Оқушылар ҰБТ-ны қалай тапсырды?

Оқушылар ҰБТ-ны қалай тапсырды?

Ұлттық Бірыңғай тестілеу 48 бөлімшеде өткізілді. Тестілеуге өтініш білдірген 19 743 түлектен 18 889 түлек қатысты (қатысу деңгейі 95,5%). Алғашқы күндерде 3 727 ұялы телефон, 3 894 шпаргалка, 83 калькулятор, үш фотоаппарат, бес рация, 12 модем мен роутер тартып алынған. 6 маусым тестілеудің соңғы күні болып өтті.

Сағат таңғы 7.00. Есік қаласында орналасқан "Райымбек Түкеұлы" атындағы орта мектептің алдындамыз. Оқушылар сап түзеп тексеруге дайындалуда.

11 жыл бойы жинаған білімдерінің барынша жоғары екенін дәлелдегелі тұр. Әрине қобалжу да басым, себебі 3,5 сағат ішінде бар жиған білімін қорғап үлгеруі де керек. Міне, есік ашылып оқушылар алдымен тексеруге, одан соң белгіленген орындарына қарай бағытталуда.

Міне соңғы лек те тексеру алаңына қарай беттеп келеді. Оқушылар тестілеуге тыйым салынған заттарынсыз келген тәрізді, тексеріс те ойдағыдай жүріп жатыр. Түлектер ішке кірісімен ауладағы адамның барлығы сыртқа шығарылады.

Төтенше оқиғалар болған жағдайда "Жедел жәрдем", "Өрт сөндіруші" және "Құтқарушы" қызметкерлері сақадай сай тұр. Ата-аналар сыртқа қарай беттеп келеді, енді тек сәттілік тілеп далада тұрғаннан басқа амал жоқ.

"Баласы атқа шапса ата-анасы үйде отырып тақымын қысады" демекші ата-аналарда да үлкен толқу үстінде. Баласының шыққанын енді тек осы қоршау сыртынан ғана бақылап тұра алады.

Аудиториядағы әр қимыл осындай арнайы камералар арқылы бақыланып отырады. Бұл шпаргалка немесе телефонды қолданбау үшін жасалған шара.

Әр аудиторияда орнатылған бейнекамера жазбаларын аула сыртындағы ата-аналардың да көре алуына мүмкіндік жасалған. 

Оқушылардың барлығы іште тест жұмыстарын жазуда. Бақылау қызыметкерлерінің де қабағы қатулы секілді.

Ата-аналар қоршау сыртында балаларының шыққанын тағатсыздана күтуде. Тестілеудің бітуіне де аз ғана уақыт қалды.

Тестілеу бітті, нәтижесі де шығып үлгерген тәрізді. Шыққан тест қорытындысынан балаларының жинаған балдарын көруге асығуда. Нәтижені көріп бірі қуанып жатса, енді бірі балаларын жұбатып үйді-үйіне тарқасуда.

Ұлттық біріңғай тестілеудің 4 күнінде 5 түлек  ең жоғары бал жинады. Барлық 125 сұраққа мүдірмей жауап берген оқушылар, Тараз, Батыс және Оңтүстік Қазақстан, Астана мен Алматы қалаларынан. Осы күндері бас-аяғы 71 мың түлек мемлекеттік емтихан тапсырды. Бұл ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыруға өтініш білдірген оқушылардың 95 пайызы. 100 балдан жоғары нәтижені 14 мыңнан астам оқушы көрсетсе, 50 балдық шеткі деңгейді 13 мыңға жуық түлек өкінішке орай тапсыра алмады.