Алматы әкімдігі “Баум тоғайында ағаштар кесіледі“ деген ақпаратқа жауап берді

Алматы әкімдігі “Баум тоғайында ағаштар кесіледі“ деген ақпаратқа жауап берді

Алматыда Баум тоғайын абаттандыру аясында бірде-бір ағаш кесілмейді. Бұл туралы қала әкімдігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Медеу" мемлекеттік өңірлік табиғи саябағына қарасты Баум тоғайында 104 429 ағаш және 5081 бұта бар.

Алматы әкімдігі

"Олардың барлығы мемлекеттік орман қоры санатына жатады және ерекше қорғалатын табиғи аумақтың бір бөлігі", - деп жазылған хабарламада.

Алматы әкімдігі 

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Орман шаруашылығы ғылыми-инновациялық институты Баум тоғайына талдау жүргізген.

"Сау ағаштардың үлесі - 55%, әлсіреген ағаштардың үлесі - 23%, өсімі тежелгені - 12%, қурай бастағаны - 8%, қурап кеткені - 1%. Осылайша қурап кеткен ағаштардың үлесі ағаштардың жалпы санының 9%-ынан сәл ғана асады. Бұл БАҚ-та бұрын тараған "48% ағаш кесіледі" деген ақпаратты жоққа шығарады", - деді әкімдік өкілдері.

 

2026 жылы тоғайдың жасыл қорын толықтыру және табиғи шығынды өтеу мақсатында мыңнан аса жаңа ағаш егілмек.

"Тоғайдағы жұмыстар табиғи ортаға барынша аз араласу қағидатымен атқарылады. Абаттандыруда цемент-бетон бұйымдары емес, экологиялық материалдар пайдаланылады", - деп сендірді Алматы әкімдігі өкілі.

"Баум тоғайындағы барлық іс-шара тек бірегей табиғи аумақты сақтау, сауықтыру және қалпына келтіруге бағытталған. Қала тұрғындары мен БАҚ өкілдерін тек ресми әрі тексерілген дереккөзге сенуге шақырамыз", - деп түйіндеді қала әкімдігі өкілі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!