсіз.
2070 жыл. Алматы "ақылды" мегаполиске айналған:
Мұндай нәрселер болашақта, тіпті 45 жылдан кейін де емес, бірнеше ғасырдан кейін болатындай көрінеді. Бірақ әлемде қазірдің өзінде осы технологиялардың бір бөлігі қолданылып жатыр. Алғашқы магниттік жол (маглев) 1984 жылы Германияның Эмсланд қаласында салынған. Ол сынақ режимінде салынған. Оның ұзындығы 30 шақырымнан сәл асқан. Пойыздар басқару пульті арқылы басқарылған. Тікелей учаскедегі сынақ кезінде максималды жылдамдық сағатына 501 шақырым болған. Маглевті пайдалануға лицензия 2011 жылы аяқталды, кейін жол жабылды. Бірақ ол басқа жерде пайдаланылуы мүмкін.
Басқа елдерде де магниттік көлікке ұқсас эксперименттік жобалар болған. 1984 жылдан 1995 жылға дейін маглев Ұлыбританияда, Бирмингем әуежайынан ең жақын теміржол вокзалына дейін жүрді. Бірақ қолайсыздыққа байланысты жабылды.
Ал Қытайда мұндай көлік қазірдің өзінде коммерциялық мақсатта пайдалынылады. Ол Шанхайда Пудун әуежайынан бірінші метро станциясына дейін жұмыс істейді. 2004 жылы ашылған. Бұл - жоғары жылдамдықтағы магниттік жол: пойыздың максималды жылдамдығы - сағатына 431 шақырым, ұзындығы - 30 шақырым, жол жүру уақыты - 10 мин. Жол жүру құны - 50 юань (шамамен 3,5 мың теңге). Қытайдың басқа қалаларында да маглев бар.
Экологиялық қалалар туралы айтар болсақ, олар да қазірдің өзінде бар немесе белсенді түрде әзірленіп жатыр.
Еуропаның ең танымал экоқаласы - Даниядағы Nye ("Жаңа" деп аударылады). Ол елдің екінші үлкен қаласы Орхус қаласының маңында орналасқан. Nye-нің барлық жері - жасыл аймақ, үйлері табиғатта орналасқан. Мұнда көлікпен жете аласыз, бірақ көлікпен аумаққа кіре алмайсыз, жеке көлікті қала сыртындағы автотұрақта қалдыру керек. Қала ішінде тек велосипедпен немесе жаяу жүруге болады. Сондай-ақ, Nye-де орталықтандырылған қайталама сумен жабдықтау жүйесі әзірленген: бүкіл қаладан жиналған су (соның ішінде жаңбыр суы да бар) арнайы сүзгілерде тазартылады, содан кейін дәретханаларды жуу, кір жуу және басқа да тұрмыстық қажеттіліктер үшін бөлек құбырға жіберіледі.
Nye - бірнеше даму кезеңінен өтіп жатқан жоба. Бірінші кезек құрылыста: бұл - шамамен 650 үйдің, мекемелердің және азық-түлік дүкендерінің құрылысы. Ол 2016 жылы басталған, ал алғашқы тұрғындар 2018 жылы қоныс тойын тойлады. Қаланың сайтынан жылжымайтын мүлікті сатып алуға немесе жалға алуға болады. Мысалы 138 шаршы метрлік үй 4 650 000 дат кронына (шамамен 360 миллион теңгеге) сатылады.
Nye толығымен салынған кезде онда шамамен 15 мың адам тұрады.
50 мың тұрғынға арналған болашақтың экоқаласының тағы бір жобасы – Араб Әмірліктеріндегі Масдар (араб тілінен аударғанда - "Қайнар"). Оны шөлдегі оазис деп те атайды. Жоба астанадан 17 шақырым жерде орналасқан, ол Абу-Даби үкіметінің бастамасымен жүзеге асырылып жатыр.
Жоспар бойынша Масдар күн энергиясы мен басқа да жаңартылатын энергия көздері есебінен жұмыс істейтін, қалдықтарды толық қайта өңдеу жүйесі және көмірқышқыл газының ең аз шығарындылары бар әлемдегі алғашқы қала болады. Сондай-ақ, қалада жеке көліктерге тыйым салынады деп жоспарланып отыр. Оның айналасына желден қорғау үшін үлкен қабырға тұрғызылады.
Жоба 2006 жылы басталды, бірінші кезең 2009 жылға дейін аяқталуы керек еді, бірақ жаһандық қаржылық дағдарысқа байланысты кейінге шегерілді. Нәтижесінде ол шамамен 19 жыл бойы жүзеге асырылып келеді, құны 22 миллиард доллар болады. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, ғимараттардың бір бөлігі тұрғызылған, 2023 жылға қарай мұнда 15 000 адам тұрып, жұмыс істеген, бірақ олардың үштен бірі ғана тұрақты масдарлықтар болған.
2050 жыл. Алматы - ғажайып технологиясыз-ақ тұрақты дамып келе жатқан, қала тұрғындары үшін ыңғайлы, инфрақұрылым мәселелерін барынша шешкен жасыл қала:
Бұл сценарий сарапшылармен әңгімелесу арқылы, әлемдік тәжірибені және жасанды интеллект идеяларын зерттеу негізінде дайындалған.
Урбанист Владислав Филатовтың пікірінше, тұрғын үй кешендері (ТК) қаладағы жағдайды айтарлықтай нашарлатады. Оның айтуынша, пандемия қалаға негізгі жүктеме оның инфрақұрылымын пайдаланатын, бірақ онда тұрмайтын адамдардан келетінін көрсеткен. Ал кептеліс басқа облыстарда тіркелген көліктерден туындайды, бұл адамдар күн сайын қалаға ақша табуға келеді.
Urban Forum Kazakhstan қоғамдық қорының сарапшысы Диас Маратұлы Алматы қарқынды дамып келе жатқанына дән риза. Оның айтуынша, қазіргі заманда адами ресурстар, кәсіпорындар, капитал үшін қалалар арасында бәсекелестік жүріп жатыр және тек Астана мен Шымкент арасында емес, Бішкекпен, Ташкентпен, Бакумен және елдің, тіпті әлемнің басқа да қалаларымен бәсекелесуге тура келеді. Осы алаңдағы ойыншы ретінде Алматыға бизнес пен ірі компаниялардың кеңселері ашылып, үздік мамандар жұмыс істеуі үшін келгені келгені әлдеқайда тиімді. Тек жағдай жасау керек. Диас Маратұлы қарапайым, бірақ естеқаларлық мысал келтірді: елде сәби көп дүниеге келсе, балабақшалар мен мектептер жетіспейді. Бірақ адамдарға босануға тыйым салу, перзентхананы жабу ақымақтық емес пе? Оның орнына балалар мекемелерін салып, инфрақұрылымды жолға қою қажет. Сондықтан сарапшы Алматыға шеттен келген адамдардың кіруіне тыйым салу (ақылы кіру) немесе құрылысты шектеу сияқты шараларға үзілді-кесілді қарсы.
2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қалада бір уақытта 148 тұрғын үй кешені салынған. Бұл көп пе, әлде аз ба? Бұл Алматы үшін жақсы ма, жаман ба?
"Көп үй салынып жатқаны мәселе емес. Мәселе қалай жасалып жатқанында. Өкінішке қарай, қазір қаланың шетінде көптеген жаңа тұрғын үй салынып жатыр. Қала жыл сайын ұлғайып келеді. Теорияға қарасақ, қалалар екі жолмен өседі: кең немесе қарқынды. Біз жүріп жатқан жол - қаланың орталық бөлігінде құрылысты толығымен шектеу. Орталықта қазір салынып жатқан бірде-бір тұрғын үй кешені жоқ. Ол жерлерде де кеңейтуге болатын орындар бар: жеке сектор, кейбір ескі үйлер және т.б. Бірақ қазір бұл учаскелерді игерудің орнына қала кеңейтіліп жатыр", - дейді сарапшы.
Диас Маратұлы бұл дамудың ең тиімді жолы емес екеніне сенімді: қала географиялық жағынан неғұрлым үлкен болса, тұрғындарға қашық бола түседі, кептеліс соғұрлым көп болады және жолға көп уақыт кетеді, сәйкесінше жанармай көп жағылады, ал экология нашарлайды.
"Алматының шекарасы кеңеюін тоқтатса, мен үшін тамаша сценарий болар еді", - деді сарапшы.
Диас Маратұлы "әл-Фарабидегі барлық жолайрық алып тасталса, осы даңғылдың ортасында жүрдек трамвай жүрсе, адамдар аялдамаларда түсіп, көшені кесіп өтсе жақсы болар еді" дейді.
"Қаланың көшесі сияқты, бірақ мүлдем қала көшесіне ұқсамайды. Оны ешбір жерден кесіп өту мүмкін емес. Ол қаланы бітеп тастайды, сол жерде құдды өзен ағып жатқан сияқты. Бірақ бұл өзен қалаға көмектеспейді, керісінше шу шығарады, бәрін бұзады. Әлемде бәрі жеке көлікпен жүрген кезде кептеліс мәселесін шеше алатын бірде-бір қала жоқ. Қаланың міндеті - адам А нүктесінен В нүктесіне дейін көлікпен мүмкіндігінше тез жетуі емес, ол жай ғана сонда жетсе болғаны. Сондықтан кептеліс мәселесін адам кез келген жерге көліксіз жететіндей етіп шеше аламыз. Скутер, велосипед, трамвай, автобус қолданып болсын, қалағаныңызға қарай".
Оптимистік сценарийде қалада қозғалыс жылдамдығы сағатына 30 шақырымға дейін шектеледі, тек 50-ге дейін рұқсат етілетін үлкен көшелерді қоспағанда. Қала ішіндегі жолайрықтар алып тасталған. Көлікпен жүру өте қымбат. Кез келген адам қаланың әр бұрышына тез жете алады. Ауысып отырса да, ол өте ыңғайлы және бір билетпен жүре беруге болады. Алматылықтар аялдамада сағаттап күтпейді, кейін кісі лық толы автобусқа кіруге тырыспайды. Қоғамдық көліктің нақты кестесі бар. Велосипед жолдары салынған, қаланың кез келген жеріне велосипедпен немесе самокатпен жетуге болады, бірақ тротуарда біреуді қағып кететіндей қауіп болмайды. Қала бойынша заманауи трамвайлар іске қосылған.
"Мұндай кезде бұған қарсы адамдар "сондай қоғамдық көлікті жасасаңыздар, жолайрықтарды алып тастап, содан кейін бізді шектеңіздер" деп айтатынын ескеру маңызды. Бірақ бұл басқаша жұмыс істейді: жеке көліктің "өмірін" қиындата отырып, қоғамдық көліктің "өмірін" жақсартамыз", - дейді Маратұлы.
Сондай-ақ, оптимистік сценарийге адамдарды әуе арқылы тасымалдайтын Urban Air Mobility көлігін дамыту кіруі мүмкін. Бұл фантастика емес. Қазақстанда бұл жүйені енгізу талқыланып жатыр.
2040 жыл. Алматы - ыңғайлы, инфрақұрылымы жақсарған, мәселелері шешіліп жатқан қала:
Бұл сценарий үнемі талқыланады, тіпті Бас жоспарда және қаланы дамытудың басқа құжаттарында да жазылған. Қала тұрғындары да осындай сценарийді жүзеге асыруға көмектесе алады.