ҚазҰУ түлектері қанат қақты

ҚазҰУ түлектері қанат қақты

Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінде диплом табыстау салтанаты өтті. Осыдан төрт жыл бұрын мектеп бітіріп, жан-жақтан жиылып ҚазҰУ қалашығында тағдырлары түйіскен бүгінгі түлектер арасында Массагет ұжымының 7 бірдей тілшісі де өз дипломдарын алып, үлкен өмірге қадам басты. Мектепті үздік тәмәмдап, армандарын адаспай таңдаған бүгінгі 500 түлек енді нағыз маман болып Қазақстанның түкпір-түкпірінде еліне адал қызмет етпек. 

Диплом табыстау салтанаты "әл-Фараби" атындағы кітапханада өтті. Зал келуші қонақтарға тoлы болды. Салтанатты жиын басталмас бұрын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны шырқалды.

Алдымен алғыс хат түлектер арасында 4 жыл бойы белсенділік танытқан студенттердің ата-аналарына табысталды. Мұндай құрметті күтпеген кей аналар тіпті көздеріне жас алып та жатты.

Бірінші болып Университетті үздік аяқтаған студенттерге қызыл диплом берілді. 4 жылғы еңбегін қолына алу әрине үлкен қуаныш. Бәрі де өзгеше бір сезімді бастан кешіруде. Кейбір түлектердің көзінен 4 жыл бойы бауырындай болып кеткен достарына деген қимастық байқалады.

Міне, тілшілеріміздің арасынан алғашқы болып Өмірбек Сансызбаев шықты. Естеріңізге сала кетейік, Өмірбек сайтымыздағы "Спорт" жаңалықтарын жеткізіп жүрген белді тілшілердің бірі.

Келесі кезек тілшіміз Молдажанов Ерболға келіп жетті. Барлық дерлік түлектердің бойында қуанышы мен қимастығы арпалысып жатқан тәрізді. 

Ұзын сонар кезек ішінен Фаризаны да байқап қалдық. Студенттік өмірдің де аяқталғанына сене алмай тұрған секілді.

Әжелер де немересінің оқуды ойдағыдай аяқтағанына дән риза. Әрине ендігі бақытты балаларынан күтетін ақ жаулықты аналарымыздың төбесі көкке жетердей болып қуануы да орынды.

Сіздерді әлемдік "Техно" жаңалықтарымен таныстыратын Жолдас Өрісбай мен "Алтын ұя" айдарының жетекшісі Қарлыға Бүйенбай.

Талай жарыстардан бас жүлдені жеңіп жүрген жас ақын Айбол Исламғалиев те Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің биылғы түлектері қатарында.

Өз кезегін күткен бітірушілер әлі де көп. Келген қонақтардың бірі баласының аты аталғанын күтсе, енді бірі қарындасының, інісінің диплом алған сәтінен куәгер болмақ ниетте.

Түлектер ұстаздарына алғысын айтып, ақ тілектерін арнауда. Бар білімін аямай, анасындай қамқорлық көрсеткен ұстаздарын қимайтындарын да жасырмады.

Сайтымыздың редакторы, жас ақын Шерхан Талап және Массагет сайтының дамуына ат салушылардың бірі Нұрбол Нұрмаханұлы.

Балаларының қуанышына жиылған ата-аналардан естелік. Балаларының достығының арқасында ата-аналар да жақсы таныс, жақын дос болып кеткен.

Міне, құрметті оқырмандар Массагет тілшілері осылай қуанышын тойлауда. Сіздер де оқуларыңызды үздік аяқтап, ата-аналарыңызды қуанта беріңіздер.

Сурет: Massaget.kz