"9 жылда жол апатына да түспегем, айыппұл да болмаған". Тек әйелдерге арналған автомектеп ашқан кәсіпкер арманын айтты
Ұлдана Әділханқызы - Алматыда алғаш рет тек әйелдерге арналған автомектеп ашқан кәсіпкер. Оның айтуынша, бұл мектептің басқа автомектептерге қарағанда бірнеше айырмашылығы бар. Біріншіден, мұнда әйелдер ғана білім алып, әйелдер ғана қызмет етеді. Екіншіден, кәсіпкердің негізгі мамандығы - психолог, сондықтан ол жолдағы қорқынышты жою үшін арнайы әдістеме ойлап тапқан.
Автомектеп негізін қалаушы Ұлдана Әділханқызы Таразда, Айшабибі аулында дүниеге келген. Оның жасы 36-да, 4 баланың анасы. Кәсіпкер Сәтпаев атындағы Политехникалық университетін программист мамандығы бойынша аяқтаған. Кейін екінші әрі негізгі мамандығы ретінде психологияны таңдап, 10 жыл бойы бұл сала маманы ретінде қызмет етіп келеді. Ұлдана Әділханқызының айтуынша, ол тіпті автомектепте маркетолог болып қызмет атқарған.
©️ Massaget/ Болат Айтмолда
"Алғашқы көлігім - ақшыл көк жигули"
Ұлдана Әділханқызы 8-сыныпта көлік айдап үйренген. Ал жүргізуші куәлігін жүкті болғанда алған.
"Алғашқы көлігім - ақшыл көк жигули. 2009 жылы жигулиді 100 мың теңгеге сатып алғанбыз. Ол кезде жүргізуші куәлігім бар, бірақ онша айдамайтынмын. Куәлік алу үшін емтиханды өзім барып тапсырдым. 2007 жылы МАИ-ге барып тапсырдым. Ол кезде жүкті едім, 9-ай, шілдеде барып тапсырғаным есімде. Алдымен теория, кейін жүргізу емтиханы болды. Сол кезде жұрттың бәрі маған "қалай парасыз тапсырдың?" деп таңғалған. Мен өз күшіме сендім. Жүкті болып жүріп, көлік айдап жүрдім, бірақ көліктен түскенде ішім қатып қалатын, өйткені стресс қой, бар күшіңді саласың. Алғашқы көлігімді сатқан кезде де жылап, оны қимай, сезімге ерік берген едім", - дейді ол.
Ұлдана Әділханқызының қазіргі көлігі - Mazda CX-7.
©️ Massaget/ Болат Айтмолда
"8-9 сыныптарда "семерка" айдап жүрдім"
Кәсіпкер бала кезден көлік айдап үйренген. Оның айтуынша, бұған әкесі әсер еткен.
"Кішкентайымда әкем КамАЗ айдайтын. Ол алысқа қатынайтын жүргізуші болатын. Одан басқа, комби деген көлігі бар еді. Сол көлікке отырып, "папа, қатты айдашы" дейтінмін. Негізі, әкемнің қызымын. 7-8 сыныпта әкем КамАЗ-ын жөндеп жатқанда мені "ананы-мынаны әкел" деп жұмсайтын. Есейе келе ағамның егістігіне барып, шөп жұлатынбыз, ал ол ақысына көлік айдауға рұқсат ететін. Ол кезде "семерка" айдап жүрдім. 8-9 сыныптарды сол егістікте механика көлікті айдап жүре беретінмін. Кішкентай кезімнен ұнататынмын, оған икемім бар", - дейді кейіпкер.
©️ Massaget/ Болат Айтмолда
"Елімізде әйел нұсқаушы жоқтың қасы"
Кәсіпкердің негізгі мамандығы - психолог. Ол психологиядан бұл салаға қалай ауысқанын айтты.
"Бұрын құрбыларым, таныстарым "көлік айдауға күйеуім рұқсат бермейді, бірақ мен айдағым келеді" дейтін. Көлік айдауды ауыл арасында жүргенде үйрете беретінмін. Осыдан қыздарға арналған автомектеп ашу идеясы келді. Негізінде елімізде әйел нұсқаушылар тапшы, тіпті жоқтың қасы. Сондықтен менің алға қойған басты мақсаттарымының бірі - автомектеп ашу емес, әйел нұсқаушыларды да даярлау", - дейді ол.
Оның айтуынша, қыздарға оның бәрін егжей-тегжей үйрету керек.
©️ Massaget/ Болат Айтмолда
Ұлдана Әділханқызының айтуынша, бұл салада оған психолог дәрежесі көп көмегін тигізген.
"Мен психолог болғандықтан сабаққа "қорқынышпен жұмыс" модулін енгіздім. Өйткені олардың (әйелдердің - еск.) бойында қорқыныш болуы мүмкін. Автомектепке келіп жүрген әйелдерге күйеулері "сен айдай алмайсың, рөлді аяғына дейін бұрма, бірден тоқтама" деп ұрсып айтуы мүмкін. Соның кесірінен әйел қорқып қалуы мүмкін. Ал кейін әйелдер жауапкершілікті сезінгеннен бұрын, оны алудан қорқып қалады. Сондықтан қорқынышпен жұмыс жасау бұл әдістемеге тренингтер енгіздік", - дейді кәсіпкер.
©️ Massaget/ Болат Айтмолда
"9 жыл болса да бірде-бір рет ереже бұзған емеспін, айыппұл арқаламадым"
Ұлдана Әділханқызының айтуынша, ол 9 жылда бірде-бір жол апатына да түспеген, тіпті айыппұл да арқаламаған.
"Мен арнайы "Жол әліппесі методикасын" жазып шығардым. Қыздар түрлі жол белгілерінен қорықпай, керісінше "не білсем екен, не үйренсем екен" деген ынтамен келсе деген ниетпен даярладым. Жол белгілері тыйым емес, белгі беріп жатқанын түсінсе, жолмен тілдесе білсе, оны сезіне білсе екен деймін. Курсты оқып бастаған қыздардан міндетті түрде "кімнің күйеуі автомектепте оқыды?" деп сұраймын. Көбі оқымағанын айтады. Бірақ жол ережесі бәріне бірдей. Қыздар автомектепті оқыған соң, олар ереже бойынша жүреді, ал бұл ер адамдардың ашуына тиеді. Ер адамдар көбіне импровизциямен жүреді. Олар одан да көп айыппұл арқалауы мүмкін. Мен көлік тізгіндегеніме 9 жыл болса да бірде-бір рет ереже бұзған емеспін, айыппұл арқаламадым. 9 жылда жол апатына да түспегем, айыппұл да болмаған. Жүргізуші куәлігін аларда да пара бермедім. Ал қазір куәлікті алу тіптен оңай, дайындалсаң болды", - дейді ол.
©️ Massaget/ Болат Айтмолда
Ұлдана Әділханқызының автомектебі тамызда ашылды. Екі жарым ай аралығында жүзге жуық шәкірт білім алған. Ал оның 4-еуі жүргізуші куәлігін алып үлгерген.
"АвтоЦОН-да кезек бар ғой, алдымен тест тапсырасыз, кейін жүргізу емтиханын тапсырасыз. Яғни теория және практика бөлімі түрлі күндері болады. Дәл қазір 1 инструктор жұмыс істеп жатыр. Оның да өзінің методикасы бар. Шәкірт толығымен өзі түсініп, көлік тізгіндемейінше келесі жаттығуға өткізбейді. Ер адамдар әйелдерге дұрыс түсіндіре алмайды. Бәрібір олар әйелдерді түсінбейді", - дейді кәсіпкер.
©️ Massaget/ Болат Айтмолда
"Арманнан әрекетке көшу үшін батылдық керек"
Кәсіпкердің айтуынша, әйелдер қажеттіліктен ғана көлік айдауға мәжбүр.
"Негізі әйелдер көлік тізгіндегісі келмейді. Бірақ балаларын сабаққа, балабақшаға апару керек. Ер адам көбіне жұмыста болады. Сондықтан әйелдер "көлік айдағаным дұрыс болар" деп ойлайды. Әйелдер көлік айдауды үйрену үшін әдемі өмірден келмейді, баласын апару керек, күйеуі жатып қалған немесе мүмкіндігі жоқ, мұқтаж әйелдер келеді. Әйтпесе, көлік айдаймын деп армандап келетіндер сирек келеді. Қажеттілік туындап, мұқтаж болып келген әйелдер берген ақпаратты тез сіңіріп алады. Әрине, көлік мінгісі келіп, армандап жүрген қыз көп. Бірақ олар көп келе бермейді, сол арманмен қалады. Ал арманнан әрекетке көшу үшін батылдық керек", - дейді Ұлдана Әділханқызы.
©️ Massaget/ Болат Айтмолда
"Бала сабақ оқуға әсер етпейді"
Ұлдана Әділханқызының мектебінде әйелдерге бүкіл жағдай жасалған. Сабаққа тіпті баласымен келген әйел жетерлік.
"Бала сабақ оқуға әсер етпейді, қайта әйел баласын әкелсе, сабаққа зейінін қойып қатысады. Ал үйінде қалдырса, "баламды қарап жатыр ма, құлап қалмады ма, тамағы тоқ па?" деп ойы бөлініп отырады. Алайда бізге 1 жасқа дейінгі балаларды ғана әкелуге болады. Өйткені одан ересектер балалар анасының назарын алады", - дейді кәсіпкер.
©️ Massaget/ Болат Айтмолда
"Бізде үйде отырған, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, тіпті бұрын генерал болған апа бар"
Автомектептің тағы бір артықшылығы - орта құру. Бұл - ұзақ уақыт жиналған тәжірибеден құралған әдістеме.
"Бізге қыздар көлік айдауға ғана емес, орта құру үшін де келеді. Бір-бірімен шер тарқасып алады. Біздің мектептің тағы бір ерекшелігі - құшақтасып амандасу. Басында жатырқайды, бірақ кейін туысқандарын көргендей құшақтасып жатады. Бұл да бір психологиялық әдіс, осы арқылы әйелдер еркін болып, ашыла түседі. Бізде үйде отырған, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, тіпті бұрын генерал болған апа бар. Бізді көбіне мидағы шектеу ұстап тұрады ғой. Ал мұндай әдіс әлемге ашылуға көмектеседі. Бұл методикадағы тағы бір мақсат - жолда әйел көлік тізгіндеген басқа әйелді сыйлай білсе деген ниет", - дейді ол.
Ұлдана Әділханқызы қазақ тілінде әдістемелердің жоғын айтып күйінді. Оның айтуынша, қазақ тіліндегі әдістемелер бір жолға түспеген.
"Мұнда келген әйелдер ертең балаларын әр жерге апарады, демек, ең алдымен, жауапкершілік мәселесі тұр. Сондықтан мұнда келген әйел қорқып қашу емес, мен көлікті біліп, дұрыс тізгіндеймін деген позицияға ауыстыруымыз керек", - дейді ол.
©️ Massaget/ Болат Айтмолда
Ұлдана Әділханқызы әйелдерге қандай көлік алуға болатыны жөнінде кеңес берді.
"Қандай көлік болса да, салоннан жаңа көлік алсын. Бізде "алдымен ескі көлік алып, соны тізгіндеуді үйреніп алайын, кейін жаңасын аламын" деген таптаурын бар. Жол жүру өте қауіпті. Ескі көлік жүріп келе жатып, сынып қалуы мүмкін. Жаңа көлікті сырсаң, біреудің өмірі, көңілі емес, көліктің сырты ғана сырылады. Жүріп келе жатып көліктің тормозы істен шығуы мүмкін. Ал бұл жағдайда әйел мүлдем сасқалақтап қалуы мүмкін. Сондықтан әйелдерге өмірімізге қауіпсіз болатын салоннан алынған көлік алуға кеңес беремін", - дейді Ұлдана Әділханқызы.
©️ Massaget/ Болат Айтмолда
Айта кетейік, бұған дейін көліктің кері бұралған "пробегі" мен оның боялғанын қалай анықтауға болатынын айтылған еді.