Әлия Молдағұлова туған ауыл: ішімдіксіз өмір, құлыпсыз есік, тыныш тіршілік

Әлия Молдағұлова туған ауыл: ішімдіксіз өмір, құлыпсыз есік, тыныш тіршілік

Қазақстанның батысындағы Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың туған ауылы Бұлақта бірде-бір дүкен, бір тамшы ішімдік және бірде-бір қылмыс жоқ. Мұнда ешкім есікті құлыптамайды, дастархан басында тост көтерудің орнына қымыз бен айран ішеді. Massaget.kz тілшісі аты аңызға айналған мерген қыз дүниеге келген ауылда бейресми "ішімдікке тыйым" заңы қалай жұмыс істеп жатқанын біліп қайтты.

Бұлақ – тарихы терең ауыл

Ақтөбе облысындағы Бұлақ ауылы – тарихи маңызы зор мекен. Дәл осы жерде Кеңес Одағының Батыры, мерген қыз Әлия Молдағұлова дүниеге келіп, балалық шағын өткізген.

Ауылда оның есімі ұмытылмаған: ауылдағы жалғыз көше Әлияның атымен аталады, ал билбордтарда – оның портреттері ілінген.

Ауылға келген кез келген қонақты ең алдымен Әлия атындағы музейге апарады. Бұл музей батыр қыз тұрған, қазір қирап қалған үйдің жанынан салынған.

Мұражайдың жанында – ортасында Әлияның қола мүсіні орнатылған, күтімі жақсы саябақ бар.

Кішкентай, бірақ өнегелі ауыл

Бүгінде Бұлақта 36 үй, 156 тұрғын бар. 

Ауылда негізінен туыстар тұрады, отбасымен өмір сүреді.

Көбіне зейнеткерлер қалып, мал шаруашылығымен айналысып жатыр. Көктем шыққалы малды жайлауға шығара бастаған.

"Біз өмірімізге риза адамдармыз. Осында ата-анам өсті, өзім де осында өстім, тұрмысқа шықтым, қазір немере сүйіп отырмын. Ауыл өте жақсы. Табиғаты ғажап. Газ бар, суды құдықтан аламыз. Тек байланыс жағы қиын. Интернетке әрең қосыламыз. Үйлерде роутерлер бар, бірақ далада телефон ұстамайды. Байланыс мұнарасын жаңадан орнатып жатыр", – дейді ауыл тұрғыны Ырысты Ельтаева.

"Ішімдіксіз" ауыл – Бұлақтың мақтанышы

Бұлақ тұрғындарының тағы бір мақтанышы – ішімдік ішпейтін ауыл атануы. Олардың айтуынша, соңғы бірнеше жылда мұнда барлық той-мереке ішімдіксіз өтеді.

Ауылда бірде-бір дүкен жоқ, азық-түлік алу үшін көрші елдімекенге барады. Ал ол жақта да спирттік ішімдіктер сатылмайды.

Бұған бұлақтықтар қарсы болмады – керісінше, бәрі бір ауыздан ішімдіктен бас тартуды ұйғарған.

"Жасыратын түгі жоқ, бұрын ішетінбіз. Қазір ондай жоқ. Бізде мас адам жоқ. Бір-бірімізге қонаққа барғанда тек айран, қымыз ішеміз. Ал жастар тіпті ішімдікке жоламайды. Олардың қызығушылығы мүлде басқа. Сондықтан ауылда тұрақтамайды. Оларды бизнес қызықтырады. Бірақ ауылда жастарға жұмыс жоқ", – дейді тұрғын Ермек Жауанов.

Мектеп – жалғыз жұмыс орны

Ауылда жұмыс табу қиын. Тұрғындар еңбек ете алатын жалғыз жер – мектеп. Бірақ онда да оқушы саны аз – бар болғаны 22 бала.

Әр сыныпта 5 оқушыдан аспайды. Мұғалімдер одан да аз – 15-ақ адам. Ауыл мектебінде оқу 9-сыныппен аяқталады. Кейін жастар колледжге немесе Ақтөбе қаласына білімін жалғастыруға кетеді.

Бірақ Бұлақтағы зейнеткерлер зерігіп отырған жоқ. Ауылда мәдениет үйі бар, тіпті өз ансамблі де бар. "Асыл әжелер" хоры көрші аудандарға барып, өнер көрсетеді. Арасында өз музыканты да бар.

"Бізде "Асыл әжелер" ансамблі бар. Музыкантымыз – Нұрдәулет аға. Ол баянда да, домбырада да ойнайды. Балалар да клубқа келеді. Мен музыкалық білімім болмаса да, оларды ән айтуға үйретемін.

Түрлі байқауларға қатысамыз. Қазір де дайындалып жатырмыз. Ауылда қызықсыз емес. Жұмыс та, бос уақыт та жақсы ұйымдастырылған", – дейді ауыл клубының жетекшісі Нұрсәуле Құдашева.

Қылмыс жоқ – учаскелік инспектор риза

Ауылға уақытылы учаскелік инспектор келіп тұрады.

Балалар оны ерекше қуанышпен қарсы алады. Полиция қызметкерінің өзі де бұл ауылға келуге қуанады.

"Мен Бұлақ ауылдық округінде екі жылдай учаскелік полиция қызметкері болып жұмыс істеп жүрмін. Осы уақыт ішінде бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ. Ішімдік ішетін де, тәртіп бұзатын да адам жоқ. Ұрлық та болмайды. Тұрғындар түнде есігін құлыптамай ұйықтай береді. Өйткені бәрі бір-бірін таниды. Ауыл кішкентай ғой", – дейді учаскелік инспектор Бексұлтан Қылышбаев.

Ауылда спирттік ішімдіктен бас тарту денсаулыққа да оң әсер еткен. Бұл туралы ауыл фельдшері Хадиша Бисенова айтып отыр.

"Соңғы екі жылда ішімдікті тастағаннан кейін, ауруханаға жатқызу қажет адамдар саны азайды. Туберкулез мүлде жоғалды. Негізінен қысымға шағымданып келеді. Ол жасқа байланысты. Қант диабеті бар адамдар бар, бірақ жалпы алғанда бізге жиі жүгінбейді", – дейді ол.

Ауыл тұрғындары бұл жерді тастап кеткілері келмейді. Ақтөбеден небәрі бір сағаттық жол.

Соңғы кездері Бұлаққа деген қызығушылық артқан: жақында Ақтаудан бір отбасы көшіп келген. Жергілікті халық Әлияның туған ауылы әлі де дамып, бұл жерден жаңа батырлар шығады деп сенеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов еліміздің әр аймағында ішімдік сатудан бас тартудың оң әсері туралы айтқан болатын:

"Қоғам жауапкершілікті өз мойнына алған кезде – өмірдің өзі өзгереді. Елімізде жүздеген ауыл ерікті түрде спирттік ішімдіктерден бас тартуда. Бұл – қарапайым халықтың саналы таңдауы. Тәртіп, денсаулық пен балаларының болашағы үшін", – деген еді ол.

Иә, бұл теңіздің тамшысындай бастама болуы мүмкін. Бірақ бастысы – оң бетбұрыс бар. Ақтөбе облысында 33 ауыл ішімдіктен бас тартқан.