"Youtube-тен үйрендім". 14 жасында кәсіп бастаған жасөспірім кәсіпкермен сұхбат

Қазір ержетіп келе жатқан заманауи жастардың ойлау қабілеті бұрынғыдан өзгеше. Жасына қарамай байыпты ойлап, не істесем екен деп жүретін жастардың арасында істің көзін тауып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар да бар. Солардың бірі - 16 жастағы Байыр Қанайұлы. Байыр қазақша контентті көтеру мақсатында ұлт зиялыларының суретін, нақыл сөздерінен авторлық дизайнын жасап киімдерге басып шығарады. Алғаш табысын 11 жасында тапқан жасөспірім бұл кәсібін 14 жасында бастаған. Жастайынан қатарластарынан ерекшеленіп, табыс тауып отырған Байыр Қанайұлымен Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.

Сұхбатты кейіпкер өз өмірбаянынан бастады. 

Байыр Қанайұлы. ©️Massaget.kz/ Болат Айтмолда

"11 жасымда анама 1700 теңге апарып бердім"

Байыр қазір 16 жаста. Астана қаласында туып, Алматыға көшіп келгендеріне 7 жыл болған. Алматыға көшіп келген бойда анасы баламен үйде, әкесі біраз уақыт жұмыссыз отырған. Ата-анасының қаржыдан қиналып отырғанын көріп, түсінген Байыр жұмыс істеп, 11 жасында өміріндегі алғаш табысын тапқан. 

"Ата-анамның нан алуға ақша таппай, қиналып отырғанын түсініп жұмыс іздеуге кірістім. Біз тұратын ауданда тамақ дайындайтын көпшілікке танымал апа бар. Тамаша есімді апамыз бірнеше жас баланы қатарға тұрғызып, терезесінен тамақты шығарып, тапсырыс берген адамға жеткізу керегін айтады. Әр тамақты жеткізіп, барып келгенге 100 теңгеден береді. Сол күні барлығы 17 рет тамақ жеткіздім. Кезекте тұрған 5-6 бала Тамаша апаның шығуын күтіп тұрады, ал апаның қашан шығатыны белгісіз, ол кез келген уақытта шығып "кім бар? тамақ жеткізу керек" деп айтуы мүмкін. Күн аяқталып, тапқан 1700 теңгені анама апарып бердім" дейді жастайынан еңбек етіп үйренген жасөспірім.

Байыр Қанайұлының жейдеге басқан суреті. ©️Massaget.kz/ Болат Айтмолда

Анасы Байырдың не істеп жүргенін көру үшін бір күні артынан аңдыған, өз көзімен көргеннен кейін баласына мұндай тірлікпен айналыспауын сұраған. Дегенмен 11 жастағы жас Байырдың ата-анасына көмектескісі келген ниеті мен ақша тауып, тірлік істеуге деген құлшынысы қайта қоймапты.

"Арнайы оқу сатып алуға ақшам болмады, Youtube қосымшасынан видео қарап үйрендім"

Кейінірек Байыр ұялы телефондағы қосымша арқылы пицца секілді фаст-фуд жеткізіп бастаған. Осылай уақыт өте басқа бағытта жеке кәсібін бастауға деген ниеті ашылған. Сонымен қатар, Байыр "аниме" атты жапон анимациясына қызығатын көрінеді. Аниме көруге деген сүйіспеншілігі оны түрлі жапсырмалардың дизайнын жасауға алып келген. 

"Кәсіп бастау ойыма келген кезде 14 жаста болдым. Басында бұл істі үйрену үшін арнайы оқуын сатып алуға ақша болмады. Сондықтан Youtube қосымшасынан шет ел азаматтарының киімге сурет басатын видеоларын қарадым, киімге сурет басумен айналысу үшін қандай құралдар керегін іздедім. 

Алғашында киімге сурет басуға арнайы құралы болмады. Ұялы телефонға қосымшаларды жүктеп алып, дизайнын салып, оны көшірме жасайтын жерге барып шығарып алатын едім. Бұл арнайы қағаздарды күнделікті үтікпен де басуға болады, сондықтан шығартқан суреттерімді үйге әкеп қарапайым үтікпен басып жүрдім" дейді жас кәсіпкер.

©️Massaget.kz/ Болат Айтмолда

"Дубайға барып қызығушылығым артты"

Биыл жыл басында Байырдың анасы жиған-тергенін жинап, "балаларым ел көрсін, жер көрсін" деген мақсатта отбасымен Дубайға қыдырып барған. Байырдың айтуынша, кәсіпті нақты қолға алып, жауапкершілікпен қарауына осы сапар түрткі болған.

"2023 жылдың басында Дубайға қыдырып бардық. 14 жастан бері суретті үтікпен басып жүрген едім, кәсіпті нақты қолыма алмадым. Сурет басылған киімдерді әлеуметтік желі арқылы сатып жүрдім. 

Дубайда бұл кәсіптің дамығанын, сұраныс көп екенін көрдім. Ол жаққа туристер көп баратын қала болғандықтан, онда кішкентай бір үстелдің үстінде принтер және сурет басуға арнайы кішкентай ғана құралы тұрады. Бізде мұндай жоқ қой, ал ол жақта бұл дамыған кәсіп. Сонымен қатар, Дубайда қараңғыда жанатын, фосфор суреттер жақсы сатылады екен, адамдар да сұрап көп келеді. Мысалы, өз есіміңізді киімізге жазғызғыңыз келсе, кез келген үстелге барып атыңызды айтасыз. Ноутбуктегі қосымшаға сіздің атыңызды жазады, әдемілеп дизайнын жасайды да принтермен шығарады. Кейін киіміңізге жабыстырып береді. Бұған бар-жоғы 7-8 минут уақыт кетеді" дейді ол.

Мұны көрген Байыр елге оралғаннан кейін қызығушылығы артып, мен де осындай кәсіп бастаймын деген шешім қабылдайды.

"Ең бірінші суретті киімге басу туралы ғана ойым болды. Дегенмен бұл елімізде қатты танымал емес, оның үстіне өзіме күшті секілді көрінбеді. Дубайда жасайтын қараңғыда жанатын суретке сұраныстың көп екенін көргеннен кейін елге оралып, кәсібімді түрлендіру туралы ойландым" дейді Байыр.

Байыр Қанайұлы. ©️Massaget.kz/ Болат Айтмолда

"Тірлік істеймін деген адамға мүмкіндік көп"

Байырдың идеясының жүзеге асыруында анасы Қарлығаштың еңбегі зор. 15 жастағы баласының кәсіп бастағысы келетінін естіген анасы қуанып, бірден қолдау көрсеткен. Несиеге бірнеше принтер, арнайы құралын, ноутбук сатып алып берген. 

"Балам кәсіп бастағым келеді деген кезде қажетті құралдарды несиеге алдық. Біз қарапайым отбасымыз, бай емеспіз. Қазір кәсіп бастаймын, тірлік істеймін деген адамға мүмкіндік көп", - деді Байырдың анасы Қарлығаш.

Дүкенде тұрған Байыр сурет басқан киімдер. ©️Massaget.kz/ Болат Айтмолда

 "2 сағатта 100 жейдеге сурет басып үлгеремін"

Байыр жұмыстың барлығын, дизайнынан бастап сурет басуға дейін өзі істейді. Ол көбінесе шетелдік дизайндарға қарап, ұқсас етіп жасауға тырысады екен. Бұл жұмыс оған көп уақыт алмайтындықтан, өз идеясына ден қоя алатындықтан ұнайды.

"Бірінші тапсырыс берушінің қалауы немесе тапсырыс болмаса, өз қалауыммен киімге басатын дизайнды ноутбуктегі қосымшада жасап аламын. Дайын дизайнды арнайы қағазға принтер арқылы басып шығарамын. Сосын құралды қыздырып, киімге басамын 20-30 ішінде дайын болады" дейді талабы таудай жасөспірім.

©️Massaget.kz/ Болат Айтмолда

©️Massaget.kz/ Болат Айтмолда

©️Massaget.kz/ Болат Айтмолда

Сурет басу үшін матаның екі түрі бар. Біреуі синтетика, екіншісі мақта. Бұл матаның әр түрінің өз арнайы қағазы бар. Яғни, бірінің қағазы екіншісіне қолдануға жарамсыз. Мысалы, мақта матаға сурет қағазымен жабысады, ал синтетикаға тек бояудың өзі басылады. Ол үшін дизайнды қағазға басып, қыздырып, кейін қағаздағы бояуды синтетика матаға жабыстыру керек. 

Байыр сағатына барлығы 10 киімді басынан аяғына дейін дайындап үлгереді. Ал егер барлық киімге бір сурет басу керек болса, 2 сағатта 100 жейде басып үлгереді. 

©️Massaget.kz/ Болат Айтмолда

"16 жасымда 1 миллион теңге табыс таптым"

Байырға анасы жергілікті базардан жейде сатып әкеп береді. Байырдың айтуынша, әр жейденің көтерме бағасы 1000 теңге. Киімге сурет басуға арнайы қағазының 10 данасы 2500 теңге тұрады, бұл қағаз шамамен 50 жейдеге жетеді.

"Мысалы, 100 жейдені 1000 теңгеден алғанда, оның бағасы 100 мың теңгеге шығады. Ал, сурет басылған жейдені біз 2500 теңгеден сатамыз. Сонда 100 жейде сатылса, таза табыс 150 мың теңге болады. Тек жейде емес, жемпірлерге де сурет басамын, бір жейдеден 1500 теңге табыс қалса, мұндай жемпірден 3000-4000 теңгеге дейін түседі" дейді кейіпкеріміз. 

Жалға алып отырған жұмыс орнына ай сайын 50 мың теңге төлейді. 

©️Massaget.kz/ Болат Айтмолда

Ал бұл жейделерді сату үшін Байыр өздері тұратын тұрғын үй кешенінде орналасқан дүкеннің бірінің иесімен келіскен. Өзі жасаған дизайн басылған киімдердің біршама бөлігі сол дүкенде тұр.

Байыр Қанайұлы сурет басқан киімдер топтамасы. ©️Massaget.kz/ Болат Айтмолда

"Мұнда айына кем дегенде 150 жейде өтіп кетеді. Бұдан бөлек жеке кәсіпкерлерден түсетін тапсырыс бар, олар көбінесе қол астындағы қызметкерлеріне арнап киімге сурет басады, брендинг жасайды. Әрбір тапсырыс беруші 30-40 жейдеден тапсырыс береді. Сонда 16 жасымдағы таза табысым 2-3 айдың ішінде 1 миллион теңге болады.

Қазір тапсырыс ағымы көбейді. Мысалы бір балабақша тапсырыс беретін болса, кем дегенде 20-30 киімге береді. Одан басқа да келетін тапсырыс беруші кәсіпкер көп" дейді істің көзін тапқан жасөспірім.

Байыр Қанайұлы брендін "Bayer" деп атаған. ©️Massaget.kz/ Болат Айтмолда

Бұл Байырдың алғашқы дизайндарының бірі. Байыр Қанайұлы. ©️Massaget.kz/ Болат Айтмолда

Байыр жақында ғана өзіне жаңа, қымбат велосипед алған. Веловипедті алу үшін Байыр біраз күн тынбай еңбек еткен. 

"Жалпы медицина мамандығын таңдап, хирург болғым келеді"

Байыр қазір Кемертоған орта мектебінде 10 сыныпта оқиды. Ол мектепте оқу үлгерімі үздік оқушылардың бірі. Физика, химия пәндерінен олимпиада жеңімпазы, спортқа бейім. 

"Бір жылдан кейін мектеп қабырғасын аяқтап шығатын болғандықтан, ойымда екі жол, таңдау тұр. Біріншісі, осы кәсібімді дөңгелетіп, жалғастырсам, ары қарай дамытсам деймін. Екіншісі, жалпы медицина мамандығын таңдап, хирург болғым келеді" дейді ол болашақ арманы жайлы. 

Байырдың айтуынша, бұл кәсібін оқумен бірге алып жүріп, үлгеру ешқандай қиындық туғызбайды. Таңертең мектепке оқуына барады, түстен кейін жұмыс орнына келеді.

Байыр Қанайұлы. ©️Massaget.kz/ Болат Айтмолда

"Tірлік істеймін деген баланың бетінен қақпау керек"

Байырдың анасы тірлік істеймін деген баланың бетінен қақпау керегін айтады. 

"Әлі ұлыма көп еңбектену қажет. Дизайндарын әрлендіру керек. Бірақ мен оған сенің мына дизайның нашар, мынау жаман деп айтпаймын. Өйткені адамның бетін қақсаң, оның қызығушылығы кетіп, жабылып қалуы мүмкін. Оның орнына дизайнмен тағы бірақ жұмыс істеу керек секілді, мына жерін дұрыстап жіберсек қалай деп айтамын", - дейді анасы. 

Байыр Қанайұлы. ©️Massaget.kz/ Болат Айтмолда

"Отандық танымал өнім, бренд шығарғым келеді"

Сонымен қатар, Байыр алдағы уақыттағы жоспары мен мақсатын бөлісті.

"Алда жаңа жыл мерекесі келе жатыр. Мейрамға дайындық ретінде сурет басылған киім мен шыныдан жиынтық қорабын жасасам деп жоспарлап отырмын. 

Келесі жылы мектеп бітерімін. Жоғары оқу орнына түскеннен кейін де кәсібімді жалғастырамын деп отырмын. Басты мақсатым жақын арада DTF принтер сатып алып, тауардың сапасын жақсартсам деймін. Оған қоса, орталықтан дүкен ашып, сұранысты көбейткім келеді. Дизайнды тек қазақи нақышта, қазақ зиялылары суреті, қазақ тілдегі сөздермен жасап, отандық танымал өнім, бренд шығаруды жоспарлап отырмын дейді ол.

Байырға Алматы облысының әкімі "Ең жас кәсіпкер" алғыс хатын табыстаған. 

Бұдан бөлек Байыр үнемі түрлі бизнес гранттарға қатысып, кәсіпкерлер ортасында белсенді. Оған қоса, қаладағы көрмелерге де жиі қатысып тұрады. 

©️Massaget.kz/ Болат Айтмолда



Бөлісу: