Біз сені ұмытпаймыз, Батырхан...

Біз сені ұмытпаймыз, Батырхан...

Кеше Алматыда Батырхан Шүкеновты еске алу кеші өтті. Егер әнші арамызда болса 18 мамыр күні 53 жасқа толар еді. Алайда тағдырдың жазуына амал бар ма?! Бұл қайғы тек қазақтың ғана жанына батқан жоқ, бүкіл ТМД жұрты қара жамылды. 

Кеш Республика сарайының алдында ұйымдастырылды. Батырхандай ұлын жоқтаған қала тұрғындары алаңды лық толтырды.

Алматы қаласындағы жұрт әншіні алаңға жиылып еске алып жатса, өзге қалалардағы ағайын кешті тікелей эфирде тамашалады.

Қала тұрғындары жиылып, кеш басталды. Әнші туралы біраз естеліктер айтылып, архивтерден жарқын, көңілді бейнелері көрсетілді.

Батырханның сахнадағы күлімдеп тұрған бейнесі көрсетілгенде көп көрермендердің көңілі босап, кейбірі көз жасына ерік беріп жатты. Өкініштісі - енді әншіні тек архивтерден ғана көре аламыз.

Әншінің құрметіне соғылған шапалақтың дауысы қала көшелерін жаңғыртуда. Әрине, Батырхан Шүкенов мұндай құрметке қашан да лайық адам еді.

Әнші құрметіне жиылған халықтың кейбірі гүл шоғын қойып, қоштасып жатқандай кейіп танытады. Қапияда көз жұмған ағамыздың жоқтығына сене де алмай жүрген болар. 

Сахнада әншінің өз туындыларымен, өзі сүйіп тыңдаған әндері орындалып жатыр.  

Әншінің көптеген әндері шырқалып, бейнесі көрсетіліп жатқанымен, халық көңілінде әлебір мұң жатқандай сезіледі.

Экраннан беделді әнші бейнесі көрсетілгенде барлығы да телефон, фотоаппараттарына түсіріп Батыр бейнесін өздеріне сақтап, естелік алып қалуға тырысты.

Соңғы сапарға шығарып сала алмаған кей жандардың көздеріне жас толып, кешірім сұрағандай гүл шоғын қойып, құрмет көрсетті. 

Батырханның сахнадағы соңғы ән салған бейнесін көріп көрермендердің жанарларына жас толып, қосылып бірге шырқады. 

Кей қонақтар Батыр ағаның жоқтығына әлі сене алмай жүргенін айтып, туыстарына, отбасына және күллі қазақ жұртшылығына көңіл айтып жатыр.

Батырханның інісі Бауыржан Шүкенов те ағасын осылай өмірден озып кетеді деп ойламағандығын айтты. 

Жиылған 3000-нан астам адам Батырмен бірге қосыла соңғы рет ән шырқауда. Адам саны уақыт санап артып келеді, алаңда тіпті ине шаншыр жер таба алмайсыз.

Осылай Алматы жұртшылығы Батырхан Шүкеновты еске алу кешін өткізді. Әншімізді еске алу бұл кешпен бітіп қалмақ емес, Батырхан әр қазақтың жүрегінде сақтаулы десек те болады.

Сурет: Massaget.kz