Массагет тілшілері марафонда

Массагет тілшілері марафонда

Алматы қаласында 26 сәуірде қайырымдылық марафоны өткізілген болатын. Ұзақтығы 42 километрден асатын қайырымдалық марафоны осымен төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы жарыста жас категориясы тоғызға дейін ұзарды. Жүгіру 3 аралықта болады: 10 шақырым, 21 шақырым, 42 шақырым 195 метр. Сонымен қатар, экидене (марафон эстафетасы). Аталған марафонға 16 мыңға жуық адам тілек білдіріп, солардың 15 мыңнан астамы тізімге тіркеліп үлгерген. Массагет ұжымы да марафоннан қалыс қалмай, тілшілеріміз марафон эстафетасында жүгіріп өтті.

Марафон таңғы сағат 8-де Тұңғыш президент паркінен бастау алды. Бұл қатысушылар арасында тілшіміз Жасұлан да бар. Ол эстафета жалауымен келе жатыр.

Президент паркінен басталған эстафета "The Ritz-Carlton" қонақ үйіне дейін келді. Бұл аралықтан ары жалғастырушы Нұрбол да эстафета жалауын алып жүгіріп кетті. Жасұлан жарысты соңғылардың қатарында бастағанын айтты. Дегенмен алғашқы 20 қатысушының ішінде келді.

Күннің ыстықтығы да спортшыларымызға кері әсерін тигізуде. Кей қатысышуларымыз жедел жәрдем көмегіне жүгінуге мәжбүр болды.

Мінекей, Нұрбол бауырымыз да эстафета жалауын асынып, "Әл-Фараби" даңғылымен Шығыс айналым жолына қарай беттеп келеді. 

Полиция қызметкерлері де қатысушыларға қолдау көрсетіп, жүгіру ережесі бұзылмауын қадағалап жүр. 

Жарысқа 9 жастан бастап 60 жас аралығындағы қала тұрғындары қатысты. Тек қаламыздан ғана емес, марафонды естіп шет елден де келіп қатысқандар көп болды.

Басқа жақтарға қараймыз деп қатысушымыз Нұрболдан адасып қалдық. Ал енді 15 мың адам арасынан тілшімізді таба алар ма екенбіз?

Жүгірушілерді жол жиегінде журналистер де тағатсыз күтуде. Міне, сәтті кадр күтіп отырған фотограф бейнесін де назардан тыс қалдырмауға тырыстық.

Қатысушылар Әл-Фараби даңғылын бойлап, қайта жоғары көтеріліп келеді. Осы сәтте Нұрбол эстафета жалауын Еркебұланға тапсырғанын естіген болатынбыз.

Жанкүйерлер де барынша қолдау көрсетуде. Әрине, шаршаған адамға көрсетілген қолдау күш жігерін қайта жандандырып алға қарай ұмтылуға көмегін тигізеді.

Волонтер қыздар да көмектерін аяп қалмай, спортшылардың алдарынан жүгіріп шығып суларын ұсынып жатыр.

"The Ritz-Carlton" алдына қайта келдік. Еркебұлан Жолдасқа жалауды ұсынып, жарыс жолына аттандыруда.

Айналасындағының бәрін артқа тастап, алға ұмтылып келе жатқан тілшіміз Абай мен Сайын көшелерінің қиылысына қарай беттеп келеді.

Келесі жол аралығын Бауыржан жүгіріп өтпек. Міне жалауды қолына алып аттанғалы тұрған сәті.

Бауыржанның қарқыны жаман емес, талайларды артта қалдырып зымырап келеді. Тіпті велосипедпен жүрген мен Бауыржанды әрең қуып жеттім.

Жол жиегінде жүгіру түгілі жүруге де әлі болмай қалған спортшылар да жоқ емес. Әрине жарысқа дайындықсыз бірден қатысып кету оңай емес.

Эстафетаны мәреге жеткізер соңғы спортшымыз Өмірбек те жолға шықты. Жарыстарда айла-тәсілдер керек-ақ, жалауды көрсе қарсыластардың артта қалмайтынын білген Өмірбек жалауын қолына қысып көрсетпей алып өтуде.

Міне, тілшіміздің мәре сызығына да жақындап қалған сәті. Артымызға көп командаларды қалдырып мәре сызығын алғашқылырдың қатарында болып кесіп өтік.

Құрметті оқырмандар, біздің жігіттер қатысушылар арасында 27-орынға тұрақтады. Әрине, бұл жеңіс ұжымның, бірліктің арқасында келгені анық. Жарыс жолында жүгіріп өткен жігіттерімізді жеңістерімен құттықтаймыз.

Сурет: Massaget.kz