Наурызда жауған ақша қар

Наурызда жауған ақша қар

Көктем келіп, барлығымызға да қуаныш сыйлады. Жәндіктердің тіріліп, табиғат ананың жандануына ғана көңіл бөліп, қыс туралы мүлдем ұмытып кеткен тәріздіміз. Алматы тұрғындары жазға дайындықтарын бастап та кеткен болатын. Қыс бойы айналамызды ақпен әрлеген аспан бұнымызға өкпелегендей кейіп танытып, кешеден бері ақша қарын төгуде. Бұндай тосын сыйдың куәсі болған қала тұрғындары нурызда жауған ақша қарды ешқашан ұмыта қоймас. Жауған қардың әдемі суреттерін сіздерге ұсынуды жөн көріп, фотоаппаратымызды қолға алып, далаға шықтық.

Дала суық, қар тап бір аспаннан шашылған мамық мақтадай болып жерге құлап жатыр. Тұрғындар бұндай қарды қыста көрмегендерін айтып, табиғаттың мінез көрсетуіне таңырқауда. 

Әкімшілік қызметкерлері де толассыз жауған қардан қала ішін тазалап үлгере алмай әбігерге түсуде. Көліктердің қатты жүруге хәлі жоқ, жүргізушінің барлығы жаздық шиналарын салып үлгерген.

Аялдамалар адамға лық толып қалған. Қолшатыр ұстаған ана бұл құбылысқа сәл өкпелі сияқты.

Бұл күн жаурағыш жандар үшін өте қиын өтуде.

Жерге түсе сала еріп жатқан қар суы жиылып, арықтар арнасына сыймай ағуда. Бұрқылдап шығып жатқан арық суынан да ашулы ызғар байқалатын тәрізді.

Еш адам ізі басылмаған ақ қар өткен күндерден қалған іздің бәрін жауып тастаған. Кеше ғана ғашықтар келіп аралап жүрген саябақ та жалғызсырап, табиғатқа мұңын шағып тұр. 

Сонда да әдемілігін сақтап тұрған мына үй бейнесі құдды бір ғажайып ертегі кейіпкерлерінің мекені секілді. 

Ақ көрпе жауып, айнала түгелдей аққа оранды. Шыршалар да бой созып мен мұндалап, сұлулығымды көріп ал дегендей кейіп танытады.

Бірінен-бірі өтіп тұрған әдемі ағаштар қылаулаған ақша қармен ерекше үйлесімін тауып, жұрт назарын бірден аударары анық.

Қардың қалыңдығы тізеден асады. 

Орындықтарда қалған ескі сырларды да қар басып жатыр, қардың тоқтай алатын түрі көрінбейді.

Кешегі ғашықтардың отырып сыр шерткен орындықтары елеусіз қалып қойыпты. Өткен күннен қалған сыр өзіне ғана мәлім бұл орындықтардан да ғаламат мұң байқалады.

Ауа температурасы күрт түсіп, шатырларға мұз жинала бастады. Ашулы табиғат мінезін сықырлаған сары аязымен тағы байқатты.

Тек ашуын ғана емес әдемілігін де сыйға тартқан табиғат ананың шебер өрнегіне тәнті болдық. Орындықтар мұңын шағып отырса, жол жиегіндегі ағаштар мен мұндалап сәлем салып тұрғандай кейіп танытты.

Қар басылып, көшелер де тазаланып бітуге жақын. Қала тұрғындары даланың суықтығынан үйді-үйіне асығуда.

Табиғат ана ашуы басылып, қар толықтай тоқтады. Көлік жүрісі де жылдамдап қала ішіндегі кептелістер сейіле бастады. 

Уақытында жеткен құтқарушыдай аспан әлемінен алтын шуағын шашып күн көзі көрінді. Бағанадан қабағында мұң байқалған саябақ та, орындықтар да бұрынғысынша қонақтарын қарсы алып қуанышты күндерін жалғастыратын болды.

Сурет: massaget.kz