Желкенді регата жарысы басталды

Желкенді регата жарысы басталды

Алматы облысының Сарқан ауданына қарасты "Лепсі" өңірінде "Желкенді регатамен" жарыс өз бастауын алды. 2015 жылғы облыс әкімінің атымен берілген халықаралық турнирдің түрлі қызығы мен ол жарыстың қалай өтіп жатқаны туралы сіздерге баяндайтын боламыз. 

Күннің аптап ыстығында жарысқа қатысушылар ең бірінші Балқаштың суына шомылып алуды жөн көрді. Көлге түскен қалың адамның арасынан тұзды судың қандай болатынын енді көріп таңқалып жатқандар да табылды. 

Көлге түсіп көңілдері орнына түскен спортшыларымыздың ендігі кезектегі жұмысы ыстық құмның үстіне шатыр тігу болды. Себебі түнде көлдің маңайында қонғандықтан оларға мықты, әрі жайлы қоныс керек. Көптеген жарысқа қатысып, болмаса саяхаттауға жиі шығатын спортшылар желдің қай бағыттан соққанын байқап, ыңғайлы жерлерді таңдап, өз үйшіктерін тұрғыза бастады.

Шатыр тұрғызылып көңілдері көншіп қалған спортшылар әрі қарай өз катамарандарын дайындауға кірісті. Көлдің бетінде жарыс басталмай бір жүріп өтуді қалағандар өздерінің қайықтарынан басқа ештеңеге назар аудармай іске кірісті. Ал, алда уақыттың әлі біраз бар екен ескеріп жүргендер болса, асықпастан жан-жағындағылармен әңгіме құрып, болмаса суға түсіп, т.б. әрекеттер жасап, сылтың қимылдап жүрді.

Бұл жарысқа қатысқан катамарандардың көлемдері мен түрлері де әртүрлі болды. Су бетіне шыққанда үлкен желкенді қайықтардың аударылу қаупі де аз болады. Ал кішкентай қайықты басқаратындар үш-төрт экипажбен жарысқа шығатындарын да мәлімдеді. Себебі күн бұзылып, толқынның соғуы жылдамдаса, кеменің қай бағытқа ауып кететіні де белгісіз екен. Сол себепті қайықтың төрт бұрышында да салмақ болғаны оның дұрыс жүруіне септігін тигізеді.

Катамарандарын жылдам бітірген спортшылардың арасынан әйел капитанды да байқап қалдық. Ол өзінің экипаждарына бағыт бағдар беріп, жасалған әрбір жұмыстың мұқияттылығын бір тексеріп, көл бетіне жүзуге кетті. 

Желкенді регата жарысына қатысу үшін катамараныңыз тек желдің соғу жылдамдығымен ғана қозғалу керек.  Алайда кейбір спортшыларымыз арнайы қайық моторларын қондырып алған. Жарыс кезінде сіздің моторды қолданғаныңызды білетін болса, онда сізге тиісті жаза қолданады. Ал, спортшылардың айтуынша, бұл мотор кей жағдайларда теңізден жағаға жылдам жету кезінде, болмаса, жағадан судың біраз жеріне жетіп алу үшін қолданылады. 

Кештің керемет көрінісіне тәнті болған спортшыларымыз арнайы масадан қорғанатын дәрілерді пайдаланып, тыныштықта ас ішуге кірісті. Алда әлі тағы бір бос күннің бар екенін еске алған олар жан-жақтан жиналған жамағатпен әңгіме-дүкен құрып болғаннан кейін өз шатырларына барып ұйқыға кетті. 

Жарыстың басталуына бір күн қалғанда облыс әкімдігі мен Сарқан ауданының әкімшілігінің адамдары келіп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, аман-есен мәреге жетуін жеткізді. 

Қазақтардың қонақжайлығын алғаш көріп, риза болған Ресейден келген қонақтар өздерінің алғыстарын да жеткізіп жатты. Және келер жылы болса тағы келетіндіктерін де жасырмады.

Ресейден келген қонақтардың арасынан мұхитқа шыққандар мен жер шарын катамаранмен айналып өткен капитан да табылып жатты. Көптен бері саяхаттап келіп демалып қайтатын кейбір көршілес елдің азаматтары біздің көлден де керемет әсер алуға болатындығын жеткізді.  

Судың жарысқа қатысушылар үшін қауіпті екенін ескерген ұйымдастырушылар арнайы қауіпсіздік үшін параход әкелген. 

Таңның атысымен барлық затын қайықтарына жайғастырған спортшылар жарыстың басталар сәтін асыға күтті. Арнайы қауіпсіздік желеттерін киіп, бір-бірінің қайығына қайта-қайта қарайды. 

Сонымен таңғы сағат 9:00-де желкенді регата жарысы басталды. Жағадан жылдам өтіп судың ортасына асыққандар бар күшін салып бірінші кетуге ұмтылды.

Бір-бірінің бағытына бөгет болмас үшін белгілі бір көлемде ара-қашықтық сақтап жүрді.

Кейбір қайықтар ұзап кеткенімен, желдің жылдамдығы күшейіп, желкенді дұрыстауға мүмікіндік бермей бір-екі катамаран кештеу жарыс жолына түсті. 

Жарыс қорытындысы жиырмасыншы маусым күні белгілі болады. Балқаш көлінің бес жеріне барып, соңын лепсімен аяқтайтын спортшыларымыз 250 км жолды бағындырады. Ұзақ жолға шыққан спортшыларға біз де сәттілік тіледік.