Алматыда халық саны тым көп пе? Қаланы дамытудың үш сценарийі

Алматыда халық саны тым көп пе? Қаланы дамытудың үш сценарийі

Елестетіп көріңізші, алматылықтар бір тұрғын үй кешенінің немесе тіпті бір ғимараттың ішінде барлық керек нәрсе қамтылған шағын қалаларда тұрады: балабақшадан бастап спортзал мен ауруханаға дейін бар, ал қалдықтың бәрі энергия ретінде өңделеді. Тұрғындар магниттік көлікпен қатынайды. Бұл фантастика секілді естіледі, бірақ әлемдегі кейбір қалалар қазірдің өзінде осындай технологияларды енгізіп жатыр. Алматының болашағы қандай? Tengrinews.kz сарапшылармен бірге қаланы дамытудың үш сценарийін көрсеткен: фантастикалық, оптимистік және шынайы. Толығырақ Massaget.kz тілшісі материалында.

Қала "жарылғалы тұр ма?"

Кейінгі 15 жылда Алматының халқы екі есеге жуық өскен. 2010 жылы 1 390 610 тұрғын тұрса, 2025 жылдың басындағы халық саны - 2 292 055. Бұл - Ұлттық статистика бюросының дерегі, халық саны бойынша нақты көрсеткіш бұдан көп болуы да мүмкін.

Сауалнамаға қатысқан жергілікті тұрғындардың басым көпшілігі Алматыда халық көп екенін айтқан, олар бұл сөзін растау үшін мынадай дәлелдер келтірген: үнемі кептеліс, қоғамдық көліктегі көп адам, балабақшалар мен мектептерде орын жетпеуі. Бұл жайттар қалалық әкімдіктің, білім беру, денсаулық сақтау саласындағы басқа да ведомстволардың ресми статистикаларымен расталады.

©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

Сандарға сүйенсек, онда бір парадоксты байқауға болады. Халық тығыздығының нақты көрсеткіші бойынша Алматыда шамадан тыс жүктеме жоқ: бір шаршы шақырымға 3350 адам. Жақын көршілердің ішінен Ташкентте халықтың тығыздығы әлдеқайда жоғары: бір шаршы шақырымға сегіз мыңға жуық адам (жалпы үш миллионға жуық тұрғыны бар), бұл тұста Токио (бір шаршы шақырымға 6500 адам), Нью-Йорк (10 мың) және Парижді (20 мың) айтпауға да болады.

Сарапшылар мәселе халықтың көптігінде емес екенін айтады, мәселе әлсіз инфрақұрылым мен алматылықтардың біркелкі қоныстанбауында екен. Сәулетші әрі урбанист Владислав Филатов қала біртіндеп дамымағандықтан осылай болды деп санайды.

Алматы қалай дамыды?

Маманның пікірінше, инфрақұрылым біркелкі дамымауы Алматы қала болып қалыптасқалы жедел дамып, 150 жыл ішінде ауылдан мегаполиске айналған кезде еңсеру мүмкін емес үлкен жолдан өткенінен туындаған.

"Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қаламыз индустриалды түрде дами бастады, нәтижесінде құрылыс жеделдеді, бірақ басқа да көптеген сын-қатер туды: инфрақұрылым бұған ілесе алмады".

Редакция екі суретті зерттеуді ұсынған. Біріншісі - 1931 жылы Кіші Станица деп аталатын ауданда (қаланың шығыс бөлігі) түсірілген мұрағат суреті, онда қасиетті Қазан соборы және оның айналасындағы тұрғын үйлер көрінеді.

Екіншісі - 2025 жылғы мамырдағы иллюстрация, жердің спутниктен суреттерін сақтайтын онлайн-қызмет Google Earth скриншоты. Онда қаланың сол ауданы (Кіші Станица) және сол ғимарат көрінеді. Бұл екі сурет - қала 100 жыл ішінде қалай өзгергені туралы көрнекі иллюстрация.

Владислав Филатовтың сөзінше, Алматы кеңеюіне байланысты көші-қон мен кептеліс мәселелері де туындаған.

Анықтама: маятниктік көші-қон – тұрғылықты жері мен жұмыс немесе оқу орны арасындағы адамдардың күнделікті қозғалысын білдіретін термин. Ол халықтың тұрғылықты жері мен жұмыс орны бірдей емес екенінен, бір-бірінен алыс орналасқанынан туындайды. Маятниктік көші-қон мегаполистердегі қала маңы мен агломерацияларға тән.

Урбанист Алматы шекарасына кіретін аумақтар да тығыз болуы керек деп санайды. Әйтпесе инфрақұрылым сапасының теңсіздігі, инклюзивтілік жетіспеуі, үзілген байланыстар секілді мәселелер шығары сөзсіз.

Мәселелерді қалай шешуге болады? Үш сценарий

Қаланы дамытудың фантастикалық сценарийі

2070 жыл. Алматы "ақылды" мегаполиске айналған:

  • Халық ішінде балабақшадан бастап спортзал мен ауруханаға дейін барлық жағдайы бар экоқалаларда тұрады.
  • Экоқала - жабық жүйе: мұнда жұмыс таба аласыз және өмір сүру үшін қажет нәрсенің бәрі бар, ол үшін мегаполистің басқа бөлігіне барудың қажеті жоқ.
  • Мұнаралы үйлер жер сілкінісіне төзімді.
  • Бұл эко-қалалардың тұрғын үйлерінің балкондары мен шатырларында эко жемістер мен көкөністерді өсіруге арналған бақтар мен фермалар бар. Үйлердің қасбеттеріндегі панельдер күн мен жел энергиясын жинайды, ғимарат су мен қалдықтарды қайта өңдейді.
  • Коммуналдық қызметтер жасанды интеллект арқылы басқарылады, ол апаттарды болжап, оларды шағым түскенге дейін жояды.
  • Барлық қалалық инфрақұрылым кванттық есеп арқылы жұмыс істейтін бірыңғай цифрлық ядроға қосылған: ТКШ-дан бастап білім беруге дейінгі процестер басқарылады.
  • Орталық аудандардағы ылғал мен температураны реттейтін, жылу мен шаңнан қорғайтын климаттық бақылау жүйелері құрылған.
  • Биоинженерлік әдістер жаңбыр суын жинауға және оны қалалық саябақтардағы сүзгілер арқылы тазартуға мүмкіндік береді.
  • Адамдар жеке көліктен мүлдем бас тартқан. Дамыған қоғамдық көлігі бар көше қозғалысының көп деңгейлі жүйесі құрылған: жер астында - маглев-метро ("магниттік левитация" тіркесінен шыққан), жер үстінде - жасыл аймақтар мен жаяу жүргіншілер аллеялары.
  • Алматының бұрынғыдай түтіні жоқ.
  • Таулардың беткейлері табиғи ортаны урбанистикамен біріктіретін тік рекреациялық аймақтар ретінде қала құрылысына біріктірілген.
  • Адамдардың көпшілігі спутник қалаларда тұрады, олар да Алматы сияқты "ақылды" қалалар.

Мұндай нәрселер болашақта, тіпті 45 жылдан кейін де емес, бірнеше ғасырдан кейін болатындай көрінеді. Бірақ әлемде қазірдің өзінде осы технологиялардың бір бөлігі қолданылып жатыр. Алғашқы магниттік жол (маглев) 1984 жылы Германияның Эмсланд қаласында салынған. Ол сынақ режимінде салынған. Оның ұзындығы 30 шақырымнан сәл асқан. Пойыздар басқару пульті арқылы басқарылған. Тікелей учаскедегі сынақ кезінде максималды жылдамдық сағатына 501 шақырым болған. Маглевті пайдалануға лицензия 2011 жылы аяқталды, кейін жол жабылды. Бірақ ол басқа жерде пайдаланылуы мүмкін.

Басқа елдерде де магниттік көлікке ұқсас эксперименттік жобалар болған. 1984 жылдан 1995 жылға дейін маглев Ұлыбританияда, Бирмингем әуежайынан ең жақын теміржол вокзалына дейін жүрді. Бірақ қолайсыздыққа байланысты жабылды.

Ал Қытайда мұндай көлік қазірдің өзінде коммерциялық мақсатта пайдалынылады. Ол Шанхайда Пудун әуежайынан бірінші метро станциясына дейін жұмыс істейді. 2004 жылы ашылған. Бұл - жоғары жылдамдықтағы магниттік жол: пойыздың максималды жылдамдығы - сағатына 431 шақырым, ұзындығы - 30 шақырым, жол жүру уақыты - 10 мин. Жол жүру құны - 50 юань (шамамен 3,5 мың теңге). Қытайдың басқа қалаларында да маглев бар.

Шанхайдағы маглев, сурет: Alex Needham.

Экологиялық қалалар туралы айтар болсақ, олар да қазірдің өзінде бар немесе белсенді түрде әзірленіп жатыр.

Еуропаның ең танымал экоқаласы - Даниядағы Nye ("Жаңа" деп аударылады). Ол елдің екінші үлкен қаласы Орхус қаласының маңында орналасқан. Nye-нің барлық жері - жасыл аймақ, үйлері табиғатта орналасқан. Мұнда көлікпен жете аласыз, бірақ көлікпен аумаққа кіре алмайсыз, жеке көлікті қала сыртындағы автотұрақта қалдыру керек. Қала ішінде тек велосипедпен немесе жаяу жүруге болады. Сондай-ақ, Nye-де орталықтандырылған қайталама сумен жабдықтау жүйесі әзірленген: бүкіл қаладан жиналған су (соның ішінде жаңбыр суы да бар) арнайы сүзгілерде тазартылады, содан кейін дәретханаларды жуу, кір жуу және басқа да тұрмыстық қажеттіліктер үшін бөлек құбырға жіберіледі.

Nye қаласы. Nye.dk ресми сайтынан алынған сурет

Nye - бірнеше даму кезеңінен өтіп жатқан жоба. Бірінші кезек құрылыста: бұл - шамамен 650 үйдің, мекемелердің және азық-түлік дүкендерінің құрылысы. Ол 2016 жылы басталған, ал алғашқы тұрғындар 2018 жылы қоныс тойын тойлады. Қаланың сайтынан жылжымайтын мүлікті сатып алуға немесе жалға алуға болады. Мысалы 138 шаршы метрлік үй 4 650 000 дат кронына (шамамен 360 миллион теңгеге) сатылады.

Nye.dk сайтынан скриншот

Nye толығымен салынған кезде онда шамамен 15 мың адам тұрады.

50 мың тұрғынға арналған болашақтың экоқаласының тағы бір жобасы – Араб Әмірліктеріндегі Масдар (араб тілінен аударғанда - "Қайнар"). Оны шөлдегі оазис деп те атайды. Жоба астанадан 17 шақырым жерде орналасқан, ол Абу-Даби үкіметінің бастамасымен жүзеге асырылып жатыр.

Жоспар бойынша Масдар күн энергиясы мен басқа да жаңартылатын энергия көздері есебінен жұмыс істейтін, қалдықтарды толық қайта өңдеу жүйесі және көмірқышқыл газының ең аз шығарындылары бар әлемдегі алғашқы қала болады. Сондай-ақ, қалада жеке көліктерге тыйым салынады деп жоспарланып отыр. Оның айналасына желден қорғау үшін үлкен қабырға тұрғызылады.

"Масдар" қаласының жобасы. Fosterandpartners.com сайтынан

Жоба 2006 жылы басталды, бірінші кезең 2009 жылға дейін аяқталуы керек еді, бірақ жаһандық қаржылық дағдарысқа байланысты кейінге шегерілді. Нәтижесінде ол шамамен 19 жыл бойы жүзеге асырылып келеді, құны 22 миллиард доллар болады. Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, ғимараттардың бір бөлігі тұрғызылған, 2023 жылға қарай мұнда 15 000 адам тұрып, жұмыс істеген, бірақ олардың үштен бірі ғана тұрақты масдарлықтар болған.

Қаланы дамытудың оптимистік сценарийі

2050 жыл. Алматы - ғажайып технологиясыз-ақ тұрақты дамып келе жатқан, қала тұрғындары үшін ыңғайлы, инфрақұрылым мәселелерін барынша шешкен жасыл қала:

  • Қоғамдық көлік жаңғыртылған: ол енді ыңғайлы және кісі қарасы көп емес, трамвайлар мен BRT іске қосылған, электр автобустары жүреді, жеке көлік үшін қозғалыс жылдамдығы шектеулі.
  • Ескі үйлерден көшіру бағдарламасы жүзеге асырылған, жаңартылып жатыр, әлеуметтік инфрақұрылым, мектептер, ауруханалар, балабақшалар салынған, құрылысқа деген көзқарас өзгерген.
  • Urban Air Mobility жүйесі дамып келеді: ол - адамдарды әуе арқылы тасымалдайтын көлік.
  • Әр ауданның өз инфрақұрылымы бар (өмір сүруге қажет барлық нәрсе), ішінде жұмыс орындары да құрылған.
  • Ескі коммуникацияларға күрделі жөндеу жүргізілген, қала климатқа бейімделген (су бұру, ыстыққа төзімді материалдар).

Бұл сценарий сарапшылармен әңгімелесу арқылы, әлемдік тәжірибені және жасанды интеллект идеяларын зерттеу негізінде дайындалған.

Урбанист Владислав Филатовтың пікірінше, тұрғын үй кешендері (ТК) қаладағы жағдайды айтарлықтай нашарлатады. Оның айтуынша, пандемия қалаға негізгі жүктеме оның инфрақұрылымын пайдаланатын, бірақ онда тұрмайтын адамдардан келетінін көрсеткен. Ал кептеліс басқа облыстарда тіркелген көліктерден туындайды, бұл адамдар күн сайын қалаға ақша табуға келеді. 

©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сариев

Urban Forum Kazakhstan қоғамдық қорының сарапшысы Диас Маратұлы Алматы қарқынды дамып келе жатқанына дән риза. Оның айтуынша, қазіргі заманда адами ресурстар, кәсіпорындар, капитал үшін қалалар арасында бәсекелестік жүріп жатыр және тек Астана мен Шымкент арасында емес, Бішкекпен, Ташкентпен, Бакумен және елдің, тіпті әлемнің басқа да қалаларымен бәсекелесуге тура келеді. Осы алаңдағы ойыншы ретінде Алматыға бизнес пен ірі компаниялардың кеңселері ашылып, үздік мамандар жұмыс істеуі үшін келгені келгені әлдеқайда тиімді. Тек жағдай жасау керек. Диас Маратұлы қарапайым, бірақ естеқаларлық мысал келтірді: елде сәби көп дүниеге келсе, балабақшалар мен мектептер жетіспейді. Бірақ адамдарға босануға тыйым салу, перзентхананы жабу ақымақтық емес пе? Оның орнына балалар мекемелерін салып, инфрақұрылымды жолға қою қажет. Сондықтан сарапшы Алматыға шеттен келген адамдардың кіруіне тыйым салу (ақылы кіру) немесе құрылысты шектеу сияқты шараларға үзілді-кесілді қарсы.

2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қалада бір уақытта 148 тұрғын үй кешені салынған. Бұл көп пе, әлде аз ба? Бұл Алматы үшін жақсы ма, жаман ба?

"Көп үй салынып жатқаны мәселе емес. Мәселе қалай жасалып жатқанында. Өкінішке қарай, қазір қаланың шетінде көптеген жаңа тұрғын үй салынып жатыр. Қала жыл сайын ұлғайып келеді. Теорияға қарасақ, қалалар екі жолмен өседі: кең немесе қарқынды. Біз жүріп жатқан жол - қаланың орталық бөлігінде құрылысты толығымен шектеу. Орталықта қазір салынып жатқан бірде-бір тұрғын үй кешені жоқ. Ол жерлерде де кеңейтуге болатын орындар бар: жеке сектор, кейбір ескі үйлер және т.б. Бірақ қазір бұл учаскелерді игерудің орнына қала кеңейтіліп жатыр", - дейді сарапшы. 

Диас Маратұлы бұл дамудың ең тиімді жолы емес екеніне сенімді: қала географиялық жағынан неғұрлым үлкен болса, тұрғындарға қашық бола түседі, кептеліс соғұрлым көп болады және жолға көп уақыт кетеді, сәйкесінше жанармай көп жағылады, ал экология нашарлайды. 

"Алматының шекарасы кеңеюін тоқтатса, мен үшін тамаша сценарий болар еді", - деді сарапшы.

Диас Маратұлы "әл-Фарабидегі барлық жолайрық алып тасталса, осы даңғылдың ортасында жүрдек трамвай жүрсе, адамдар аялдамаларда түсіп, көшені кесіп өтсе жақсы болар еді" дейді.

"Қаланың көшесі сияқты, бірақ мүлдем қала көшесіне ұқсамайды. Оны ешбір жерден кесіп өту мүмкін емес. Ол қаланы бітеп тастайды, сол жерде құдды өзен ағып жатқан сияқты. Бірақ бұл өзен қалаға көмектеспейді, керісінше шу шығарады, бәрін бұзады. Әлемде бәрі жеке көлікпен жүрген кезде кептеліс мәселесін шеше алатын бірде-бір қала жоқ. Қаланың міндеті - адам А нүктесінен В нүктесіне дейін көлікпен мүмкіндігінше тез жетуі емес, ол жай ғана сонда жетсе болғаны. Сондықтан кептеліс мәселесін адам кез келген жерге көліксіз жететіндей етіп шеше аламыз. Скутер, велосипед, трамвай, автобус қолданып болсын, қалағаныңызға қарай".

Роза Есенқұлова / Tengrinews

Оптимистік сценарийде қалада қозғалыс жылдамдығы сағатына 30 шақырымға дейін шектеледі, тек 50-ге дейін рұқсат етілетін үлкен көшелерді қоспағанда. Қала ішіндегі жолайрықтар алып тасталған. Көлікпен жүру өте қымбат. Кез келген адам қаланың әр бұрышына тез жете алады. Ауысып отырса да, ол өте ыңғайлы және бір билетпен жүре беруге болады. Алматылықтар аялдамада сағаттап күтпейді, кейін кісі лық толы автобусқа кіруге тырыспайды. Қоғамдық көліктің нақты кестесі бар. Велосипед жолдары салынған, қаланың кез келген жеріне велосипедпен немесе самокатпен жетуге болады, бірақ тротуарда біреуді қағып кететіндей қауіп болмайды. Қала бойынша заманауи трамвайлар іске қосылған.

"Мұндай кезде бұған қарсы адамдар "сондай қоғамдық көлікті жасасаңыздар, жолайрықтарды алып тастап, содан кейін бізді шектеңіздер" деп айтатынын ескеру маңызды. Бірақ бұл басқаша жұмыс істейді: жеке көліктің "өмірін" қиындата отырып, қоғамдық көліктің "өмірін" жақсартамыз", - дейді Маратұлы.

Сондай-ақ, оптимистік сценарийге адамдарды әуе арқылы тасымалдайтын Urban Air Mobility көлігін дамыту кіруі мүмкін. Бұл фантастика емес. Қазақстанда бұл жүйені енгізу талқыланып жатыр. 

Қаланың шынайы даму сценарийі

2040 жыл. Алматы - ыңғайлы, инфрақұрылымы жақсарған, мәселелері шешіліп жатқан қала:

  • Жаңа автобус маршруттары іске қосылған, велосипед инфрақұрылымы дамып келеді, қалада ақылы автотұрақтар көбейіп келеді және олар қымбатырақ.
  • Жолдар, инженерлік және коммуналдық желілер біртіндеп жаңартылып, полигондар жойылып жатыр.
  • Ескі тұрғын үйлер біртіндеп бұзылып, жаңа тұрғын үй кешендерінде де мәселелер шешіліп жатыр.
  • Қаланың шетіндегі жаңа аудандардың инфрақұрылымы барған сайын дамып келеді, полицентризм енгізіліп, спутник қалалармен нақты агломерация құрылып жатыр.

Бұл сценарий үнемі талқыланады, тіпті Бас жоспарда және қаланы дамытудың басқа құжаттарында да жазылған. Қала тұрғындары да осындай сценарийді жүзеге асыруға көмектесе алады.