Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйінде қандай экспонаттар сақталған?
Алматы қаласындағы 4450 метрге созылып жатқан Байтұрсынұлы көшесінің бойындағы бөренеден тұрғызылған, нөмірі 60-үйге massaget.kz тілшісі арнайы ат басын бұрды. Себеп, 5 қыркүйек Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 147 жыл толды. (Ахмет Байтұрсынұлының нақты туған күні қашан?) Ұлағатты ұлт ұстазы ғұмырының соңғы күндерін дәл осы мекен-жайда орналасқан 3 бөлмелі үйде өткізген. "Тарихи тұлғаның көзі тірісінде қолы тиіп, кәдесіне жаратқан қандай бұйымдары бұл күндері сақтаулы екен?". Осыны білмекке Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мұражай-үйден фоторепортаж дайындадық.
Жалған жаламен "Халық жауы" атанған алаш ардақтысының есімі тек 1988 жылдың 4 қарашысында ресми түрде толық ақталды. 51 жылдан кейін қара күйеден арылған Ахмет есімі қазақ арасында қайта насихатталды. 1993 жылы 18 ақпанда Алматыдағы Космонавтар көшесіне Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Осы жылдың 9 қыркүйегінде Ахмет Байтұрсынұлы мұражай-үйін ұымдастыру туралы Алматы қаласы әкімінің шешімі шықты.
Алматы қаласында алаш қайраткеріне пана болған үш үй болған. Оның екеуі жаңа құрылыс орындары түсуіне байланысты сүрілген. Ал үшіншісі – суреттегі үй. Ахмет Байтұрсынұлы бұл үйде 1934-1937 жылдар аралығында тұрған.
Мұражайдың ауласы – 160 шаршы метр. Бұл төңірекке Ахмет Байтұрсынұлының бюсті орналастырылып, шырша ағаштары отырғызылған. Демалуға арналған орындықтар да бой көрсетеді.
Мұражай-үй төрт бөлме және бір жертөледен тұрады. Үш залға ғалымның шығармашылық ғұмырына қатысты экспонаттар орналастырылған. Мұражай-үйдің қорында ғалым өмірі мен шығармашылығына қатысты 500-ге жуық ресми құжаттар бар (300-і мемлекеттік мұрағаттан алынған түпнұсқа құжаттар).
Бірінші зал "Ұлттық рухымыздың қайта оралуы" деп аталады. Мұнда Ахмет Байтұрсынұлын ақтау туралы анықтамалар, оған көрсетілген құрмет қағаздары бар.
Залдың жоғарғы бұрышына ілінген Ахмет Байтұрсынұлының төте жазу әліпбиі көзге бірден байқалады.
Төте жазу оңнан солға қарай оқылады. Әліпбидегі әріп саны – 24.
Ахмет Байтұрсынұлының зерттелмей жүрген қырларының бірі – музыкалық өнері. Ол домбыра, скрипка және фортепиано аспаптарында еркін ойнаған. Мына қара пианино – соның айғағы. Аспапты мұражайға 2006 жылы Ахмет Байтұрсынұлының жиеншары Тынысбекова Меруерт Бәкібайқызы өткізген.
Этнограф-ғалымдар Ахмет атамыздың бізге жеткен алты әні, бір күйі бар дейді. Олар: «Аққұм», «Шилi өзен», «Екi жирен», «Қарғаш», «Қараторғай», «Қарагөз» атты әндер және «Ілме» деген күй.
Бірінші залға орналастырылған заттардың арасынан алаш зиялысына арналған еңбектер көп кездеседі.
Ұлт ұстазының ата-тегі жазылған стенд бірінші залдың қабырғасында ілулі тұр. Орта жүз, Арғын, Тәңбісопы деп басталатын шежірені мына сілтемеге өтіп оқи аласыз.
Екінші зал "Қазақ санасының шамшырағы" деп аталады. Ахмет Байтұрсынұлының көзі тірісінде пайдаланған бұйымдарының басым көпшілігі осы залда сақталған.
Ахмет атамыздың қол чемоданы. Торғайлық ақын, ғалым Серікбай Оспановтың жеке қорынан. Жеткізуші – Отарбаев Жанкелді.
Ахмет Байтұрсынұлының жазу машинкасы.
Ғалымның қаламы, сиясауыты, мөртаңбасы.
Публицистикалық еңбектері мен жалпы шығармаларының көшірмелері.
Жез металдан жасалған самаурын, табақ, құман.
Ахмет Байтұрсынұлының фотосуреттері де осы залдан орын алған.
Ұлы қайраткерге серік болып, тағдыр қыспағына бірге төзген Ахметтің жары Бәдрисафаға арналған стенд. Шын есімі – Александра Ивановна. Бәдрисафа өмірінің соңы трагедиямен аяқталған. Балаларынан ерте айырылған ол ерінің қазасынан кейін жалғыздықта өмір сүрді. 1940 жылдары қарттар үйін паналап, сол жерде көз жұмған.
Төте жазу негізіндегі әліпби.
Мұражай-үйдің үшінші залы "Саясат құрбаны" деп аталады. Қараңғылау бұл бөлмеде қуғын көрген Ахметтің тағдыр жолы суреттелетін экспонаттар тұр.
5 рет сотталып, 2 рет айдауға ілігіп, өмірінің соңында ату жазасына кесілген Ахмет өмірін мына экспонат жақсы көрсетіп тұрғандай.
Ахмет Байтұрсынұлының қараңғы қапаста жазған өлеңдері.
Қазақ зиялысын дүниеге әкелген қасиетті Торғай өңірінің топырағы мұражай-үйдің төрінде тұр.
Тарихи тұлғалардың көзі тірісінде қолы тиіп, кәдесіне жаратқан бұйымдарын көзбен көру, бұл бір бөлекше әсер. Келем деген жанға мекеме есігі аптаның алты күнінде ашық.