«Еуразия барысы»: Қазақ балуандары мерекеге сый жасады

«Еуразия барысы»: Қазақ балуандары мерекеге сый жасады

Қазақ күресінен үшінші рет ұйымдастырылған «Еуразия барысы» халықаралық турнирінде қазақ балуандары қарсылас шыдатпады. Киелі Тараз топырағында өткен доданың финалында отандастарымыз өзбек балуандарынан 5:2 есебімен басым түсті. Бұл туралы осыған дейін де хабарлаған болатынбыз. Ал енді «Тараз-Арена» кешенінде өткен додадан фоторепортаж ұсынамыз.

Үшінші рет өткен қазақ күресінің бәсекесі Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орайластырылып ұйымдастырылды.

Додаға Грузия, Қырғызстан, Моңғолия, Польша, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Қазақстан құрамалары қатысты.

ҚР Әнұраны шырқалып, жеребе тастау рәсімі басталды.

Бейбіт Ыстыбаев бастаған құрама бірінші белдесуін Польша балуандарына қарсы өткізетін болды. Ал жарыстағы қазақ балуандарының басты қарсыластары саналған моңғолдарға грузиндер қарсылас атанды.

"Тараз-Арена" боз кілеміне бірінші болып Грузия мен Моңғолия балуандары шықты. 

Жоғары дайындықпен келген грузиндер Қазақстанның басты қарсыласы саналған моңғолдарды 4:3 есебімен ұтты.

Қырғызстан құрамасы бірінші айналымда 5:2 есебімен өзбектерге есе жіберіп, жарысты аяқтады. 

2015 жылғы «Еуразия барысы» турнирінде Қазақстан құрамасы қос құраммен өнер көрсетті. Өзге елдер Таразға бір құраммен ғана келді.

Апайтөс балуандарымыз поляктарды 5:2 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. 

Қазақстан құрамасы сапынан Ринат Махмұтов пен Бекзат Ахметбеков қана қарсыластарына есе жіберді. 

Сыр балуаны Нұрым Сәлімгереев қарсыласы Петр Салекті таза әдіске салып жеңді.

Жартылай финалда өзбек балуандары грузиндерді 5:2 есебімен ұтып, финалға шықты. 

Ал екінші жартылай финалда Қазақстан құрамасы Ресеймен кездесті. 

Жарыста жылдам қимылымен көзге түскен ресейлік балуан - Сергей Николаев.

Қазақстан құрамасы қарсыластарын 6:1 есебімен ойсырата жеңді. 

Ресейлік балуан Андрей Перевелюк қазақ күресінің ережелерін дұрыс ұстанбағаны үшін бірнеше рет ескерту алды. 

100 келіден жоғары салмақта Айбек Нұғымаров қарсыласы Сергей Ширяевті айқын жеңіп, есепті 6:1-ге жеткізіп аяқтады.

Жарысты тамашалауға келген жұртшылықтың қарасы көп болды. 

Кездесулер ортасында түрлі концерттік бағдарламалар да ұйымдастырылып, халық әндері шырқалды.

Финалда қазақ балуандары өзбектермен кездесті. Айдос Сейпілұлы, Ғалымжан Әбдірахманов және Айдос Ғалымов қарсыластарының жауырын жер иіскетті.

Мұхит Тұрсынов өзбекстандық Авазхон Тоймурадовты таза әдіске салып жеңіп, жанкүйерлердің қуанышын еселей түсті. 

Алайда «Еуразия барысының» соңғы белдесуінде Айбек Нұғымаров Мухсин Хисомиддиновтан ұтылып қалды. Нәтижесінде отандастарымыз финалда қарсыластарын 5:2 есебімен ұтты. Айбекке дейін Асыл Барменов те өзбек балуанынан ұтылған болатын. 

Үшінші орынды Ресей балуандарын жеңген Грузия құрамасы иеленді. Сондай-ақ 3 760 000 теңгенің сертификатына ие болды. 

Биылғы доданың жүлде қорын белгілі меценат Тимур Құлыбаев жеке қаржысынан тағайындады. 

Финалда жеңілген Ресей құрамасы 5 640 000 теңге сыйақыға ие болса, қазақ балуандарына 9 400 000 теңге сыйақының сертификаты табысталды.

«Еуразия барысы» халықаралық турнирінде жеңіс тұғырынан көрінген қазақ балуандарын Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев марапаттады. 

Жеңімпаз атанған қазақ елінің Әнұраны шырқалып, көк Туы биікте қалықтады.

 Дүбірлі дода соңы естелік суреттерге түсумен аяқталды.