"Аға-көкесіз көтерілетін Қазақстанды көргім келеді". Алматылық таксистің әңгімесі
Такси кез келген ірі қала өмірінің ажырамас бөлігі. Таксимен бірге "таксист" деген кәсіп түрі пайда болды. Таксидің арғы тегі кейбір деректерде Рим империясына барып тіреледі. Бірақ ХVІІІ ғасырда ғана ресми такси түрлері пайда бола бастады. Оларды "фиакр" деп атады. Арнайы арбакештер адам тасымалдай бастаған. Оған Фиакр деген әулие қамқоршылық етеді. "Таксистер күреп ақша табады" деген сөз сол әулие Фиакрден шыққан. Себебі, оның символы күрек болған.
Көліктер пайда болғасын туристерді қалада алып жүретін машиналар шықты. 1905 жылы арнайы құрылғы – "таксометр" ойлап табылды. "Такси" мен "таксист" сөзі осы құрылғының атауына байланысты шыққан.
Жолдас Сүйінбек Қожахметұлы – 23-те. Түркістан облысы, Мырзакент ауданы Өргебас аулының тумасы. Отбасында алты баласының кенжесі. Аға-әпкерлерінің бәрі үйлі-баранды. Әрқайсының өз жұмысы бар. Ағаларының бірі дәнекерлеуші, екіншісі ауылда шаруашылықпен айналысады. Өзі Алматыда таксист болып күніне 10-15 мың теңге табады.
"Алматыға келуіме себеп – жұбайым. Ол ағылшын тілі бойынша жоғары білімді осында алды. Үйленейін деп жатқанда 3-курста оқитын еді. "Оқу бітіргенше" деп бір жыл қалада уақытша аялдадық. Бірақ 4-курсын аяқтағасын да Алматыда тұрақтап қалдық", - дейді ол.
"Алматыға алғаш келгенде сауда орталығында жұмыс істеп жүрдім. Кейін үйленіп, ұлды болдым. Сосын көбірек ақша табу керек болды. Несиеге көлік алдым. Ақырындап жеткізу қызметінде жұмысымды бастадым. Кейін осы "Яндекс таксиге" келдім. 5-6 айдан бері осы жұмыстамын. Күніне орта есеппен 10-15 мың теңге табыс табамын. Әрине, күндіз-түні еңбектенсең 30 мың теңге табуға болады. Бірақ мен кешке отбасыма уақыт бөлемін. Кешке үйде болуға тырысамын", - дейді таксист.
Сүйінбек Алматыны әлі дұрыс білмейді. Осы қызметте көшелерді жаттап жүргенін айтады
Сүйінбек жер үйдің бір бөлмесін 40 мың теңгеге жалдап тұрады.
"Үйдің жағдайы жоқ. Үйленгесін қаладан пәтер іздеп көрдім. Шамамен бір бөлмелі пәтерлер 150 мың теңге екен. Жұбайым жұмыссыз, баламен отыр. Несие бар, басқа бар, ақша жетпей кетті", - дейді таксист.
Сүйінбек қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда болған. Ауылға кету үшін ұшаққа билет алып қойған екен.
"Дәл 5 қаңтар күні әуежайға қарай шықтық. Бірде-бір машина жоқ. Қалтада қолма-қол ақша да болмаған еді. Тек бір көлік кездесті. Тоқтатып едім, әуежайға бара жатқанын айтты. Бір сағаттан соң ұштық. Содан кейін әуежайды басып алыпты деген хабарды естідік", - дейді ол.
Таксиде жүріп Сүйінбек шетелдік үндістерді көбірек байқаған
Сүйіндік болашақта кәсіп ашқысы келеді.
"Әр адамның өз бизнесі болғаны жақсы. Сауда саласына жақынмын. Болашақта сол салаға кетемін. Төрт қабырға ішінде байланып отыру маған қол емес. Әркім өз-өзіне жұмыс істегенін дұрыс деп есептеймін", - дейді ол.
Ол болашаққа ақша жинап жүрмегенін, тек қазіргі уақытпен өмір сүріп жатқанын айтады.
"Болашақты ойлауға несие мүмкіндік бермейді. Айына үйдің ақысын қоса есептегенде 200 мыңдай несие төлеймін. Кей жерде жұмысыңа сайақы төленбейді, кей жерде керісінше. Қазір бәрі удай қымбат. Амалсыз несиеге байланасың. Кейбіреулер тіпті тойға бола қарызданып жатады. Бұл ақымақтықтың шыңы шығар. Тойды жағдайың келсе жаса, болмаса сенен ешкім сұрамайды. Ата-анамыз ғой "біреудің тойына бардық, біз де той істейміз" дейтін. Кейінгі буын – біз сол түсінікті бұзып-жаруымыз керек. Болашақта аз ақшаға туған-туысыңды шақырып қана той өткіз. Оданда сол қаржыны жастардың болашағына бер", - дейді таксист.
Сүйінбек ауылға қайтпаймын дейді.
"Ауылда не істейсің? Мұғалім болу керек. Оқу бітіріп, педагог болып барғанның бәріне жұмыс табыла бере ме?Немесе дәрігер болуың керек. Не болмаса әкімшілікке барып, айлығы 50 мың теңгелік жұмысқа орналасасың. Әйтпесе, ол жақта да таксист болып ақша табасың. Күнделікті таксилетіп әр адамнан 100-200 теңге алғаның неге жетеді", - дейді ол.
Сүйінбектің әзірше болашақты ойлайтын жағдайы жоқ, қазіргі мақсаты - несие жабу.
"Алматыда алдымен үй алу керек. Үйлі болуды армандаймын", - дейді ол.
Кейіпкеріміз Алматыға келіп, ортаға тез бейімделіп кеткен. Адамдарды жеріне қарап бөлмеймін дейді.
"Барлық жерде жақсы адам да, жаман адам да болады. Шымкент десең біртүрлі қарайтындар бар. Бірақ, Алматыда да тек пәк адамдар жүрген жоқ қой. Адам - барлық жерде адам", - дейді ол.
Сүйінбек таңертең 08:00-де жұмысқа шығады. 4 мың теңгедей күнделікті шығынан жұмсайды. Барынша аз шығындалуға тырысады. Көп жағдайда үйінен барып тамақ ішіп кетеді.
Сүйінбектің айтуынша, қазақты құртатыны - көреалмаушылық, іштарлық. Бұл адамды жақысылыққа апармайды.
"Көре алмаушылық ішітарлық қоғамға жақсылық әкелмейді. Алғашқы қан төгілуге себеп болған да осы іштарлық. Бұл адамзатқа баяғыдан жабысып, ажырамай келе жатқан жаман әдет", - дейді ол.
"Барлық салада бір нәрсені өзгерту керек! Әркім өз мамандығымен жұмыс істеуі керек, сонда бәрі дұрыс болады деп ойлаймын. Ортаға адам салып, парамен, "бәке-сәкемен" жүретін пысақайларға жаным қарсы. Болашақта аға-көкесіз көтерілетін Қазақстанды көргім келеді", - дейді ол.