Теріден түйін түйген шебер

Теріден түйін түйген шебер

Естеріңізде болса, жуырда «Өз бизнесіңді дамыт» стартап байқауы туралы айтып өткенбіз. Осы жобаның жеңімпаздарының бірі аяқ киім жасаудың шебері Ерлан Теміржанов есімді азамат 50 000 АҚШ долларын қанжығасына байлаған болатын. Шебердің жұмысымен жақынырақ танысу мақсатында шеберханасына қонақ болып бардық. Ол бізді ерекше ықыласпен қарсы алды. Тілдесе келе, жаңа тапсырысты дайындағалы жатқанын білдік. Және ол тапсырысты бізбен бөлісе отырып жасауын сұраған едік, қуана келісімін берді.  

Сөз басында шеберіміз бүгінгі тапсырыс жаз мезгіліне арналғанын айтып өтті. Бірінші кезекте шебер тапсырыс берушінің аяқ өлшемін ескере отырып, сол өлшемге байланысты қалып таңдап алды.

Жұмысқа кіріспес бұрын қалыпта алдыңғы жұмыстардан қалған қалдықтарды мұқият тазалауға кірісті. Әңгіме арасында әр адамның аяғы әр түрлі болатындығы секілді қалып та сол тапсырыс берушінің аяғына ыңғайланып өңделетінін де ескертті. 

Бұл өнерді ешкімнің көмегінсіз, ғаламтор арқылы үйренген Ерлан аға өз ісінің хас шебері екен. Оны өзінің ұқыпты әрі шапшаңдылығынан байқадық. Қалыпты мұқият тексермесе, кейін адам аяғына қолайсыздық туғызуы мүмкін екенін де баса айтты. 

Қалыптар тазаланып дайын болғаннан кейін ғана негізгі жұмыстарға көшті. Шеберіміздің қолы да әбден машықтанып алған екен, ара-арасында түсінбеген нәрселерімді сұрап тұрдым. Менің қызығушылығымды байқаған Ерлан аға да тереңірек түсіндіруге көшті. 

Шебер жұмысын жасап та, менің де сұрақтарыма жауап беріп те үлгерді. Қызу жұмыс одан әрі табанын жапсырумен жалғасты. Себебі бұл аяқ киімнің ең маңызды бөлшегі екен. Өз сөзінде аяқ киімнің тұтастығы осы табанына байланысты болатынын айтты.

Табанның артық қырлары желім жаққанда көтеріліп қалмасы үшін егеледі екен. Өз ісіне құрметпен қарайтын ағамыз бұл іске үлкен жауапкершілік пен шыдамдылық керектігін айтып өтті. Қателескен бір элементі үшін бар еңбегінің зая кетіп, тапсырыс жарамсыз болып қалған кездері де болыпты.

Еңбектің зая кеткені кім үшін болса да шығын әкелетіні айдан анық. Сол себепті шебер жұмысы тапсырыс берушінің көңілінен шығатындай етіп жасауға барын салады екен.

Ерлан аға Ресей, Түркия, Қытай елдерінен Алматы дүкендеріне келіп түскен терілерді сатып алады. Сіздер көріп отырған материал – бұл түрік елінен жеткізілген және де түрік елінде жоғары бағаланатын терілердің бірі. 

Мен болсам, Ерлан ағаның жұмысының бірін түсініп, бірін түсіне алмай сұрақ қоя бердім, ол кісі де бетімнен қақпай әр қимылына тоқтап түсіндірді. Нағыз қазаққа тән мінезі бар қарапайым азамат екен.

Желім жағуға да таяп қалды, желім тигенде жиырылып қалмас үшін теріні осылай бірер уақыт керіп қойды. Мына бейнені көргенде-ақ бір тамаша туынды көретініме сенімді болып тұрдым.

Табанын өлшеп кесіп, желімдеп те қойды. Желім кепкенше біраз уақыт күту керек. Өзінің дайын болған жұмыстарымен таныстыруды жөн көрген ағамыз бізге еңбектерін шетінен сипаттай бастады. Кеттік, бірге тамашалап қайтайық.

Бұл – арнайы тапсырыстардың бірі. Алда жаз мезгілі келе жатқандықтан, жеңіл, жаздық аяқ киімдерге тапсырыс көптеп түсүде.

Сырт пішіні өзгелерге ұқсағанымен, бұл сүйретпелердің басты ерекшелігі табиғи тазалығында. 

Өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл аяқ киім таза теріден тігілген экологиялық жағынан кіршіксіз, жастарға арналған. 

Міне, осындай қолтаңбасы бар бұйымдарды кездестірсеңіз, Ерлан ағаның туындыларының бірі екеніне сеніммен қарап, өз бағаңызды бере жүріңіз. Ерлан аға еңбектерін қызықтап жүргенімізде, желім де кепкен тәрізді, кеттік, бірер сағатта дайын болған туындыға бағамызды бірге берейік. 

Міне, құрметті оқырмандар! Бірнеше сағат ішінде заман талабына сай, осындай тамаша жаздық аяқ киімнің дүниеге келуіне сіз де куә болдыңыз. Бұндай тосын сыйдың үстінен түскен біз ұстаның өнеріне тәнті болдық.

Қарапайым дүниеге жан бітіріп, қайталанбастай етіп өңдеу тек осы Ерлан ағадай шебердің ғана қолынан келеді деп ойлаймын. Осындай өнерлі ағаларымыз көп болса, болашақта тек отандық өнімдерді қолданатынымызға сенімдімін. Біз де өз кезегімізде Ерлан ағаға сәттілік тілеп, қош айтыстық.