"Алматы марафоны". Айтулы спорттық шараның айрықша сәттері

Сегізінші рет ұйымдастырылған "Алматы марафоны" өз мәресіне жетті.  Биыл қатысушылар саны бойынша рекордтық көрсеткіш тіркелді.

Өткен жылы "Алматы марафоны" спорттық шарасына 14 мың адам қатысқан. Биыл 17 мың адам жарыс жолына шықты.

Қатысушылардың жүгіру жолында биыл аса көп өзгерістер болған жоқ. 3 шақырым, жартылай марафон, марафон мен экиден жарыстарының жолы сол қалпында өтті. Ұйымдастырушылар тек 10 шақырымдық жолды ғана өзгерткен. Өзге қатысушылармен бір жолға түспеуі үшін осындай шешім қабылдапты. Өткен жылы жарыс жолы AIMS сертификатын алған болатын. Демек алдағы бірер жылда осы жарыс жолы сақталатын болады.

Биылғы "Алматы марафонында" қатысушылар саны бойынша ғана емес, қатысушы елдер саны бойынша да рекорд тіркелді. Алатау баурайында жүгіруге биыл өзге 53 елден қатысушылар келген.

Марафонға қатысушылардың алдыңғы қатары таңғы сағат 6-дан бастап жинала бастады. Жүгіру алдында дене шынықтырып, жаттығулар жасады.

Алғаш болып жарыс жолына балалар шықты. Олар 3 шақырымдық қашықтықты бірінші болып бағындыру үшін сөреден асыға шықты.

Ересектер арасындағы басты бәсеке алдында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ мұндай бұқаралық шараның саламатты өмір салтын сақтау мен туристік мүмкіндіктерді арттыру жолындағы маңызын ерекше атап өтті.

Сағат 8:10-да қатысушылар жүгіруді бастады.

Жарысты көңілді бастаған жөн-ақ!

Мүмкіндігі шектеулі жандар да ұйымдастырушылар назарынан тыс қалған емес. Олар үшін де бір жылда келетін үлкен спорттық мереке.

Қатысушыларды қолдау мен күтуге келгендер де құр отырмайды. Түрлі ойындар мен көңіл аулайтын қызықты шаралар ұйымдастырылған.

Қаланың басты бірнеше даңғылы уақытша жабылғанмен, қала тұрғындары мен қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлағаны анық.

Жарысқа қатысушыларға қолдау білдіргендер де үлкен құрметке лайық.

Ал осылай қолдау көрсету, тіпті керемет!

Биылғы марафонның қауіпсіздік шаралары да күшейген. Тәртіп сақшылары мен жедел жәрдем көліктері саны артқан. Алғашқы көмек көрсететін арнайы орындардың жұмысына баса мән берілген.

Әр қатысушыға дем беріп, су ұсынған еріктілердің еңбегі ерен.

Ауа райы қатысушылар үшін аса қолайлы болды. Аптап ыстық болғанда межені бағындыру қиынға соғар еді?

Су ішіп, жүрек жалғап алатын орындар.

Дәрігерлер қатысушыларға бар көмектерін көрсетті. Қан қысымын өлшетіп, жарақатын таңдырғандар да болды.

Сағат 11-ден аса қатысушылардың алғашқы легі мәреге жетіп, естелік медальдарын алып қайта бастады. Ал ұзақ қашықтыққа жүгіргендер жарысты жалғастыра түсті.

Көрші қырғыз елінен келген қатысушы қыз мәреге бет алып барады. 

Командаластарын күткен экиденшілер.

Мәреге жақындағанда жылдамдық та артады. Мақсаттың орындалар сәтіне кім асықпайды дейсің?!

"Effective Media Liaison" (tengrinews.kz, vesti.kz және massaget.kz) директоры Сұңқар Қарабалин 42 шақырымды бағындырып келгендегі өз әсерімен бөлісті. 

Өте керемет болды. Көп дайындалмадым да. Ұзақ қашықтыққа жүгіріп көрмеген едім. Бірақ жүгіруге деген құлшынысым жоғары болды. 50 жаста мұндай қашықтықты бағындыру жақсы нәтиже. Бастысы мәреге жету болды. Тіпті тоқтай қалып, жарысты аяқтай салғым да келді. Соңғы екі шақырымды таза көңіл-күйдің әсерімен жүгіріп өттім. Осындай ерекше сезім мен қуаныш күтіп тұрғанын сезіндім. Бұл менің - ең құнды жүлдем. Ауа райы да жақсы болды. Үлкені бар, кішісі бар, бәрі-бәрі жүгірді. Бұл дегеніміз - нағыз спорт мерекесі, - деді Сұңқар Қарабалин.

Марафонның экинден жарысына "Массагет" сайтының командасы да қатысты. Бұл эстафетаның қорытынды бөлігін жүгірген Әлібек Оразбайдың мәреге жеткен сәті.

Мәреге жеткен қатысушылар арнайы медальдармен марапатталды. Ал жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды. "Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан" қатысушылардың нәтижелерін (өзіңіз қатысқан болсаңыз, өз нәтижеңізді) жарыстың ресми сайтынан көре аласыздар. 

Келесі марафонда жолыққанша!!!



Бөлісу: