Қайыршы адам. Қайырымсыз қоғам

Қайыршы адам. Қайырымсыз қоғам

Алматы қаласы – мәдениеттiң, қаржының қайнаған ортасы, сонымен бiрге сиырдың бүйрегiндей бөлiнiп, тоз-тоз болып құлдыраған тiршiлiктiң сырын ұғар қоныс. Ығы-жығы жиналған халық. Әрбiрiнiң тағдыры әр қилы. Әрбiрi қоғамға әртүрлi көзқараспен қарайтыны анық. Соңғы уақытта саны күрт артқан қайыршылардың бүгiнгi қо­ғамға деген көзқарасы қандай? Кейбiр зағиптар, мүгедектер сынды кемтар жандармен бiрге ақ сақалды, ақ жаулықты ата-әжелер, ем­шектегi баласын бауырына басқан аналар, тепсе темiр үзетiн азаматтар неге қайыршылардың қатарына қосылды?

Мәдениетті қайыршы дегеннің кім екенін топшылап тұрған боларсыз. Жерасты өткелдерінде, адам қарасы азаймайтын қоғамдық орындарда өз өнерін пұлдайтын, ашықтан-ашық алақан жаюға арланып, елден күтер қайырын өнерімен жеткізіп жүрген жандар. "Өрісі тарылған өнер" деген де осы болар.

Балаларынан қайыр болмаған соң, осылай күндік нанын көшеден тауып жүрген қарттарымыз да баршылық. "Кел, қарағым, салмағыңды біліп кет" деп жүзіңе аянышпен үңілген ананы көргенде қалтаңды ақтара бастайсың. Салмағыңды біліп тұрсаң да, ана көңілін қалдырмау үшін таразыға шығасың. Әрине біз берген 5-10 теңгемізбен байып кетпес, бірақ келесі күнге дейін аш болмасы анық.

Қайыршылардың ішінде шын мұқ­таж жандар да бар. Арбаға таңылған, бал­даққа сүйенген жарымжандарға жұрт қайырылмай өтпейді. Бәрін болмаса да, барын береді. Еңбек етейін десе, екі аяғынан бірдей айырылған бұл кісінің қайыр тілемеске амалы бар ма?

Таңнан қара кешке дейін тұрып табатын 3-4 мың теңгесіне көз алартатындар көп екен. «Айына 10 мың теңге төле де, қалағаныңша тұра бер», – депті тәртіп сақшылары. Мүгедекті мүсіркеуді білмейтін қайырымсыз қоғамның сыйқы осындай. 

Бұрын қайыршылықты кәсiп еткендердi мешiттiң жанынан көре­тiнбiз. Ал қазiр ше? Жол жиегiнде, қара базарда, жерасты жолында, не керек, адам iзi үзiлмейтiн, жаяу жүргiншiлер көп жүретiн қаптал жолдың жиегiнде нандық ақша үшiн алақанын жайғандар көп. Нелiктен? Қайыршыға, рухани қайыршылыққа тап болған қоғамның бiр көрiнiсi – осы.

“Қайыршысы жоқ ел бақытты”, – дейдi әл-Фараби. Ал Қазақстанда ауыр тұрмыстың тауқыметiн тартып жүргендер қаншама?! Ұрпағының қамы үшін көшенің бір бұрышын паналамасқа шарасы да жоқ. Қайыршылар деп аталатын әлеу­меттік топта мұндай жандардың алуан түрі кездеседі. Жасы мен жасамысы, еркегі мен әйелі, қазағы мен орысы бар...

Енді бірі қоғамды жайлаған маскүнемдер болып отыр. Маскүнемдік, темекі шегушілік және нашақорлық қазіргі замандағы әлеуметтік проблемалардың ең маңызды және өзектісі болып отыр. Ғалымдардың айтуы бойынша, маскүнемдік, темекі шегушілік және нашақорлық тек еркектердің ғана арасында емес, әйелдердің де арасында ең басты дертке айналған.

Ішімдіктерді, нашаны қолдану және темекі шегуге құштарлық – адамның өзін-өзі билеу психикасы мен мінез-құлқын реттеу өзегінің бұзылуына әкеліп соқтырады. Қолына ақша түссе, ащы су алуға асығатындар да аз болмай тұр. 

Тепсе темір үзетін, еңбекке қабілетті адамдар арасында осылай маскүнемдікке салынып дала кезушілер де көп. Саябақтарда күнін батырып, таңын атыруда. 

Құндақтаулы сәбиін қойнына қысқан әйелдер, жаутаңдап аяққа оратыла кететін, бет-аузы күс-күс қара баланы да көрген көз жатырқамайтын болды. Өзіміздікі аздай, өзге мемлекеттерден ағылып келетін тіленшілер қайыршы деген қауымның қарасын қалыңдатып отыр. Әдетте елімізде заңсыз жүрген жал­ған қайыршылардың дені Өзбекстан мен Тәжікстаннан келгендер. Оларды «Орта Азия сығандары» деп те атайды.

Көрген бейнетінің зейнетін көріп, қол аяғын ыстық суға салып отыратын, келінінің қолынан ыстық шайын ішіп, немересіне ертегі айтып отырар жасқа келгенде ақ жаулықты әжеміздің көшеден өткен кішкене балаларға қиыла қарап, шелекке сыңғырлап түскен ақшаны көзімен сүзіп отыруы кімді де болса ойландырады.

Әрбір адамға өз әке-шешесінен жақын адам жоқ. Өкінішке қарай, мойнына мінгізіп еркелетіп, баласының бақыты, игілігі үшін бар күш-қуатын арнаған әкесін ұмытып, қартайған шағында өмір тәлкегіне лақтырып кеткен қатыгез балалар да арамызда жетерлік. Иә, оларды адамгершіліктен жұрдай, жүрегі жоқ пенделер демеске амалың жоқ. Ұл-келініне жақпай дала кезіп қалған әкенің де бар үміті осы көшелерде болып тұр.

Қара сөмкесін арқалап бүгінгі түнді қайда өткізерін, қайда бас сауғаларын білмей әбден қажыған әкесінің бар екенін ойламайтын қандай санасыз ұрпақ дерсіз? Кей балалар туылғаннан жетім болып әкесі мен анасының құшағына зар болып өссе, енді бірі ата-анасын сыртқа теуіп, құтылуға асығуда.

Қайыршылықтың тамырына балта шабу үшін ендігі ұрпақтың тәрбиесіне көп көңіл бөлу керек сияқты. Егер ұрпақ тәбиелі болса, ата-ана қартайған шағында көшеде қол жайып тұрмайтыны хақ.

Баланың шыр етіп өмірге келуі зор қуаныш. Өйткені, бала – өмірдің сәні, отбасының шаттығы. Ал немере сүю одан да ыстық. Барлық ата-әженің де арманы сол қайыр тілеу емес, немересін құшағына басып отыру емес пе? Барлық қария осылай немересін алаңсыз қыдыртып жүрсе, бақытты заманда өмір сүретін едік. 

Сурет: Massaget.kz