Ақсу ауданында Рим империясының көне қаласы бар

Ақсу – түркі халықтарына ортақ сөз. Көк бөріден тараған ұрпақтың қай еліне барсаңыз да, бұл атауды кездестіруге болады. Анадолы еліне сапарлап барып, Түркия территориясындағы Ақсу ауданымен таныстық. Анталья провинциясына қарасты әкімшілік бөлікте Кіші Азия тарихынан сыр шертетін мәдени, тарихи орындар көп екен. Отырар мен Сауран, Ақыртас пен көне Тараз қаласы сияқты орта ғасырда гүлденіп, өркениетті қала болған Түркия жерінде Перге деген қала бар. Төмендегі суреттер сол Пергенің тарихынан сыр шертпек.

Пергенің қысқаша тарихы

Ғалымдардың болжауынша, Перге қаласы Троя соғысынан кейін (шамамен б.з.д 13 ғасыр) бой көтерген. Мифологиялық аңыздарда қаланы тұрғызуға бұйрық берген Калхас патша екені айтылады. Теңіз қарақшыларынан сақтану үшін қала Жерорта теңізінің жағасына емес, жағалаудан 11 шақырым алыс қашыққа тұрғызылған. Кіші Азия оңтүстігіндегі ежелгі Памфилия аймағының орталығы болған. Перге әр дәуірде Еуропа мен Кіші Азияда билік жүргізген түрлі империялар мен мемлекеттердің қарамағында болды. Бұл қалада әйгілі көне грек математигі Аполлоний дүниеге келіп, осы қалада қартайғанша өмір сүрген.

Перге б.з.д VII ғасырда Лидия елінің құрамында болды. Б.з.д 546 жылы лидиялықтарға парсылар шабуыл жасап, Кир патша Пергені басып алғаннан кейін, ол парсылардың қолына өтті. Б.з.д 333 жылы Александр Македонский жауынгерлерімен қаланы басып алып, бұл жерді әскери бекініс құрды. Македонский империясының құлдыруынан кейін селевкийліктер қалаға иелік етті. Кейін Пергам патшалығы, б.з.д ІІ ғасырда Рим империясы Пергеде билік құрды. Ұлы империя екіге бөлінгенде, қала халқына әрі қарай Византия империясы билік етті. Перге византиялық императорлар дәуірінде, нақты айтсақ, VII ғасырда өмір сүруін тоқтатты. Қала халқын сумен қамтамасыз ететін су көздері құрғап, елді мекен ауыз суға тапшы болды. Соның салдарынан байырғы тұрғындар Пергені тастап, басқа аймаққа үдере көшті. Оның үстіне бұл кезеңде Кіші Азияда арабтар шапқыншылығы басталған еді.

Түркияның Анталия қаласы туристерді тек демалыс орындарымен ғана емес, түрлі тарихи орындарымен қызықтырады. Түркиядағы көне қалалардың ең көп шоғыры осы Анталья маңынан табылған. Тілге тиек еткен туристік орын – Перге қаласы Антальядан шығысқа қарай 18 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұны бізге Месут есімді жергілікті гид баяндауда.

Қаланың қақпасына жетпес бұрын, бірінші кезекте ортағасырлық ашық аспан астындағы амфитеатр көзге түседі. 15 000 адам еркін сыятын құрылыс нысаны б.з І ғасырында салынып, VII ғасырға дейін жұмыс істеген.

Мұнда көрермендерге арналған 42 қатар бар. 23-і төменгі, 19 қатары жоғарғы секторда орналасқан.

Аласа таудың етегіне тұрғызылған театр ішіндегі екі сектордың ортасына сыртқа шығуға арналған қосымша есіктер салынған.

Театр ішінен ежелгі грек мифологиясындағы құдайлар мүсіндері табылған.

Гидтің айтуынша, Рим империясының тұсында бұл жерде гладиаторлар сайысы ұйымдастырылған. Ортадағы ашық алаңда, қос жауынгер қалың көрермен алдында өмір үшін айқасқан.

Алып тастардан қаланып салынған ежелгі құрылыс нысанын аралай жүріп мынадай шаршы тастарды кездестірдік.

Пергенің гүлденіп, өркениет жайған кезеңі – Рим империясының билік құрып, бұл маңды толық иелік еткен кезі. Бұл дәуірде қалаға көрік беретін сәулетті құрылыс нысандары бой көтерді.

Перге IV ғасырдың бірінші жартысында, Рим империясының императоры Ұлы Константин I билік еткен кезеңде христиан дінінің негізгі орталығына айналды. Осы тарихи жағдайдың белгілері байқалып тұр. Қаланың жоғары жағында ежелгі грек мифологиясындағы пәк, бойжеткен қыз образындағы саятшылық құдайы Артемиданың мүсіні орналасқан. Ежелгі пергеліктер Артемиданың құрметіне жылына бір рет ауқымды діни фестиваль ұйымдастыратын болған.

Қаланы екіге бөліп тұрған орталық көше биік мұнараларымен ерекшеленеді. Кезінде қирап, сан саққа шашылған биік мұнаралар рестоврациялық жұмыстар жүргізу кезінде қайта құрастырылған.

Мұнаралардың биіктігі – 12 м. Кадрға ілінген адамдар бойымен салыстырсақ, мұнараның қаншалық алып, биік екенін аңғаруға болады.

Қаланың кіреберісінде монша орналасқан. Гидтің айтуынша, сонау орта ғасырдың өзінде адамдар тазалыққа қатты мән берген. Пергенің қақпасынан кірген әрбір тұрғын несе қала қонағы бірінші моншаға түсіп, кір қоңынан арылып, содан кейін ғана қала көшелеріне өткен.

Памфилиядағы ең ірі монша Пергеде орналасқан. Жылу жүйесі жерасты құбырлары арқылы және қабырғалар ішінен жүргізілген жіңішке тұрбалар арқылы жұмыс істеген. Орталық көшенің астына қазылып орналастырылған құбырлар арқылы моншаға ыстық су, суық су кедергісіз жеткізіліп тұрған.

Іргесі сөгіліп, үлкен көлемді кірпіштері шашылып жатқан ежелгі моншаның ішкі қабырғалары мрамор тастардан қапталған. Ежелгі құрылысшылар мрамордың гигиеналық тас екенін, оған микроп, бактерия жоламайтынын білген.

Орталық көшемен өрлей жүріп шашылған тастардың шоғырын көптеп кездестірдік.

Алайда мұндағы әр тас жеке-жеке нөмірленіп, базаға енгізілген.

Орталық көшеге жалпақ тастар төселгендіктен жол тегіс жатыр. Көше бойында орналасқан баспалдақтар мен алаңқайлардың биіктігі бірдей.

Театрдағы көне жазуларды жол бойындағы мұнаралардан да кездестірдік. Қашалып жазылған жазудан грек әріптерін байқауға болады. Шамасы, көне грек тілінде жазылса керек.

Қаланың орталығында Агора орналасқан. Бұл маңда сауда орындары жұмыс жасаған және қаланың халыққа ортақ мәселелері талқыланған. Мына суреттен жарнаманың алғашқы белгілері байқалады. Базар кіреберісінде тұрған қабырғаның оң жағында етті ілуге арналған ілгек пен пышақ бейнеленген. Бұл ет павильоны оң жақта дегенді білдіруі мүмкін. 

Ал қабырғаның сол жағында басқа жарнама тұр.

Қаланың жоғарғы жағындағы субұрқақтан аққан су көшенің ортасымен, арнайы жасалған канал арқылы аққан. Бұл Алатаудан бастау алып, Алматының ішімен жоғарыдан төменге құлдилай ағатын Есентай өзені сияқты.

Алматының алақандай көрінетін нүктесі Көктөбе болса, Перге мына бір биіктіктен жақсы көрінеді.

Сәл жоғарыда ғибадатхана орналасқан. Бұл Пергенің ең биік нүктесі.

PS: Өзге елдің тарихын жарнамалап жатқанымыз жоқ, жарнама жасаудың жолдарын меңгеруге шақырғымыз келді. Туристік саланы алға шығару арқылы экономикасын аяғына нық тұрғызған түрік елінен тарихи орындармен мемлекет бюджетін молайтуды үйренсек, қараусыз жатқан қанша мұрамыз қалпына келіп, халқымыз бай тарихымен қауышар еді. Әйтпесе, Перге сияқты көне қалалардың қазақ жерінде қаншасы жатыр?!

Көне қалалар: Ақыртас, Отырар, Күлтөбе, көне Тараз, Сауран.

8-аймақта – 8-керемет. VIII ғасырда салынған Ақыртас қамалы

Базар астынан табылған қала

Жанкент шаһары қалай жойылды? (3D тур)

Орны бөлек Отырар



Бөлісу: