Алматы - ақындар мен жазушылардың шабытын оятқан, сансыз шығармаларға арқау болған ерекше шаһар. Қаланың әр көшесі, әр бұрышы әдебиет беттеріндегі бір оқиғаның өрбуіне сеп болған. Ал қазір сол локациялар қандай күйде? Мassaget.kz тілшісі әдебиет классиктері суреттеген Алматыдағы бірнеше локацияларды іздеп, олардың қазіргі көрінісімен танысып қайтты.
Әзілхан Нұршайықовтың "Махаббат, қызық мол жылдар" романын оқымаған жан жоқ шығар. Ербол мен Меңтайдың махаббат оқиғасына Алматы қаласындағы бірнеше ғимарат, бірнеше көше куә. Солардың бірі Меңтай суреттеген Виноградов (қазіргі Қарасай батыр) көшесі бойындағы - Никольский базары.
"Онда біздің жатақхананы былай табасыз. Үйден шыққан бетіңізде Дзержинский көшесімен өрлеп, жоғары, Виноградовқа дейін көтерілесіз. Он жақ бұрышта драма театрының үйі тұр, оны білетін шығарсыз. Театрдан оңға қарай бұрылсаңыз, бір он минуттан кейін Никольский базарына жетесіз. Сол жағыңыздан бір үлкен шіркеудің діңкиіп тұрған, - Меңтай "діңкиіп" деген сөзді балаша созып айтты, - сары ала күмбезін көрсеңіз - сол Никольский базары. Базардың қарсысындағы екі этажды жалпақтау сары үй - сіз іздеген жатақхана болады да шығады. Енді табасыз ғой. - Табамын. - Келесіз ғой? - Келемін" делінеді кітапта.
Біз барған Никольский базарының қазіргі көрінісі көңіл көншітпеді. Әдетте қыз-қыз қайнап жататын сауда орны уақытша тіршіліксіз тұр. Бірен-саран саудагер дәнді дақылдары мен азық-түлік өнімдерін сатып тұр. Сауда жасайтын орындар мен дүңгіршіктер қаңырап бос тұр.
Романда аталған тағы бір мекенжай - Меңтайдың жатақханасы. Кітапта көрсетілген маршрут бойынша ғимаратты іздеп таптық. Қазір ол жер әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 14-студенттер үйі. Меңтай тұрған жатақхана қазіргі Байтұрсынұлы-Қарасай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан.
"Ендеше, сізге қалай түсіндірсем екен? - Меңтай ернін тістеп, сәл ойланып алды. Университеттің екі жатақханасы бар: бірі Калинин көшесінде, бірі Виноградов көшесінде. Бірақ екеуі бір жерде, қатар. Виноградов, 62 - біздің жатақхана. Соның 62-бөлмесі. Ұқтыңыз ба? Алпыс екі, алпыс екі, - деді қыз мен ұғып алсын дегендей әр сөзін соза айтып. Екі рет алпыс екі" дейді Меңтай кітапта.
Бұл жерде базардағыдай емес, студенттердің суыққа қарамастан, жалындаған жастық лебі бірден сезіледі. Жатақхана маңынан сабағына асыққан аруды, кіреберіс алдында гүбір-гүбір әңгіме айтқан бір топ жігіттерді, құшақ толы кітап көтерген жастарды байқауға болады.
Ал бұл Меңтай айтқан Виноградов-Комсомол (қазіргі Байтұрсынұлы-Қарасай батыр) көшелерінің қиылысы.
Әдебиет әлемін зерттеу барысында Әзілхан Нұршайықовтың романдарында нақты көшелердің жиі аталғанын байқадық. Алматы локациялары аталатын жазушының тағы бір шығармасы - "Ақиқат пен аңыз" роман-диалогы. Онда автор даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлымен сұхбаттасқан үйдің мекенжайын көрсетеді. Сапарымызды ары қарай жалғастырып, Нұршайықов нұсқаған жерге бардық.
"Төбеден төмен қарай қалықтай құлаған екі-үш жапырақ Фурманов көшесімен жоғары қарай өрлеп бара жатқан менің алдыма келіп түсті. Комсомол көшесінің киылысындағы "Ювелирторг" магазинінен өткеннен кейін, үйлердің номеріне көз сала бастадым. Өйткені менің іздеп келе жатқан үйім осы тұста болуға тиіс. Білетін адамдар маған магазиннен өтісімен-ақ оң жағыңа карай бер деп түсіндірген. Расында да лезде-ақ мен бұрышында төрткіл көк қаңылтырға ақ сырмен 117 деп бадырайта жазылған номері бар үш қабат үйдің қасына келдім" деп жазады Әзілхан Нұршайықов.
Қазіргі Төле би-Назарбаев көшелерінің қиылысынан аталған үш қабатты тұрғын үйді таптық. Расында ғимарат ескі өңін жоғалтпаған кейіпте тұр. Бірақ 117 деген нақты санын тек ғимараттың артқы жағында жазылған кішігірім тақтайшадан ғана байқауға болады.
"Үйдің осы номеріне көзім түскен сәтте жүрегім сәл шым ете қалып, өн бойымды әлдебір жеңіл діріл аралап өткендей болды. Ол бірте-бірте ұмытылыңқырап бара жатқан ескі сезім еді. Ұлы Отан соғысында жүрген кезімізде, шабуылға шығар алдында дәл осындай болып, көңіл қобалжыңқырайтын да, артынан дайындық басталғаннан кейін, дененің дірілі басылып, қорыққаның, қобалжығаның ұмыт боп кететін. Сыртқы есіктен ішке кіріп, үшінші қабатқа көтерілдім. Мен іздеп келген 6-пәтер баспалдақтың сол жақ түкпірінде екен" деп суреттеледі романда.
Жазушының суреттеуіне сенсек, бұл үйде Бауыржан Момышұлы тұрған. Біз топшылаған мекенжайды нақтыламақ ниетте немересі Ержан Момышұлы-тегінен сұрап көрдік. Ол атасының Алматыда бірнеше мекенжайда тұрақтағанын және аталған мекенжайдың атасының айтқан естеліктерінде суреттелген жерге ұқсас екенін айтты.
Дулат Исабековтің "Қарғын" романында да Алматыдағы бірнеше мекен суреттеледі. Басты кейіпкер Бағила мен Жасынның махаббаты Алматы қаласындағы "Алматы" қонақүйінен бастау алады. Бұл локация мегаполистегі Панфилов-Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан.
"Трубканы тастағалы тұрсыз ба? Ол есті адамның ісі емес. Сонымен, ертең дәл сағат алтыда "Алматы" қонақүйінің алдында күтем. Кешікпеңіз, Сонан кейін де өмір бойы жек көріп өтуге мүмкіндігіңіз бар. Жек көру екінің бірінің қолынан келе беретін нәрсе ғой. Солай. Сау болыңыз" дейді кітапта Жасын Бағиланы кездесуге шақырып.
Қос ғашық кездескен жердің бүгінгі көрінісі - осы.
"Ертесіне, кешкі сағат дәл алтыда Бағила "Алматы" қонақ үйінің алдында тұрды. Бұл сәт жас қыз үшін ұяты мен арын күйедей кемірген азапты сәттер еді. Ол түні бойы өзімен-өзі арпалысып шықты. Мәликемен ұзақ кеңескен соң екеуі "Бүгінгі кездесуге барып көру керек", - деп шешсе де көңілдерінің бір түкпірінде әлсіз үрей жатты. Жасынның жас жігіт емес, үйленген, балалы-шағалы адам екендігі үлкен сөз болды. Мәликені тұйыққа тіреп, көңіліне түсініксіз сауал үйірген - Жасынның Бағиланы қонақ үйіне шақырғаны болды. Ойласып келіп олар мұны да өрескелдігі жоқ деп сыпайы шешті. Әңгімелесіп отырып екеуі де жылады. Әйел өмірінің тек жеңілістен, кешіруден, жол беруден тұратынын айтып жылады" деп суреттеледі "Қарғында".
Бердібек Соқпақбаевтың "Өлгендер қайтып келмейді" романында Еркін мен Ғалияның ерекше махаббат хикаясы жайлы суреттеледі. Онда қос ғашықтың көп оқиғасына Алматыдағы ҚызПУ (бұрынғы ЖенПИ) ғимараты куәгер.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті (ҚызПУ) - Қазақстандағы әйелдерге арналған жоғары оқу орындарының ішіндегі ең іргелі және ерекше оқу орны. Университет 1954 жылы Алматы қаласында құрылған.
"Көне дерт қайта қозғалды. Жараның аузы қайта тырнап ашылды. Күндіз-түні Ғалия басымнан шықпайтын болды. ЖенПИ - қаладағы атақты оқу орындарының бірі. Мен ол туралы бұған дейін де, талай қызықты сөздер естігем. Бірақ өзім барып көрген емеспін. Қалада ЖенПИ-ді білмейтін, оны сөз етпейтін студент аз. Сезімтал бір жас ақынның газетте ЖенПИ туралы жазған өлеңін оқыған едім. Онда ол оны "сұлулар галереясы" деп атаған" деп жазылады кітапта.
"Галереядағы көп сұлудың бірі - Ғалия. ЖенПИ - өзінше бөлек тəртібі бар оқу орны екенін білетін ем. Онда тек қыздар, келіншектер оқиды. Жатақханасына кім көрінгенді, əсіресе, жігіттерді кіргізбейді. Кешке қарай жатақхананың алды жігіттің базарына айналады деп еститінмін. Осындай атағы зор ЖенПИ-ге жолы түспей жүргеннің біреуі мен едім. Міне енді жүрегімнің жүр, жүр деп маза таптырмай сүйрелеуімен мен келіп тұрмын. Келме, бала болма десе де, Ғалияға келіп тұрмын. Бала емес, соқтауылдай жігіт болғандықтан келіп тұрмын" деп жазылған романда.
Бұл біз сапарлаған көркем әдебиет шығармаларының бір бөлігі ғана. Талай жазушының тағдыры байланған шабыт шаһарының бұдан да көп көркем әдебиет туындыларына арқау болғаны сөзсіз.