Қоқыс жәшігіне айналған қала
Алматы қаласы қарқындап дамып келеді. Соңғы 5 жыл ішінде көптеген жаңа нысандар салынып сәулетті ғимараттар бой көтерді. Көлік саны да күн санап артып келеді. Әрине мұндай дамудың пайдасы да зияны да бар. Соңғы жылдары қаламыздың ауасы күрт бұзылып, экологиямызға кері әсерін тигізуде. Қала ішінде қоқыс та көбейіп барады. Оңтүстік астананың бүгіні қандай, болашағы қандай болмақ? Қала ішінің қазіргі күйі сіздің назарда. Қандай ой түйіп, қандай шешім қабылдайтындарыңыз өз қалауыңызда.
Қала ішіндегі ең көп тасталатын қоқыс темекі қалдықтары болып табылады. Әлемде осы темекі әсерінен 5 миллион, ал әрбір 6 секунд сайын бір адам қайтыс болады. Республикамызға келер болсақ, 12 жастан асқан тұрғындардың 2 пайыздан астамы немесе 4,2 миллион адам темекі шегеді.
Темекі індетінің құрбандары ерлер арасында 30-55 жастағы, ал әйелдер арасында 15-49 жастағы еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Алматы қаласында ересектер арасында темекі тартатындардың үлесі 2008 жылы 39,2 пайызды құраса, 2011 жылы 25,9 пайызға дейін азайған. Темекі тартатындар азайғанымен, темекі қалдығын әр жерге тастап кете беретіндер аз емес.
Ата-әжеміздің қасында өскен соң болар, әйтеуір, мұны үлкен кісілердің тәрбиесі деп білеміз, кішкентайымыздан судың да сұрауы барын, әрбір үзім нанның қадірі қаншалықты жоғары екенін естіп өстік. Ол кісілер аштықты да, соғысты да көрген. Содан болар, жоқшылық жылдарын күрсіне еске алатын. Қазір де немере-шөберелеріне сол тәрбиені беріп келеді. Бірақ жас ұрпақ тоқшылыққа шүкіршілік етпейтін сияқты. Ас атасы әр жерде жататын болды.
Қаламыздың экологиялық ахуалы күн санап нашарлап барады. Эколог мамандар қанша мәрте дабыл қақса да, адамдардың табиғатты ластауы тоқтар емес. Тыйым салынған жерлерге қоқыс тастайтындары өз алдына, ағаш талдарды қиып, тамақ қалдықтарын мәдени орындарға тастап кететіндер тыйылар емес.
Алматы қаласында қоқысты жәшігіне емес, көзден таса қуыстарға толтырып кететіндер көбеймесе азайып жатқан жоқ. Жапырағы жайқалған ағаш түбіне үңілсеңіз қоқыстан көз аша алмайсыз. Бұлай өз болашағына балта шауып жатқандары ешкімнің де қаперіне қеліп жатқан жоқ.
Әкімшілік қызметкерлері тынымсыз еңбек етуде. Құшағына 1,5 миллионнан астам адамды сыйдырған Алматының көшелерін тазартып үлгере алмай жатыр.
Қоқысты бұрыштарға емес арнайы жәшіктерге салсақ қаламызды қорғауға титтей де болса үлесіміз тиер еді. Өз қаламызды өзіміз қорғап, жанымыз ашымаса басқа ешкімнің де жаны ашымас.
«Бұл қала - арман қала, жап-жасыл орман қала» - деп әнге қосқан, апортымен әлемге әйгілі оңтүстік астанамыз бұл күндері лас ауасыменде танымал бола бастағандай. Тіптен осы лас ауа қаламыздың "брендіне" айналды десек артық айтқандық емес.
Қаламызда 500 мыңнан астам көлік тіркелген, ал әрбір мың автомобильден күніне ауаға 3000 кг, жыл сайын олар 280 млн тонна шамасында көміртек тотығын, 56 млн тонна көмірсутек, 28 млн тонна азот тотығын ауаға қосады.
500 мың көліктен бөлініп шығатын газды есептеп көрсек, 1500 тонна көміртегі ауаға бөлінеді. Жылытқыш пештер мен көліктен шыққан газдар әсерінен Алматы төбесіндегі тұманды бұлттан арылар емес. Мұның салдарынан қала ауасына түрлі инфекция тарайтыны сөзсіз.
Алматы қаласы орналасқан тау беткейінің климат жағдайларының өте қолайлы екендігіне қарамастан, қала атмосферасының өздігінен тазару қасиеті төменгі дәрежеде. Жапырағын енді ғана жайып келе жатса да өзегінде тұрып шіріп жатқан гүлдердің жайы аянышты.
Лас ауадан өсімдікте аурулар пайда болады. Жапырағы химиялық күйікке ұшырайды. Жаз ортасы енді ғана болса да жапырақтар сарғайып толассыз төгілуде.
Қаламызды алманың атасы екенін әлем жұртшылығы қашаннан да мойындап қойған. Алайда, өзіміз алманың отаны болсақ та шетелден келген алманы тұтынамыз. Оған басты себеп өзімде өсетін алмалар пісіп, жетілмей жерге үзіліп, құлауда. Олар толықтай жетіліп, піскеннен кейін де экологиялық таза екеніне кепіл жоқ.
Қазірге эколгоиялық таза, улы газ бөліп шығармайтын көлік балаларда ғана болып тұр. Болашақта көліктер саны қысқартылып, орнына вилосипедтер көбейсе бұл мәселе өз шешімін табар еді.
Оңтүстік астанамыздың көшелерінде халықты вилосипедпен жүруге шақыру үшін жасыл желектен осындай мүсіндер қойылған.
Сурет: Massaget.kz