"Далаға шыққан кезде жарықтан көзіміз ауырады". Метро машинисі бір күні қалай өтетінін айтты

Алматы секілді ірі мегаполисте халықтың көпшілігі метроға мінгенді жөн санайды. Massaget.kz метро бекеттерінің аралығында жолаушы тасымалдайтын пойыздар жиналатын жерді тапты. Оған қоса метро машинисімен тілдесіп, бір күні қалай өтетінін сұраудың сәті түсті.

Алматыда Райымбек бекетінен кейін пойыздар жиналатын жер бар. Бұл - Алматы метрополитенінің электрдепосы.

Беларусь көшесінде орналасқан бұл ғимарат пойыздардың "жұмағы" дерсіз... Өйткені бір емес, он бес құрам осы жерде.

Бірнеше қабаттан тұратын үлкен ғимаратта жұмыс қайнап жатыр. Ал ең бастысы ғимараттың бірінші қабатында пойыз құрамдары орналасқан.

Біз метро машинисі Қайрат Оразовтың жұмыс күніне тұспа-тұс барыппыз. 44 жастағы машинист он жылдан аса уақыттан бері осы салада жемісті еңбек етіп келеді. 

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданының тумасы мектепті сол жақтан тәмамдап, еңбек жолын да сол өңірден бастаған. 2006 жылы Аягөз қаласы Ақтоғай станциясына жұмысқа кірген.

Қайрат Оразов Қазақ қатынас жолдары университетінде білім алған. Ал метрополитенге жұмысқа орналасуын тағдыр айдап әкелді десек те болады деп түсіндірді.

"Алматыға тұруды мақсат етіп келіп, 2017 жылы Алматы метрополитенінде бос жұмыс орны бар болғандықтан, осы жаққа орналастым. Тағдыр айдап келді десек те болады", - деді машинист.

Алматы метросы түнге дейін дамылсыз жұмыс істейді. Бірақ машинистердің жұмысы мұнымен бітпейді. Олар басқа мамандық иелері оянатын уақыттан әлдеқайда ерте тұрады. 

Қайрат Оразовтың сөзінше, машинистердің жұмыс уақыты екі кезеңнен тұрады. Күндізгі кезең таңертеңгі сағат 9.00-ден кешкі сағат 17.00-18.00 аралығына дейін. 

Ал машинистер жұмыс істейтін түнгі кезең кешкі сағат 17.00-18.00 аралығынан бастап, түнгі сағат 00.00-ге дейін жалғасады. 

"Түнгі 00.00-де вагондар құрамы депоға кіргізіледі. Кейін тексерістер болады, вагондардың іші жуылады. Таңғы 5.00-де біз қабылдап аламыз. Техникалық жағдайына, тазалығына қараймыз", - дейді машинист.

Алматы метрополитені жолаушыларды тасымалдауды таңертеңгі сағат 6.20-дан бастайды. Ал түнгі кезеңді тәмамдаған машинистер 00.00-4.00 аралығында арнайы демалатын орында 4 сағат мызғып алып, қайта жұмысқа кіріседі. 

"Жұмыс уақытымыз сағат 4.00-5.00 арасында басталады. Міндетті түрде медициналық тексерістен өтеміз. Соның ішінде қан қысымын, алкотест, витаминдерді тексереді. Денсаулығымызда қандай да бір ақау болса, қан қысымы жоғары болса, бізді желіге шығармайды. Орнымызға басқа машинистерді жібереді", - деді ол.

Машинистердің бір күндік жұмыс уақыты күндізгі кезек үшін 7-8 сағатқа созылса, түнгі кезек үшін 10-11 сағатқа созылады.

Қайрат Оразовтың айтуынша, Алматы метрополитенінде 15 құрам бар. Оның біреуі жөндеуде. Әрбір құрам 4 вагоннан тұрады. Жалпы сыйымдылығы 1000 адамға жетеді.

Алматы халқын тасымалдайтын 11 құрам күнделікті желіде жүрсе, үш құрам оқыс оқиғаларда қолданысқа беру үшін резервте сақталады екен.

"Сағат 4.30-дан бастап ток беріледі. Халық жұмысқа қатынайтын уақытта 11 құрам желіге шығады. Сағат 9.00-де соның бесеуі депоға кіреді. Өйткені бұл уақыттан кейін көп жолаушы болмайды, бәрі жұмыста болады. Түстен кейін бәрі үйлеріне қайтады, сол уақытта бес құрам қайта желіге шығады. Ал қалыпты уақытта алты құрам жүреді", - деді ол. 

Машинистің бөлмесі де ерекше, көпшілік түсіне бермейді, себебі сан алуан құрылғыға толы. Ең бастысы - бейнебақылау камералары. Әрбір жолаушыға жауапкершілік алатынын түсінетін машинистер камераны да қадағалауды ұмытпайды.

"Камерадан бәрін қадағалап, қауіпті жағдай болса, диспетчерге хабарлаймыз. Кептеліс уақытында адамдар қысылып қалатын тұстар болады. Кейбір адамдар есік жабылатыны хабарланса да кіріп жатады", - деді машинист жұмысының кейбір қиын тұстары туралы.

Бөлмедегі құрылғының бәрі автоматты режимде жұмыс істейді. Дегенмен машинистерге уақыт бәрінен маңызды. Бір бекетке берілетін 30 секундты мұқият пайдалану қажет: 15 секунд есікті ашып-жабуға, 15 секунд жолаушыларды күтуге беріледі.

"30 секундтан асса, бәрі тексеріледі. Техниканың кемшілігі ме, машинистің кінәсі ме?! Бұл кешігу деп саналады", - деді ол.

Тағы бір талап - жылдамдық сақталуы. Әдетте машинистер 60 км/сағ. жылдамдықпен жүреді. Ал бұрылатын жолдарда 40-50 км/сағ. жылдамдыққа дейін түседі.

Жолаушылар үшін жерасты қара түнек. Ал машинистер жер асты жолының әрбір қыр-сырын біледі.

"Жердің астында көтеріліп-түсетін сәттер болады. Абай-Алмалы бекеттері арасында бұрыламыз. Негізінен тіке жолдар", - деді ол.

Машинистің осы уақытқа дейінгі еңбек жолында оқыс оқиға немесе қызық сәттер қаншалық жиі болғанын білгіміз келді. Дегенмен әр ісіне асқан тиянақтылықпен қарайтын машинист мұндайға жол бермегенін айтады. Алайда әріптесінің бір ерлігін баяндап берді.

"Әріптесім Әуезов бекетіне кіріп келе жатқанда, платформадан жолаушы жолға құлағанын көріп, шұғыл түрде тоқтап, диспетчерге хабарлаған. Мамандар баланы алып, медициналық орталыққа тапсырған", - деп еске алды Қайрат Оразов.

Қайрат Оразов бүгінде қараңғыға да көзі үйреніп кеткенін, тек кей кезде көзі ауыратын сәттер болатынын айтты. 

"Екі айналым екі сағаттан, бір айналым - бір сағат. Екі айналым жасап, бір айналым демаламыз. Райымбек бекетінде машинистің демалыс бөлмесі бар, сол жақта демалып аламыз. Машинистер бір-бірімізді алмастырып отырамыз. Сол демалыс уақытында, далаға шыққан кезде жарықтан көзіміз ауырады. Өйткені жердің астында жүріп үйреніп қалғаннан кейін біртүрлі боламыз", - дейді машинист.

Үнемі әуеде ұшып жүретін бортсеріктердің денсаулығына зиян келетіні жиі айтылады, ал жер астында жүретін метро машинистерінің денсаулығына қандай да бір қауіп бар ма? Бұған нағыз еңбек адамының өзі жауап берді.

"Бұл рас. Оттегі жетіспеушілігі болады. Жер астында қысым болған соң, құрамда одан өткен қысым болады. Бұл бәрібір әсерін тигізеді. Өзім де зияны бар деп ойлаймын", - дейді машинист. 

Кептеліс уақыттарында 40-50 мың адамға дейін тасымалдайтын еңбек адамының бір күні осылай өтеді. Сан мың адамның өміріне асқан жауапкершілік алатын жан мамандығына балалары да қызығатынын, дегенмен болашақ мамандығын олардың өзіне таңдауға мүмкіндік беретінін айтты.

Айта кетейік, Алматы метрополитенінде 55-тен аса машинист бар. Олар ауысыммен жұмыс істейді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда жаңа метро бекеттерінің құрылысы қалай жүріп жатқаны туралы эксклюзив материал дайындаған едік.

Анықтама: Алматы метрополитені 2011 жылы ашылған болатын. Бүгінде 11 бекет бар: Бауыржан Момышұлы, Сарыарқа, Мәскеу, Сайран, Алатау, Байқоңыр, Абай, Алмалы, Жібек жолы, Райымбек батыр. Райымбек батыр бекеті Назарбаев көшесі мен Райымбек даңғылының қиылысында орналасқан. Ал әзірше соңғы бекет - Бауыржан Момышұлы бекеті, ол Абай даңғылы мен Б.Момышұлы көшелерінің қиылысында орналасқан.

Алматы метрополитенінің мәліметінше, күніне метромен 100 мыңға жуық жолаушы тасымалданады.



Бөлісу: