MBFWA: Оттепель брендінің топтамасы
19 қазан күні The Ritz-Carlton Almaty-да Mercedes-Benz Fashion Week сән апталығының соңғы көрсетілімі өтті, − деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.
Mercedes-Benz Fashion Week − еліміздегі көптен күткен шараларының бірі. Аталмыш шара Қазақстандық сән индустриясының дамып, өркендеп келе жатқанының бірден-бір дәлелі десе болады.
Оттепель деп аталатын бренд өзінің бойына Алматы мен Нью-Йорктың қалалық мәдениетінің үйлесімін сіңірген. Бұл брендтің басты мақсаты − адамдардың ішкі бостандығы мен шығармашылығын қолдау.
Бұл үлгі спорттық стильде жасалған. Алайда, қыздың белдемшесі мен қанаттары оны жүгіруге емес, ұшуға дайындайтын секілді. Онымен қоса, былғарыдан жасалған киіммен дене шынықтырған адамды бірінші рет көріп отырмыз.
Көйлектің сыртынан киілген бостау күрте бізге бомбер күртесін еске салады. Расында да бомбер басында ұшқыштарға арнайы тігілген еді, мына модельдің үстіндегі күрте қазіргі ұшқыштардың киетін күртелеріне ұқсас келеді. Модель сарылау келгендіктен, аяқ киімінің түсі соған лайықтап таңдалған. Үстіндегі күртесі болмағанда, бұл қызды барби қуыршағы екен деп қаласың.
Классикалық түстер үйлесімі "көк-қара-қызыл" көрерменді таңғалдырмайды. Алайда бұл үлгідегі адамның назарын аударатын нәрсе − бренд атауының ізі. Ол жарыққа түскенде сары-жасыл түсте боялғандай көрінеді. Дизайнерлердің бұл жердегі мақсаты белгілі болды деуге болады.
Бұл үлгіде дизайнерлердің түстермен эксперимент жасамағаны білінеді. Яғни, классикалық қызғылт-көгілдір түстердің үйлесімін көріп тұрмыз. Әрине, бұл сынға ұшырамайтыны белгілі. Қуыршаққа арналып тігілгендей бұл көйлекті жас қыздарға кешкі шараларға киюге болады. Ал бұндай мүмкіндік дизайнерлік подиумдық топтамаларда көп кездесе бермейді.
Бұл үлгідегі жилет жоғары аталған бомбер күртесіне ұқсас келетіні анық, тек қолы ашық келгендіктен және түймесі жоқ болғандықтан, бомбер деп айта алмайсың. Былғарыдан жасалған шортыны жылтыр, жыртық шыршаны безендіруге арналған нәрселерге ұқсас келетін "белдемше" жауып тұр. Спорт па, урбандық стиль ме?
Бұл түстер үйлесімін біз осы топтамада үшінші рет кездестіріп отырмыз. Бұл үлгідегі жеңіл жейде мен тізеге дейін келген шорты кез келген жігіт киетін киім екені сөзсіз. Алайда, былғарыдан жасалған жейдені әркім кие бермейді. Дизайнерлер мұнысымен жас жігіттерді былғарыға көзқарасты өзгертуге шақырады.
Тігісі өзгеше келетін бұл көйлектің басты элементі − гүл. Кеудені толық жауып тұрған аяқ киімнің түсімен сәйкес келетін гүлді көргенде қыз-келіншектер қызығып кететіні анық. Үй жағдайында қолдан тігілгендей көрінетін бұл үлгідегі көйлек ақ өңді, сарылау келетін қыздарға жарасады.
Урбандық стильдегі бұл көйлек таза дизайнерлік үлгі деп саналады. Себебі, жеңдері жыртылып, түсіп қалғандай көрінгендіктен, бұны ерекше стильге жатқыза аламыз.
Бұл модельдің үстіңгі бөлігіне қарап "міне, нағыз спорттық стиль!" деп бастайсың да, көзіңді төменге түсіре келе, бұл пікірден бас тартасың. Былғарыдан жасалған шорты күртеге лайық келе ме? Күрте, сөзсіз, күнделікті киюге лайық. Ал шортыны кез келген жігіт кие бермейді...
О, жаңа түс! Бүгінгі топтаманың түстеріне үйренген көзіміз мына аяқ киімге қарап, таңғалды деуге болады. Қайтадан, шыршаны безендіретін нәрсені көріп тұрған сияқтымыз. Қарапайым көйлекті ерекшелендіріп тұрған бұл не нәрсе екен? Жауапты әр адам өзі табар. Ал біз топтамамен танысып болып, заманауи, урбан, бірақ кішігірім классикалық элементтері бар стильдегі киімдерді көрдік деп айта аламыз.
"Оттепель" брендінің сән әлемінде пайда болғанына міне, үшінші жыл толды. Брендтің болашағы бар ма, сіз қалай ойлайсыз?
Сурет: @massaget.kz