«Денис және достары: Сәлем Алматы» мұзды шоуының ең үздік сәттері

«Денис және достары: Сәлем Алматы» мұзды шоуының ең үздік сәттері

Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылған қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннің «Денис және достары: Сәлем Алматы» мұзды шоу жобасы биыл да жоғары деңгейде өтті. Әлем мәнерлеп сырғанау спортының жұлдыздары жиналған жұртшылыққа ерекше қуаныш сыйлады.

Мұз айдындағы әлем саңлақтарының өнерін тамашалауға асыққан жұртшылықтың санында шек болмады. Халықаралық аренада атағы шығып танылған спортшылар да бар өнерін салып, жанкүйерлерді бір желпінтті. Жиналған жұртшылық Денис Тен мен достарына қошеметін аяп қалған жоқ. Ал Алатау бөктеріне келген қонақтар бірінен-бірі асыра өнер көрсетіп, нағыз көтеріңкі көңіл-күй сыйлай білді. Ал біз сіздерге мұзды шоудың қандай деңгейде өткені туралы ең үздік сәттерінен түсірілген суреттер арқылы айтып бергенді жөн санап отырмыз.

Бұл жолы ұйымдастырушылар техникалық безендіруге ерекше мән бергені байқалады. Ол үшін екі қабатты сахнаны айтсақ жеткілікті. Ал биылғы шоуға Канададан келген Ше-Лин Бурн режиссер болды. Ұйымдастырушылар техникалық бөлімге ерекшелік енгізу мақсатында жарқын эффекттер пайдаланды.

Мұзды шоуды Денис және оның достары арнайы дайындаған бағдарлама бойынша ашты. Барлық қатысушылар ортаға шығып, арнайы бағдарлама негізінде өнер көрсетіп, келген қонақтардың қызығушылығын арттыра түсті.

«Денис және достары: Сәлем Алматы» жобасына келген жұртшылық ең бірінші Оңтүстік Корея елінен келген Су Ен Пактың өнерін тамашалады.

Су Ен Пак Денис Теннің жобасына алғаш рет қатысты. Өз өнерін шеберлік шыңына жеткізе орындап шықты.

Екінші болып жанкүйерлер алдында АҚШ елінен келген мәнерлеп сырғанаушы жұп Майя және Алекс Шебутани өнер көрсетті.

Жұптасып өнер көрсетуде ағалы-қарындасты Майя және Алекс Шебутанидің өнеріне келген жұртшылық тәнті болды.

Француз Элладж Бальде ерекше би қимылдарымен жанкүйерлерді бір желпінтті.

Ресейлік Елена Родионова да өз жаттығуларын ойдағыдай орындап, жанкүйерлер қошеметіне бөленді.

Жастар арасындағы екі дүркін әлем чемпионы Денис Теннің мұзды шоу жобасына алғаш рет қатысты.

Мұздағы акробатикалық жаттығулар бойынша Гиннестің рекордтар кітабына енген француз Александр Любченко мен Жан Дени-Санши ерекше жаттығуларымен көрермендерді таңдандырды.

Мұз айдынға бой үйреткен жігіттер киімдерін шешіп тастап та өнер көрсетті.

АҚШ-тан келген әлем чемпионатының жүлдегері Джереми Эббот та жанкүйерлер есінде ерекше бағдарламасымен қалды.

Балуан Шолақ спорт кешеніне жиналған жұртшылықты таңдандырған француз қызы Мари Пьер Лорей болды.  Ол арнайы арқан көмегі арқылы кешеннің биігінде қалқыды.

Акробатикалық жаттығуларды Мари Пьер Лорей ешқандай қауіпсіздік белдігінсіз орындап шықты.

Қытайлық жұп Цин Панг пен Цзян Тонг та Алматы мұз айдынында алғаш рет өнер көрсетті.

Жұптасып өнер көрсетуде екі рет әлем чемпионы атанған жұп қайғылы сазда өз бағдарламаларын жоғарғы деңгейде орындап шықты.

Екі дүркін әлем чемпионы, 2006 жылы Туринде өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері швейцариялық Стефан Ламбьель де өз өнерімен көрермендерді бір таңдандырды.

Канаданың барлық жастағы ішкі біріншілігінде жеңімпаз атанған танымал мәнерлеп сырғанаушы Джоани Рошетт те аянып қалған жоқ. Өзінің тамаша би өнерімен де көрермендерді баурап алды.

Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпиондары Максим Траньков пен Татьяна Волосожар да мұздағы шоудың көрігін қыздырды.

Жанкүйерлер қол соғып, құрмет көрсетті.

Мұзды шоудың бірінші бөлімін Денис Теннің өзі шығып қорытындылады.

Еліміздің абыройын асқақтатып жүрген спортшыны жиналған жұртшылық зор қошеметпен қарсы алды.

Денис Теннің өнер көрсеткеннен кейін көрермендер арнайы гүл шоқтарын мұз айдынға лақтырып, құрмет көрсетті.

«Денис және достары: Сәлем Алматы» мұзды шоуының екінші бөлімінде әлем мәнерлеп сырғанау спортының жұлдыздары ҚР еңбек сіңірген қайраткері Александр Беляковтің басқаруындағы Алматы әкімдігінің жанды дауыстағы музыкамен сүйемелдеуі арқылы өнер көрсетті. Бұл да қазақстандықтар күтпеген бір сый болды. Сондай-ақ жүргізушілер кешті үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын тілі) жүргізді.

Мұзды шоудың екінші бөлімінің шымылдығын америкалық ағалы-қарындасты Майя және Алекс Шебутани түрді.

Жұптасып өнер көрсетуде талай жетістіктерді бағындырған АҚШ елінің мәнерлеп сырғанаушылары жоғарғы деңгейде өнер көрсетіп, көрермендер көзайымына айналды.

Екінші бөлімде кәріс қызы Су Ен Пак ерекше өнерімен жанкүйерлерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Оңтүстік кореялық спортшы қиын жаттығуларды еш қиналмай орындап шықты.

Су Ен Пактан кейін мұз айдында Александр Любченко мен Жан Дени-Санши өнер көрсетті.

Француз мәнерлеп сырғанаушылары көрермендер алдында жарыстарда жасауға тыйым салынған жаттығуларды орындады.

Бірінші бөлімде ерекше өнер көрсеткен француз қызы Мари Пьер Лорейді көрермендер зор қошеметпен қарсы алды.

Акробатикалық жаттығуларды жетік меңгерген ару Балуан Шолақ спорт кешенінің биігінде тағы қалқыды.

Денис Тен Мари Пьер Лорейді мұзды шоуында өнер көрсеткенін талай рет армандаған екен. Француз қызы қазақстандық спортшының арманын орындады.

Француз Элладж Бальде сальто тастап, түрлі акробатикалық жаттығуларды орындады.

Екі бөлімде де көңілді композицияларда өнер көрсетті.

Қытайлық жұп Цин Панг пен Цзян Тонгтың өнерін көрермендер зор қошеметпен жоғары бағалады.

10 жыл бұрын Денис Тен гүл ұсынған жұп, 10 жылдан кейін отандасымыздың мұзды шоу жобасында өнер көрсетті.

Денис Теннің мұзды шоуында Елена Радионова сәтті өнер көрсетті.

2015 жылы ірі жарыстарда тек жеңіс тұғырынан көрініп отырған спортшыдан ресейліктер үлкен үміт күтеді.

АҚШ елінен Джереми Эббот бірінші бөлімде қателікке бой алдырмаса, екінші бөлімде бірнеше қателік жіберді. Жанкүйерлер әлем чемпионатының жүлдегерін қолдап, қошемет көрсетті.

Джереми Эббот аксель жаттығуын орындауда құлап тұрды.

Олимпиада чемпионадары Максим Траньков пен Татьяна Волосожар ерекше бағдарламалары мен жаттығуларын жоғарғы деңгейде орындады.

Ресейлік жұп ірі жарыстарда көрсетіп жүрген бағдарламаларын еш қателіксіз орындады.

Жиналған жанкүйерлер ресейлік жұпқа құрмет көрсетіп, мұз айдынға сыйлықтарын лақтырды.

Мәнерлеп сырғанауда Денис Тен құрметтейтін спортшылардың бірі – швейцариялық Стефан Ламелье. Ол Алматы мұз айдынында жанкүйерлерді үлкен шеберлігімен таңдандырды.

Аксель жаттығуын еш қиындықсыз орындап шықты.

Жанкүйерлер берген сыйлықты ұсынған қызға Стефан Ламелье өз құрметін көрсетті.

«Денис және достары: Сәлем Алматы» мұзды шоуының екінші бөлімінде қонақтардың жекелей өнерін канадалық Джоани Рошетт қорытындылады.

Ол бағдарламасындағы барлық жаттығуларды жоғарғы деңгейде орындап шықты.

Екінші бөлімді де Денис Теннің өзі қорытындылады.

Денис Тен "Тұран" этно-фольклорлық тобының сүйемелдеуімен олимпиадалық нөмірін орындады.

Денис Теннің мұздағы шоу жобасы жанкүйерлер көңілінен шығып, үлкен қуаныш сыйлады.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы бағдарлама соңынан "Тұран" этно-фольклорлық тобына алғысын білдірді.

- Құрметті қонақтар! Бүгінгі кешке келгендеріңізге мың да бір алғыс. Үшінші жыл қатарынан өтіп жатқан жобаға келушілер қатары сиреген емес. Бұл нағыз тарихи сәт. Тарихты біз сіздермен бірге жасаймыз. «Денис және достары» - бұл нағыз қазақстандық жоба. Біз бұл жобаны аяқтан тұрғызып, әлемге танытып келеміз. Командамның ерекше өнері үшін де бақыттымын. Жалғыз ештеңе жасамаған болар едім.

Бұл жобаның мақсаты – қазақ елінің атын шығару, мәнерлеп сырғанау спортына жұртшылықтың қызығушылығын ояту. Қазақ елінің мәдениетін әлемге танытқым келеді. Сол үшін бұл жобада аянып қалмайтын боламыз.

Әлем мәнерлеп сырғанау спортының жұлдыздары кеш соңында қазақи үлгіде киініп, би биледі.

Денис Тен мен достары жиналған жұртшылыққа алғысын білдіріп, қош айтысты.