Al Pacino-дағы Массагет оқырмандарының кездесу кеші

Al Pacino-дағы Массагет оқырмандарының кездесу кеші

Желтоқсан айының 16-шы жұлдызында порталымыз үш жылдық мерейтойын атап өткен еді. Үш жылдыққа орай ұжымымыз бен белсенді оқырмандар кездесіп, "Al Pacino" сауық орталығында кеш ұйымдастырғанынан да хабардар шығарсыздар. Аталмыш шараға қатысқысы келген, бірақ белгілі бір себептермен қатыса алмаған оқырмандарымыз үшін арнайы фоторепортаж дайындадық. "Ештен кеш жақсы" демекші, арада бір айдан астам уақыт өтсе де назарларыңызға сол фоторепортажды ұсынуды жөн көрдік.

Сөзді "Al Pacino"-дан бастасақ. Бұл – Алматының орталығында орналасқан ойын-сауық үйі. Заманауи реңкі бар бұл орын көңілімізден шықты. Рухани байып қайттық. Күні бойы компьютерден, ұялы телефоннан бас алмай отыратын жандар үшін нағыз тынығатын жер екен.

Клуб немесе мейрамхана сынды орындарға қарағанда, бұл жерге келген адам өзін үйінде жүргендей еркін сезінеді. Әсіресе, бір-бірін тек ғаламтор арқылы танитын жандар бас қосқысы келсе, бұл – таптырмас орын.

Ал мына сөреде қызықты кітаптар мен үстел ойындары топтастырылған. Ұнаған кітапты оқып, қалаған ойыныңызды алып ойнай аласыз. Тамаша!

Міне, тіпті ас дайындайтын арнайы бөлмесі де бар. Қыздар дайындықтарын жүргізе берсін, ал біз басқа бөлмелермен танысып қайталық...

Атақты актерлардың суреттері ілінген мына бөлмеде "Мафия" ойыны ойналады.

Мафия залына қарама-қарсы пинг-понг ойнауға арналған үстел бар. Бұл бір орында отыра алмайтын жандар үшін жасалса керек.

Сауық үйінің әр бөлмесі қызық. Кино көруге арналған бөлме де бар. Қабырғаға ілінген үлкен экран мен заман талабына сай орналастырылған дыбыс құралдары кинодан үлкен әсер алуға көмектеседі. Бұл бөлмеге тағы бір айналып келеміз. Ас ішетін бөлмеге барайық. Қонақтар жиналып қалған болар.

Айтқанымдай, бәрі дастарханға жайғасып үлгеріпті. Алайда, кептеліске байланысты кешігіп жатқандар да бар. Кешті танысудан бастауды жөн санаған біз Массагет ұжымының мүшесі Ербол Жұмабайұлын жүргізуші етіп тағайындадық.

Ербол алғашқы болып сөз сөйлеу құрметін Жадыра Аққайырға берді. Біздің тұрақты оқырманымыз Жадыра өзін таныстырғаннан кейін порталымызға жылы лебіздерін білдірді.

Журналист үшін оқырманның әр пікірі маңызды. Тіпті, қатты сынның өзін олар қуанышпен қабылдайды. Ал бұл жолы сын емес, мақтау мен үлкен тілек айтылып жатыр. Ендеше, бұдан асқан қуаныш бар ма? Қарлыға Бүйенбай мен Фариза Әбілова Жадыраны сүйсініп тыңдауда.

Жадырадан кейінгі кезек Массагет порталының белсенді блогшыларының бірі Назерке Смағұлға келді. Ол да бізге табыс тіледі.

Жұрт Назеркенің әр сөзіне мән беріп тыңдап отыр, ал Ербол келесі сөз кезегін кімге берсем екен деп ойланып тұр. Жүргізуші болу да оңай емес.

Массагет жігіттері құрдастарымен қалжыңдасу мүмкіндігін жіберген жоқ. Өз орнымен айтылған әзіл-қалжың қашан да жақсы ғой. Отырғандардың көңіл күйі де көтеріле бастады.

Тілекті "Спорт" айдарын сүйіп оқитын Нұржамал жалғады. Оның себебі бар. Нұржамал – Массагет журналисі Өмірбек Сансызбайдың сүйіктісі.

Дастархан дайындауға көп көмектескен Гүлжанар порталымыздың "Бесқару" бөлімін жиі қарайтынын айтты. Осы бөлімге жауапты Ербол ұялғаннан қызарып кетті.

Отырысқа біраз кешіккен Арман сөзін әзілден бастады.

Ал Талғат әзіл айтпады, бірақ кешіккенінің себебін түсіндірді. Түсіндіретін несі бар? Сол баяғы кептеліс қой...

Арман мен Талғаттан кейін келген Еркебұлан еді. Ербол оған өзіне дейін сөйлеген адамдарды таныстырып жатыр. Ендігі сөз кезегі сенде, Еркебұлан!

Еркебұлан ерте келген қыздарды күттіргеніне қысылып тұр. Талғат өзі соңғы болып келмегеніне мәз.

Өмірбек Сансызбай келген қонақтарға алғыс білдіріп, Массагет ұжымының атынан оқырмандарға тілек айтты.

Біраз ауқаттанып алғаннан кейін ойын ойнадық. Мұндайда адамды жақынырақ тануға мүмкіндік беретін "Мафиядан" артық ойын жоқ шығар. Бәріміз атақты актерлардың суреттері ілінген бөлмеге беттедік.

«Мафия» – әр қатысушының өзіне тиесілі рөлі болатын, заң бұзушылар мен қала тұрғындарының арасындағы шытырман оқиғалы күреске негізделген ойын.

Жай ғана ойын емес, қырағы, сезгіш болуға, адамның мінез-құлқын тануға, сезім мен сананы тепе-тең ұстауға, ой-пікірді дәлелдеп, тайқып кетпей, өз көзқарасыңда қалуға үйрететін ерекше ойын түрі.

Ойында қатысушыларға тиесілі рөлін бөліп беретін және ойын барысын бақылайтын жүргізуші болады. Біз бір ауыздан жүргізуші етіп Жолдас Өрісбайды таңдадық.

Жолдас ережені түсіндіріп болғаннан кейін қатысушыларға рөлдер жазылған карталарды үлестіріп берді. Ойын басталды.

Мафия өзінің алғашқы "құрбанын" таңдауда. 

Ал дәрігер бұл түні кімді "емдегісі" келетінін көрсетіп жатыр.

Өкінішке орай мафия "өлтірген" адамды дәрігер "емдей" алмады. Сөйтіп, қаланың қарапайым тұрғыны "қаза болды" яғни бір ойыншы ойыннан шықты.

Көпшілік мафияны іздеуге кірісті. Күдік Ербол отырған жаққа түсті. Себебі, сол жақтан "түнде" бір дыбыс естідім дейді айыптаушы қыз Фариза.

Ербол аң-таң. Өзінің мафия емес екенін біледі, бірақ өзгелерге кінәсі жоқ екенін қалай дәлелдемек?

Гүлжанар Ерболды қорғап, дыбыс блогер Абылай Есімбай жақтан шықты деп сендіруде.

Ербол көпшілікті "түнде өлген" Нұрболдың сөзіне құлақ асуға шақырды. Ойын шарты бойынша, ол өзінің соңғы сөзін айтуға құқылы.

Нұрбол жаланы Фаризаға жапты. Оның ойынша өзінің "өліміне" осы қыздың тікелей қатысы бар. Себебі, Фаризаның әңгіме ауанын бірден Ербол жаққа ауыстырғаны және ойын басталарда "Мафия болсам, сені бірінші өлтіремін" деген сөзі Нұрболға біраз ой салыпты.

Нұрболдың сөзіне көпшілік иланып, Фаризаны "мафия" деп айыптады. Сөйтіп, ол қыз ойыннан шығуға мәжбүр болды. Алайда, Фариза да "қарапайым тұрғын" еді. Ербол өзін құтқарған Гүлжанарға ризашылығын білдірді.

Қала тұрғындары өз қателіктерінен сабақ алды деген ниеттеміз. Алда тағы бір "түн" келе жатыр. Бұл жолы мафия кімді "өлтірер" екен? Белгісіз...

Көпшілік мафияны тұтқындау әуресімен у-шу болып жатқанда кино залында футбол ойынын сүйетін бір топ өзара сайысқа түсті.

Жанында жанкүйері бар Өмірбек Еркебұланды 4-1 есебімен талқандады.

Артынша бірнеше жігітті жеңген ол чемпион атанды.

Футбол чемпионатымен қатар мафия ойыны да аяқталып, жұрт еркін араласу уақытына көшті. Біреулер әңгіме айтты, біреулер үстел ойындарын ойнады, ал енді біреулер ән салуға көшті.

Қолдарына гитараларын алып жігіттер кезек-кезек ән шырқады.

Алғашқы болып Абылай Табылды Досымовтың "Биіктік" әнін орындады.

Әнді құлағы шалған көпшілік жігіттердің айналасына топтаса бастады.

Келесі ән айту кезегі Сәкенге келді.

Сәкеннің әні жігіттерге қатты әсер етсе керек, бәрі әнді бірге шырқай кетті.

Өнерлі жігіттерге қызыққан Қарлыға бүгіннен бастап гитарада ойнауды үйренемін дейді.

Әңгімелесіп, ән айтып болғаннан кейін кезек қысқаметражды фильмдерге өтті. Көпшілікке қатты ұнаған фильмнің бірі – "Күлегеш".

"Күлегеш" – комедия жанрында түсірілген, адамға ой саларлық тұстары көп. Еркебұлан мен Мақпал фильмнен үлкен әсер алған сияқты.

Фильм біткеннен кейін бәрі жиналып фильмдерді талқылауға көшті.

Әркім өз ойын білдіруге тырысты. Арты үлкен пікірталасқа ұласты.

Алайда, пікірталасты ортасынан тоқтатып бәріміз дастархан басына өтейік деген шешімге келдік. Талқылау ыстық шай үстінде жалғасын таппақ.

Қызықты өткен кештен кейін жақын танысып қалған жастар осындай жиындарды жиі ұйымдастырып тұруға уәделесіп, үйді-үйлеріне тарады. Кешімізге келген оқырмандар мен "Al Pacino" сауық үйінің ұжымына тағы бір мәрте алғыс айтамыз! Назар салғандарыңызға рахмет! Келесі жиынымызды жіберіп алмаңыздар!

Сурет: massaget.kz

Ұқсас жазбалар: 

Қала тұрғындары, оянамыз!

Туған күн, мереке, атаулы күн...