Massaget.kz Абай атындағы ҚазҰПУ жастарымен кездесті

Massaget.kz Абай атындағы ҚазҰПУ жастарымен кездесті

Бүгінгі таңда ғаламтордың маңызы зор болып тұр. Керегіңіздің барлығын дерлік осы ғаламтор әлемінен таба аласыз, ол әрине тұтынушылар үшін өте пайдалы. Интернет күн сайын жаңарып, қоғамдағы қажеттілігі мен қолайлылығы арта түсуде. Оның пайдалы немесе зиянды болуы өзіңізге, қай бағытта қолданғаныңызға байланысты. А. Байтұрсынұлының "Газет — халықтың көзі, құлағы һәм тілі" деп айтқан сөзіндегі "газет" сөзін қазіргі таңда "ғаламтор" алмастыра алатын сияқты. Жаһандану заманында "газет", "журнал" қызметі де осы ғаламтор жүйесіне ауысып келе жатыр. Студенттердің интернет-журналистиканы қалай түсінетінін және ол туралы не білетіндерін білмек болып Massaget.kz тілшілері "Жаңа медианың жаңа мүмкіндіктері" тақырыбында Абай атындағы педагокикалық институт студенттерімен кездесу өткізді.

Сағат 13.00-ге ұйымдастырылған кездесудің басталуына да аз ғана уақыт қалды. Кездесуге филология факультеті, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мамандығының студенттері толықтай жиналды. 

"Көш бастау қиын емес, қонатын жерде суы бар. Қол бастау қиын емес, шабатын жерде, жауы бар. Шаршы топта сөз бастау қиын, Шешімін таппас дауы бар", - демекші, тілшілеріміз орындарына жайғасып, ойларын түйіндеу үстінде.

Кездесудің шымылдығын түріп, сөз бастаған – қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Темірхан Тебегенов ағамыз болды. Ол кісі өзінің интернет-журналистиканы барынша қолдайтынын және өзі де көп жаңалықты осы жерден оқып білетінін айтты.

Келесі кезекті бүгінгі кездесудің негізгі ұйымдастырушысы әрі жүргізушісі Жасұлан Исақаев жалғастырып, ғаламтордың пайдасы мен журналистика жөнінде түсіндіріп өтті.

Кездесу барысында көпшілігінің бұл салаға қызығушылығы жоғары екені байқалды. Осында айтылған ұтымды ойлар мен керекті кеңестерді дәптерлеріне түртіп алып жатты.

Сайтымыздың спорт айдарының тілшісі Өмірбек Сансызбаев Жаңа медианың жаңа мүмкіндіктеріне тереңірек тоқталды. Газет басылымдарына қарағанда ғаламтор жүйесінің жылдам таралатынын айтып өтті.

Арасында Темірхан ағамыз бүгінгі күлкі күнімен құттықтап, өз шәкірттерін бір күлдіріп алды.

Массагет сайтының тарихынан бастап ішіндегі әр бөлім, айдарларына жеке-жеке тоқталып, сайтымыздың қалай жұмыс жасап жатқанын Шерхан Талап сөз етті. Ол порталдың болашақтағы жоспарлары туралы айтуды да ұмытпады. 

Студенттердің барлығы дерлік мұқият тыңдап, айтылған ойлар мен пікірлерден өздеріне қажеттісін көңілдеріне тоқып отырды.

Кей түсініксіз жайттар мен көкейдегі сұрақтарын тілшілерімізге қарай жолдады. Өз кезегінде сайт тілшілері де сұрақтарды жауапсыз қалдырмай, барынша тұщымды жауап беруге тырысты.

Жолдас Өрісбай сайтымыздағы блог, форум бөлімдеріне кеңінен тоқталды. Болашақта заман талабына сай азамат пен азаматшалар болу үшін қандай қадамдар жасай алу керектігі жөнінде де сөз қозғады.

Кей студенттер өздерінің түрлі бағыттағы ұсыныстарын білдіріп, тілшілерімізге ой салды. 

Сайтымыздың жоба жетекшісі Еркебұлан Қайрахан негізгі мамандығы "Мұнай инженері" екендігін айтып, журналист болу үшін тек журналистика саласында оқу міндетті емес екенін жеткізді. Және ойы орамды, тілі қарымды жастар болса, кез келген студент біздің сайтымызда жұмыс жасай алады деп сөзін қорытындылады.

Түрлі сұрақ қойылып, пікір алмасулар болып, кездесу жоғарғы дәрежеде өтті. Тіпті бір сағаттық уақыттың қалай өткені де байқалмай қалды.

Кездесуде белсенділік танытып, ұтымды ойларын байқата білген студенттерге сыйлықтар табысталды. Біз де студенттерге разылығымызды айтып, қоштастық.

Сурет: ©Мassaget.kz