8 наурыз қарсаңындағы Алматы

8 наурыз қарсаңындағы Алматы

Көктем келіп табиғат анаға жан бітті. Қаламыздың көркі кіріп, көгеруде. Биылғы көктем тым ерке көрінді маған. Сыңғырлаған күлкісін, жылт еткен жанарын бір көрсетіп ғайып болатын ерке бір қызды еске салады. Жүректі қобалжытады, сонысыменде адамды баурайды. Ішіңнен сол бір тәтті сәтке деген қуанышты сезесің, асыға күткендей боласың. Сол көктемнің алғашқы мерекесі  –аналарымыздың мерекесі, яғни, 8-наурыз халықаралық әйелдер күні. Әсем қаламыз ару қыздарымызды қалай құттықтап, қалай дайындалып жатқанын білгісі келген біздің ұжым, сіздерге мереке қарсаңындағы қала тұрғындарының әзірлігін ұсынады.  

Біз бұл күні сіздерге – аналарымыз бен апа-қарындастарымызға, қыздарымызға ең ыстық құттықтауларымыз бен ең ізгі тілектерімізді жолдаймыз.

Ана құшағынан көктем табиғатымен жымдасқан жылылық, шексіз мейірімділікті байқай аласыз. Дүниеге жаңа келген тіршілік иесіне нұрын шашып, келешекке ақ жол, адал ниет нұсқап, өмір себуші асқақ құдірет иесі, адам сәулетшісі – ол Ана. Сол аналарымыз бен аруларымыздың құрметіне көшелер безендірілуде.

Бізді ең көп шабыттандырып, жақындық сыйлайтын, жүрегіңдегі сөзді жеткізе алатын табиғаттың тағы бір сыйы бар, ол – әдемі де әсем гүл. Мінекей, сол гүлдер де  дайындалу үстінде.

Шарлар да жақсы көңіл-күй сыйлай алады, бастысы әдемісін таңдай алсаңыз болғаны. Ғашық жандардың тағы бір есте қалар сыйы ретінде әдемі шарлар да орын алады. 

Аруларымыз нәзік, ерке, қылықты болғандықтан, көбінесе, сыйлыққа гүл алуды ұнатады. Біз де гүл базарына келген едік, мұнда сауда қызып жатыр екен.

Кімге де болса анасын, қарындасын және аяулы жарын тосыннан қуанта білген ұнайды. Бұл суретке қарасақ, ағамыз жарының сүйікті гүлін алғанға ұқсайды. 

Жұптар да қол ұстасып қыдырып жүр, әрине бұл мереке – естен кетпейтін ерекше күн. Ғашықтардың естелікке суретке түсіп жатқан сәтін де назарымызда ұстай алдық.

Енді бір ғашығымыз жігітінің тосын сыйын күтіп отырған тәрізді. Саябақ ішіне кіріп едік, бұндай қызықты көріністерді көптеп кездестірдік. 

Бірі гүл, бірі шар, енді бірі арнайы тапсырыспен ерекше естеліктер салдырып, сыйлауда. Шынымен де, бұл жылы аналарымыз, аруларымыздың мерекесі ерекше аталып өтуде.

Республика сарайының алдында көңілді концерт ұйымдастырылып, шоқ гүлдер сыйға тартылды. Аналарымыздың көңіл-күйі жоғары, әрдайым дәл осылай көңілді жүре берсе екен.

Өнерлі жастарымыз бірі би билесе, енді бірі ән арнап, аналарымызды тек қуантумен болды. Аналарымызды құттықтауға Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті ерекше дайындалғанын көрсетіп, әжелеріміздің ыстық ықыласына бөленіп, ақ батасын алды.

Аяулы арулар бізде сіздерді шын жүректен құттықтаймыз! Сіздерге сәттілік пен шаттық көңіл серік болсын! Ер азаматтардың сыйластығы мен құрметіне бөлене беріңіздер!

 Сурет: massaget.kz