"73 мыңға жуық экспонат бар". Мұхтар Әуезовтың көрме залы қайта жаңғыртудан өтті
Қазақ әдебиетінің классигі, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезов өмірінің соңғы 10 жылын өткізген музей-үйі қайтадан жаңғырып, жөндеуден өтті. Мassaget.kz порталының тілшілері жаңғырған музей-үйін көріп, ол жердің қызметкерлерімен тілдесіп қайтты.
Экспозициялық ғимараттың ашылуына көптеген зиялы қауым өкілдері, жазушының ұрпақтары, оның ішінде ұлы Мұрат Әуезов, немересі Зифа-Алуа Әуезова мен оның жұбайы зерттеуші, ғалым Эрмс Роберт те келді.
М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығына арналған жаңа көрме залы 1997 жылы салынған. Жаңадан салынған ғимараттың негізгі жобасын жасаған сәулетші – Ш.Матайбеков. Осы залдағы М.Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы бойынша жаңа экспозициялық көріністерді безендіріп, орналастырған суретші – Б.Көшербаев.
Сәулетші Ш.Матайбековтің шешімі бойынша бұл ғимарат жер астынан жартылай көрініп тұратын етіп салынған. Ғимарат төбесіне Меккедегі Қағба тасы сияқты күмбез орнатылды. Сәулетшінің негізгі идеясы – мұнда келген әрбір көрерменге мұражай тек қазақ әдебиетінің қасиетті мекені ғана емес, қазақ елінің рухани орны деген ойды меңзейді.
Аталмыш музейде Мұхтар Әуезовтің ата тегі жазылған шежіре талының суреті қабырғаға ілінген. Ол жерде Әуезовтың 23 ата-тегі жазылған.
Қайта жаңғырған музей-үйі заманау технологиямен де жабдықталған. Ол жердегі Qr код арқылы жазушының өміріне, шығармашылығына арналған барлық мәліметті алуға болады.
Мұрат Әуезов: "Мәңгілік дегеніміз шуақты күн мен табиғаттың қайта гүлдеуі"
"Мұхтар Әуезовтың өмірінде кездейсоқ жағдайлар өте сирек болған. Мүмкін бұл заңдылық та шығар. Бірақ жаратушы, табиғат, ата-баба рухы Мұхаңның өміріне ара-қатынасын үнемі сездіріп отырған сияқты. Мұхаңның мәңгілік тұлға екенін білдіретін мұражайы тұр. Оны бүгін қайтадан жаңғыртып жатырмыз. Оның қалдырған мұрасы мұхиттай. Табыла береді, табыла береді. Бәрі зерттелген сияқты. Бірақ біраз уақыттан соң тағы бір дүниесі табылады. Өйткені ұлы адамның бір күні тіпті бір сағаты бекер кетпеген. Бүгінгі мұражайдың қайта жөндеуден өтуіне мұрындық болған Ләйла апамыздың ұлы Дияр. Кезінде оны Ләйла апамыздың өзі Мұхаңның мұрасын мәңгілікке қалдыру үшін осыны бастаған болатын. Алма ағаштары гүлдеп, кермет күн болып тұр. Қараш бүгінгі Күн қандай жарқырап тұр? Мәңгілік дегеніміз осы – жаңғыру, қайта гүлдену", - дейді Мұрат Әуезов.
Эрмс Роберт, тіл зерттеуші-ғалым: "Кеңес Одағының уақытында қазақтар мұндай қасиетінен айрылды"
Эрмс Роберт Мұхтар Әуезовтың шығармаларын нидерланд тіліне аударған. Ол Әуезов шығармаларының сюжеті бірден баурап алғанын айтады.
"Мұхтар Әуезов шығармаларында қазақ халқының тұрмыс-салтын жақсы көрсетеді. Оқып отырып қазақтың мәдениетін тани түсесің. Қазақтардың көшпелі өмірін шебер суреттеген. Кеңес Одағының уақытында қазақтар мұндай қасиетінен айрылды, көше алмай қалды. Онымен бірге қиыншылықтарға тап болды. Дәл осы уақытта қазақ сияқты ұлттың арасынан Мұхтар Әуезовтей жазушының тууы заңды болды", - дейді ол.
Ғалым жазушының шығармаларын нидерлан тіліне аудару оңай болмағанын айтады.
"Мысалы, тұрақты тіркестерді аудару қиын болды. "Көксеректе" табиғатты көп суреттейді. Оның ішінде көнерген сөздер бар. Оларды аудару оңайға соқпады. Әрқайсысын сөздіктерден қарадық", - дейді Эрмс Роберт.
Салтанат Мұқатаева Әуезов музей үйінің бас сақтаушысы: "Ұлы жазушының 57 мыңға жуық қолжазбасы бар"
"Қазір қайта жаңғыртудан кейін музейдегі экспозицияларды келген қонақтарымызға таныстырып отырмыз. Жалпы біздің қолымызда 73 мыңға жуық экспонат бар. Соның ішінде Мұхтар Әуезовқа қатысты 57 мыңға жуық қолжазба сақталған. Олар араб, латын, кириллица түрінде жазылған. Музей 7 бөлімнен тұрады. Жазушыға қатысты көптеген зат шығардық. Оның ішінде Абай жолы романының қолжазбасы, Жүсіпбек Аймаутовпен бірге шығарған Абай журналының екінші нұсқасын қойдық. Тұтынған заттары ішінде киім-кешегі, таяғы және көзілдіріктері бар", - дейді Мұқатаева Салтанат.
Музейдегі ерекше жасақталған заманауи техниканың бірі экран тачтар. Ол үш тілде берілген.
"Мысалы, "Ұшқан ұяны" басасың. Егер келген қонақ жазушының отбасына қатысты дүниені білгісі келсе осы бөлімде көптеген құжат пен мәліметті енгізгенбіз. Сол сияқты білім бастауы айдарына кіретін болса, журналдарды көре алады. Сондай-ақ, қоғамдық қызметтері, педагокиалық, саяси өмірі туралы мәліметтерді енгіздік", - дейді музейдің бас сақтаушысы.
Музейде жазушының абақтыдағы өмірі суреттелген. Қаламгер сол жерде отырып та жазудан бас тартпаған екен.
"1930 жылы ұлы жазушының басына үлкен қиындық түседі. "Кеңес өкіметінің құлатуды мақсат етіп қойған" деп абақтыға қамаған. 1931 жылы тағы да қосымша айыптар тағылады. Оның ішінде экономикалық, контр-революциялық, ұлтшыл ұйымға қатысы бар деп жала жабылады. 1932 жылы Қазақстандағы ерекше саяси басқарманың төтенше өкілеттілігі жанындағы үштіктің мәжілісі үкім шығарған. Ол бойынша жазушы 3 жыл абақтыға қамалуы керек еді. "Уақыты 1930 жылдың 8 қазанынан бастап есептелсін" делінген. Бірақ 1932 жылдың 20 сәуірінде 1 жыл 7 ай абақтыда болған Мұхтар Әуезов босап шығады", - дейді Салтанат Әуезов.
Мұражай-үйдің ғылыми қызметкері Ермек Ханки 20 жылдан астам осы жерде қызмет етіп келеді.
"Мұхтар Әуезовтың музейі 60 жылдан бері қызмет етіп келеді. Биыл музей жаңа экспозициялармен толықты. Өмір шығармашылық жолы кезең-кезеңге бөлініп көрсетілді. Жалпы музейдегі экспонаттар мүмкіндігінше жаңа технологиямен келушілерге қызмет етеді", - дейді Ермек Ханки.
1963 жылы 28 қарашада Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалдық музей-үйі өзінің алғашқы келушілеріне есігін ашты.
Екі қабаттан тұратын бұл үйде Мұхтар Әуезов өмірінің соңғы он жылын өткізді (1951-1961). Бұл үйдің жобасын жасаған сәулетші Г.Герасимов. Үйде жеті бөлме бар, оның төртеуі – бірінші қабатта, үшеуі – екінші қабатта орналасқан.
Бұл жердегі құнды экспонат – үстел. Онда қазақтың алғашқы музыкалық комедиясы «Айман-Шолпан», алғашқы қазақ балеті "Қалқаман-Мамыр", көптеген пьеса, әңгіме, повестер, тамаша аудармалар дүниеге келді. Суреткер Шекспир мен Гоголь, Тренев пен Погодиннің кейіпкерлерін өз тілінде сөйлете білді. Сондай-ақ осы үстелдің басында отырып жазушы "Абай" романының бастапқы екі кітабын тәмамдаған, ол үшін 1949 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Жазушының шығармашылық жолы 1917 жылдан басталған. Осы жылы Ойқұдықта Абайдың немересі Ақыштың ұзатылу тойына арнап "Еңлік-Кебек" пьесасын жазып, оны театры жоқ қазақ даласында, киіз үйде алғаш сахналаған болатын. Пьесадағы Еңлік, Таңшолпан мен Қалампыр рөлдерін жігіттер сомдап, Еңлік рөлінде Ахмет Әуезов ойнаған.
Көрменің "Абай жолы" романына қатысты бөлімінде Лениндік сыйлық беру туралы дипломы мен әр жылдары алған ордендері, "Абай жолы" романын басқан машинкасы, сия сауыты, Тұрағыл қызы Уәсиланың М.Әуезовке арнап тіккен халаты бар.
1957 жылы жазушыға "Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері" атағы берілді. Сондай-ақ "Құрмет Белгісі" орденімен, Ұлы Отан соғысы кезіндегі еңбектегі ерлігі үшін медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Советінің Құрмет грамоталарымен наградталған.
Мұражайда М.Әуезов сценарийі бойынша қойылған көркем фильмдер, хроникалық-деректі фильмдер көрсетілетін кинозал бар. Орталықта ғылыми конференциялар мен әртүрлі тақырыпта мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып отырады.