K-park пен Alatau city: корей диаспорасы болашақ шаһардың іргетасын қалай қалап жатыр?

K-park пен Alatau city: корей диаспорасы болашақ шаһардың іргетасын қалай қалап жатыр?

Алматы облысында жаңа дәуірдің бастауына айналған ірі жоба іске қосылды. Болашақтың қаласы Alatau City-де мәдени-іскерлік орталық K-park-тың алғашқы іргетасы қаланды. Қазақстан корейлерінің ассоциациясы көтерген бұл бастама корей диаспорасының елде өмір сүріп келе жатқанына 90 жыл толуына орай, инвестициялар мен инновацияға жол ашатын кең ауқымды үдерістің алғашқы қадамы болды.

Болашақтың қаласы

Alatau City – Қазақстанның жаңа іскерлік әрі инновациялық орталығы ретінде ел экономикасының драйверіне және инвестициялық саясаттың жаңа үлгісіне айналмақ.

Президент өз Жолдауында дәл осы жерде жаңа инвестициялық саясатты жүзеге асырудың, жоғары технологиялық өндірістерді дамытудың және заманауи орталық қалыптастырудың бастамасы болатынын атап өтті. Арнайы мәртебеге ие жаңа қала үкіметке тікелей бағынатындықтан, ол бизнес пен инновацияға арналған халықаралық алаңға айналмақ.

"Біз жаңа қаланы жолдан емес, саябақтан бастаймыз. K-park – алматылықтар мен жақын маңдағы тұрғындар үшін демалыс пен мәдени өмірдің орталығы әрі инвесторлар үшін тартымды нысан болады", – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев салтанатты рәсім барысында.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Әкімнің айтуынша, жобаның символдық мәні де зор – болашақ қаланың құрылысы ең әуелі мәдени кеңістіктен басталды.

"K-park – бұл аймақ пен ел үшін символдық жоба. Біз жаңа кезеңді мәдени нысаннан бастап отырмыз, ол болашақ қаланың өзегіне, инвесторлар үшін алаңға айналады. Бұл – Alatau City-ді нағыз инновациялар орталығына айналдырудың алғашқы қадамы", – деді ол.

Қазір Alatau City-де 18 жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың ішінде құны 81 миллиард теңге болатын PepsiCo зауыты мен 43 миллиард теңгелік Eastcomtrans көлік-логистика орталығы бар. 6,8 мың гектар аумақта 12 "өсу нүктесі" айқындалды, олардың айналасында жаңа индустриялық аймақтар, әлеуметтік және мәдени нысандар қалыптасып жатыр.

K-park – жаңа қаланың бет-бейнесі

Alatau City-дегі алғашқы инвестициялық жоба ретінде саябақтың таңдалуына ерекше мән беріліп отыр. Бұл символдық шешім: жаңа қалалар ең алдымен адамдардың өмір сүруіне қолайлы орта құрудан басталуға тиіс.

K-park жобасының эскизі

Оның жалпы аумағы - 10 гектар. Бұл - Алматы облысындағы барлық саябақтың бесінші бөлігі. Ол Golden District – білім, денсаулық сақтау, мәдениет пен креатив индустриялар шоғырланған ауданның жүрегінде орналасады. Мұнда Қазақ халқына алғыс мемориалы, бірегейлік бағы, "Өмір ағашы" арт-нысаны, кітапхана, интерактив музей және тарихи реконструкция аймақтары пайда болады.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

"Біздің ата-бабаларымыз 1937 жылы екінші отаны - қазақ жеріне қоныс тепті. Бұл саябақ – қазақ халқына көмек пен өмір сүруге, дамуға мүмкіндік бергені үшін алғысымыз. Бұл – еңбек етіп, Қазақстанды өркендеткісі келетін жастарға арналған орын", – деді Қазақстан корейлер Ассоциациясының төрағасының міндетін атқарушы Юрий Цхай.

K-park жобасының эскизі

Болжам бойынша, жыл сайын K-park-қа 3,5 миллионға дейін адам келеді. Осылайша ол өңірдің ең ірі рекреациялық аймағына айналып, Alatau City-дің ғана емес, бүкіл облыстың визит нүктесіне айналмақ. Нью-Йорктегі Орталық парк немесе Лондондағы Гайд-парк секілді ол да қала дамуының жаңа стандартына айналып, қаланың маңызды бөлігі болады.

Естелік, алғыс пен ұлтаралық келісім

K-park тарихы өткен ғасырмен сабақтас. 1937 жылы ондаған мың корей Қазақстанға жер аударылды. Барлық қиындыққа қарамастан, олар өз мәдениетін сақтап, елдің экономикасына, ғылымы мен мәдениетіне зор үлес қосты.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Бұл парк – қазақ халқына көрсеткен қолдауы мен қонақжайлығы үшін алғыс белгісі әрі диаспораның тарихи рөлін мойындаудың айғағы.

"Біз жай ғана іргетас қойып жатқан жоқпыз, Қазақстан халықтарының бірлігі тарихында жаңа парақ ашып отырмыз. K-park – тек сәулеттік нысан емес, бұл – келісім мен өзара құрметтің символы. Ол прогресс пен ортақ естелікті сақтауды үйлестірген болашақ Қазақстанның бейнесін айқындайды", – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Жеке бастама және инвестициялар

K-park жеке инвестициялар есебінен салынып жатыр. Қазақстан корейлерінің Ассоциациясы 20 миллион АҚШ долларын құйды. Бұл қоғамдық ұйымдардың ел дамуына толыққанды үлес қоса алатынын көрсеткен мысал болды.

"Жобаны бүкіл корей қоғамдастығы бірігіп жүзеге асырды: бизнес, ғалымдар, сәулетшілер – барлығы қатысқандықтан, парк салыстырмалы түрде арзанға түсті. Бұл – Қазақстанның дамуына қосқан үлесіміз әрі бірліктің символы", – деді Юрий Цхай.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Инвесторларды тарту орталығы

K-park-тың іргетасы Almaty International Forum 2025 форумымен қатар өтті. Форум екі күн бойы билік өкілдері, халықаралық және отандық инвесторлар, бизнес-қоғамдастық пен сарапшылардың басын қосып, қала инфрақұрылымын дамыту, көлік логистикасы, "жасыл" технологияларды енгізу және экономиканы цифрландыру мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.

Фото: Нұртас Қасымханов

Форумда Alatau City-дің Қазақстан экономикасының жаңа өсу нүктесіне, халықаралық диалог алаңына айналуы ерекше айтылды. Индустриялық аймақтар мен инновациялық технологиялар бойынша жобалар талқыланып, келісімдерге қол қойылды.

"Бүгінде Alatau City – мүмкіндіктер аймағына айналып жатыр. Біз инвесторлар үшін ашық әрі тиімді жағдай жасауды көздеп отырмыз, сонда қала капитал, технология және адами әлеуеттің жаңа тартылыс орталығына айналады", – деді Қазақстан корейлерінің Іскерлер клубы төрағасы Юрий Ким.

Фото: Нұртас Қасымханов

K-park – мәдени және инвестициялық бастамалардың бір жоба аясында тоғысуының айқын мысалы. Ол Alatau City-дің Орталық Азиядағы жаңа экономикалық және мәдени орталық ретіндегі бейнесін қалыптастырады.

Халықаралық қызығушылық және Кореяның қолдауы

K-park жобасы халықаралық деңгейде кең қолдау тапты. Корея өкілдері бұл бастаманың символдық мәнін ерекше атап өтіп, оны өткенге тағзым мен болашаққа ұмтылыстың үлгісі ретінде бағалады.

"K-park өткенді еске салып қана қоймай, болашаққа ұмтылыстың да символына айналады. Корейлер Қазақстан халқының небары 0,6 пайызы болғанымен, олардың мәдениет, экономика және саясатқа қосқан үлесі зор. Бұл жоба халықтарымыздың достығын күшейтіп, алғашқы қоныс аударушыларға деген алғысымызды айшықтайды", – деді Корея Республикасының Алматыдағы Бас консулы Ха Тэ Ук.

Фото: ©️ Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Кореяның шетелдік корейлер істері жөніндегі агенттігі департаменті директорының орынбасары Квак Самджу да Alatau City мен K-park Қазақстан дамуының жаңа бустеріне айналып, елді Орталық Азияның мәдени және экономикалық орталығы ретінде танытатынын атап өтті.

Қорытынды

K-park – Alatau City-дің "бет-бейнесі", мәдени жүрегі әрі инвестициялық тірегі. Парк алғашқы қонақтарын 2027 жылы қабылдап, заманауи болашақ қаласының амбициялық арманын жүзеге асыратын бастау нүктесіне айналады.