Alatau City-дің алғашқы зәулім ғимараты қандай болмақ? Эксклюзив эскиздер пайда болды

Alatau City Iconic Towers көпфункционалды кешенінің құрылысын бастауға дайындалып жатыр. Жобаның дизайнын жетекші шетелдік компаниялар Zaha Hadid Architects (Ұлыбритания) және америкалық Skidmore, Owings & Merrill (SOM) жасаған.

Tengrinews.kz Alatau City-дегі әлемдік деңгейдегі алғашқы зәулім ғимарат - Iconic Towers жобасының эксклюзив кадрларын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Iconic Towers - футуристік кешен. Ол Alatau City-де ғана емес, Алматы облысы мен Қазақстанның оңтүстігіндегі ең биік ғимарат болмақ. Биіктігі 272 метр болатын жоба қазіргі Алматы рекордсмені саналатын Esentai Tower-ден (162 метр) шамамен 110 метрге биік болады.

Жоба біртұтас ірі подиумға біріктірілген екі түрлі мұнарадан тұрады. Ең биік нүктесі - 56 қабатты мұнара, мұнда А кластағы кеңселер мен заманауи апартаменттер орналасады. Ал биіктігі 80 метр болатын екінші мұнара халықаралық деңгейдегі бес жұлдызды қонақүй болмақ.

Ғимараттың жалпы аумағы - 276,8 мың шаршы метр. Зәулім ғимараттың төменгі бөлігінде ауданы 58 мың шаршы метр болатын мәдени кеңістіктер мен сауда-ойын-сауық орталығы орналасатын үш қабатты подиум салынады.

Iconic Towers жобасы "вертикалды қала" тұжырымдамасына негізделген. Бұл бір кеңістік ішінде мыңдаған қызметкер мен тұрғынның автономды өмір сүруіне жағдай жасайды. Сонымен қатар, кешен ішіндегі тұрғын, іскерлік және қонақүй аймақтары бір-бірінен толық оқшауланады.

Жобаның сырт келбеті әлемдік сәулет саласындағы екі ірі компания - ұлыбританиялық Zaha Hadid Architects пен америкалық Skidmore, Owings & Merrill (SOM) ұсынған дизайн тұжырымдамалары арасынан таңдалған. 

Skidmore, Owings & Merrill (SOM) - әлемдегі ең биік ғимарат "Бурдж-Халифаның" авторлары. Компания портфелінде Нью-Йорктегі One World Trade Center ("Еркіндік мұнарасы"), Чикагодағы Sears Tower, Жиддадағы Ұлттық коммерциялық банк мұнарасы секілді нысандар бар. Кейінгі жобаларының бірі - 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына арналған Италиядағы олимпиада ауылы.

Ақыр аяғында америкалық компанияның жобасы бекітілген.

270 мың шаршы метрлік күрделі нысанды жүзеге асыру үшін сапаны жоғалтпай жоғары қарқынмен жұмыс істей алатын мердігер қажет. 2025 жылғы қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары барысында негізгі құрылыс компаниясы ретінде әлемдегі алпауыттардың бірі China State Construction Engineering Corporation (CSCEC) компаниясы таңдалғаны белгілі болды. CSCEC - әлемдік жетекші компания, Қытайдағы зәулім ғимараттардың 90 пайызын салған. Оның жобалары қатарында Нью-Йорктегі БҰҰ штаб пәтері, Гонконг әуежайы және Бейжіңдегі Ұлттық стадион ("Құс ұясы") бар.

Жобалау барысында қауіпсіздік пен конструкция тұрақтылығына ерекше мән беріледі. CSCEC мамандары өңірдің сейсмикалық ерекшелігін ескеріп,  жергілікті, қытайлық, еуропалық, америкалық және жапониялық сейсмотұрақтылық стандарттарына салыстырмалы талдау жүргізген. Қазір америкалық және жапониялық тәжірибелердің технологиялық әрі экономикалық тиімділігі салыстырылып жатыр.

Жапон технологиясы автомобиль аспасына ұқсас принциппен жұмыс істейді: жер сілкінісі кезінде энергияны сіңіріп алып, ғимаратты зақымданудан сақтайды. Мұндай шешімдер Токио мен Шанхайдағы зәулім ғимараттарда қолданылады.

Америкалық тәсіл күшейтілген болат каркасқа негізделген, яғни негізгі жүктемені металл конструкциялар көтереді. Бұл әдіс Сан-Францискодағы Salesforce Tower құрылысында қолданылған және күшті сейсмикалық дүмпу кезінде де ғимараттың тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.

Iconic Towers - Alatau City үшін халықаралық инвесторларға бағытталған алғашқы ірі жоба. Әдетте инвесторлар нақты инфрақұрылымы мен басқару жүйесі бар жобаларға қаржы құяды. Сондықтан SOM және CSCEC секілді компаниялардың қатысуы жобаның ауқымы мен сенімді екенін көрсетеді. Мұндай нысандар қаланың іскерлік орталығын қалыптастырып, жаңа инвестициялар үшін бағдар болады.

Құрылыс пен бюджетті кім басқарады?

Құрылыстың ашықтығын атқарушы комитет қамтамасыз етеді. Комитет бюджетті бекітеді, қауіптерді бақылайды және инвесторлар мен мемлекет арасындағы стратегиялық шешімдерді қабылдайды. Комитет құрамына Alatau city-ді дамыту жөніндегі кеңес мүшелері - Президенттің Alatau City-ді жобалау жөніндегі бас кеңесшісі, директорлар кеңесінің мүшесі, "Самұрық-Қазына" АҚ тәуелсіз директоры Вонг Хеан Файн, Caspian Group АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Юрий Цхай және Alatau City Bank жалғыз акционері Вячеслав Ким, сондай-ақ, CSCEC (China State Construction Engineering Corporation) International төрағасы Гао Бо кірді.

Жобаның девелопмент-менеджері болып China State Construction Engineering Corporation компаниясы бекітілді.

9 ақпанда атқарушы комитет мүшелері жобаның қаржы моделін және экономикалық тиімділікті арттыруға бағытталған өзгерістерді талқылады. Соның ішінде функционал алаңдарды қайта бөлу және жерасты бөлігінің шығындарын оңтайландыру мәселелері қаралды.

Iconic Towers қашан салынады?

Қазір Iconic Towers құрылысына тартылған жеке инвестициялар көлемі 800 миллион доллардан асады.

Жұмыс кестесі бекітілген. Алдағы айларда инженерлік-геологиялық зерттеулер мен тәжірибе ретіндегі тіректерді сынау аяқталады. 2026 жылғы мамырда қазаншұңқырды толық көлемде қазу басталады. Кеңес беру кезеңі жазға қарай аяқталып, жобалық-сметалық құжаттаманы 2027 жылғы сәуірге дейін аяқтау жоспарланған.

Iconic Towers кешенін 2029 жылдың соңында пайдалануға беру көзделіп отыр.



Бөлісу: