Зор үміт, кішкентай ауыл: АЭС салынуы мүмкін Үлкеннің жағдайы қандай?
Алматыдан 4 сағаттық жолда Үлкен ауылы бар. Қазір бұл жер бәрінің аузында. Неге? Себебі мұнда Атом электр станциясы салынуы мүмкін. 1700 ғана адам тұратын бұл ауылдың көрінісі қандай? Мұнда АЭС салынса, өмір қалай өзгереді? Тұрғындар бұл туралы не дейді? Неге бір кездері зор үміт күттірген ауыл "елес мекеніне" айналып бара жатыр? Massaget.kz тілшісі бұл мекенге арнайы барып қайтты.
Үлкен ауылы Алматыдан небәрі 400 шақырым жерде орналасқан. Бұл жер о баста 1989 жылы Балқаш маңында арнайы ГРЭС үшін салынған. Болашақта бұл мекенде ЖЭС тұрғызылады деп жоспарланған. Алайда үміт артқан "Үлкен" бүгінде атына сай болмай шықты.
Ауылға кірген бойда көз алдымызға "болашақ энергетика мекені" емес, терезесі жоқ тастанды ғимараттар көрінді.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, кезінде мұнда тұрғындар саны 10 мыңға жуықтаған, алайда қазір 3 мыңға жетер-жетпес адам тұрады.
Үлкенге таңғы 7-де жеткен біз әкімдікке жол тарттық. Оның ғимараты тұрғын үйдің 1-қабатында орналасқан, ал қарама-қарсы салынған үйдің жоғарғы қабаттарында тіпті терезе жоқ.
Жұмыс күнінің басталуына әлі 1 сағат бар. Уақытты бос кетірмеу үшін Балқашқа кеттік. Бір қызығы, ауылда бірде-бір қоқыс жәшігін байқамасақ та, көшелері де, ауасы да сондай тап-таза. Құжынаған Алматыдан келген адам бірер минутта тынығып қалады.
Балқаш жағалауында тот басқан кемелер тұр. Пирс күзетшісінің айтуынша, биыл балық тіптен азайған, бұған себеп – Балқаштың айтарлықтай тартылуы.
Ауылда жарыққа толы әрі терезелері бүтін бір ғана жер бардай көрінді. Ол – білім ордасы. Мыңнан аса оқушыға арналып салынған мектепте 200-ден аса бала білім алып жатыр, мектептің бір бөлігі даярлық тобына берілген.
1987 жылы салынған мектептің жағдайы жақсы, мұнда әр кабинет жабдықталған: интерактив тақта, заманауи құралдар, кітап қоры мен сабаққа қатысты барлық көрнекілік бар.
Бұл – аралас мектеп, мұнда оқушылар 1 ауысымда оқиды. Ал 15:00-ден бастап қосымша сабақтар басталады.
"Біздің мектеп 1176 оқушыға лайықтап салынған. Бірақ қазір 274 оқушы білім алып жатыр. 26 баланы 1-сыныпқа қабылдадық, оның 11-і қазақ сыныбына, 15-і орыс сыныбында. Алыс-жақын мекендерде тұратын балалар емес, бәрі – өз ауылымыздың балалары. Былтыр 15 оқушы түлеп ұшты, оның 6-ы грантқа түсті", – дейді мектеп директоры Әлия Үкібаева.
Ауылдың болашағы тек ересектерді емес, балаларды да алаңдатады. Олар мұнда жайлы өмір сүруге ештеңе жоғын айтып қынжылады. Білім алу үшін үлкен қалаларға кетуді жоспарлап отырған жастар ауылға қайтып, оны өркендету басты мақсат дейді.
"Жұмыс болса, қайтып келгім келеді"
16 жастағы Есбай Мұхамед биыл мектепті тәмамдайды. Түлек IT саласын таңдап отыр. Ол ауылдан көшкісі келмейтінін, жұмыс болса қайтып келгісі келетінін айтты.
"Осында туып-өстім, балабақшаға да осында бардым. Бос уақытымда мектепте келіп, волейбол, баскетбол, теннис ойнаймын. Ал мектептен тыс пейнтбол ойнап тұрамыз. Одан басқа, ауылда суши сататын, трассада кафе бар. Бұрын компьютер клубы болған еді. Қазір ол жабылып қалды. Мен қазақ сыныбында оқимын, үш-ақ сыныптасым бар. Алматыға барып оқимын деп жоспарлап отырмын. Бірақ ауылдан көшіп кеткім келетін сәт болмайды. Оқуға кетсем, кейін жұмыс болса, қайтып келгім келеді", – дейді ол.
Түлектердің де қалауы – ауылдың өркендеуі. Олар "мектепте оқушы көбейсе, көңіл көтеретін алаңдар пайда болса" дейді.
Директор Әлия Рахымбайқызының айтуынша, сыныптарда бала санының аз болуы әр оқушыға жіті көңіл бөлуге мүмкіндік береді.
"Басқа жерден келген мұғалім жоқ, бәрі өз ауылымыздан. Штатта кадр тапшылығынан қос дипломы бар мұғалімдер де бар. Мысалы, бір педагог қазақ тілінен және географиядан сабақ береді. Тарих пәнінен беретін мұғалімнің екінші дипломы – орыс тілі пәні педагогы. Барлығы 47 мұғалім бар", – дейді ол.
"Сапарлатып кетсем, ауылымды сағынамын"
Әлия Рахымбайқызының ұлы да осы мектептен түлеп ұшқан. Кейін ауылына қайта оралып келген. Қазір мектепте психолог болып жұмыс істейді. Оның айтуынша, ұлына алғашқы кездері қиын болған, бірақ қазір мұндағы өмірге үйреніп кеткен. Директор бұл ауылға бұдан 13 жыл бұрын көшіп келген, ал 2 жыл бұрын басшылық қызметке тағайындалған. Оның негізгі мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі.
"Ата-анам осында 20 жылдан аса уақыт тұрады, әпкем мектепте істейді. Мен Балқаш ауданынан 2011 жылы көшіп келдім. Қазір балам да мектепте жұмыс істейді. Тағы бір балам мектепте 11-сыныпта оқиды. Шынымды айтсам, бұл ауыл маған ұнайды. Ауданға, Алматыға сапарлатып кетсем, біраз уақыттан кейін ауылымды сағынып отырамын. Мұнда ішім пыспайды, күні бойы мектептемін, түске дейін сабақ, түстен кейін сабақтан тыс қосымшалар, тіпті қолым тимейді десе де болады. Кейінгі 2 жылда ауыл көркейіп келеді. Мысалы, аллея салынып, балаларға арналған алаңдар абаттандырылды", – дейді ол.
Директор ауылда АЭС салынса, ол мектепке де қандай да бір инвестиция әкелетініне сенімді.
"Демеушлілер пайда болар еді, оқушылар көбейер еді. Ауылымыз көркейе бастайды деп ойлаймын", – дейді Әлия Рахымбайқызы.
Мектеп директоры Әлия Рахымбайқызы
Ал бұл – ауылдың "мәдениет үйі". Мұндағы барлық маңызды шара осы акт залында өтеді. АЭС салу туралы талқылаулар осында болған.
Мектеп асханасында тәтті тоқаштардан бастап, түрлі-түсті қаламға дейін бар.
Алайда асханадағы баға шарықтап тұр. Директордың айтуынша, ұстаздар сағаттарына байланысты жалақы алса, тазалықшылар ең төмен жалақы – 85 мың теңге алады.
Қоңыраулар арасында балалар сыртқа шығып үлгереді. Мектептің маңында қаңырап жатқан үй көп.
"Тастанды, қаңырап жатқан үй көп қой. Қорықпайсыңдар ма?" деген сұрағыма
"Жоқ, біз үшін үйреншікті нәрселер. Үйреніп кеттік", – деп жауап берді балалардың бірі.
Мұндай жерлерде өз-өзіңе қол жұмсау қиын шаруа емес сияқты көрінеді. Алайда ауыл әкімінің айтуынша, кейінгі үш жылда суицид жағдайлары тіркелмеген. Оған қоса, бұл үйлердің есігі мен терезелері қоршалған.
Ал осы ауылдың "бас бұзақысымын" деп таныстырған бала бос ғимараттарға жиі кіретінін, тіпті онда отын жағып отыратынын жасырмады.
Арбалар тұрағы
Мектеп маңындағы даярлық тобына берілген бөлігінде арбалар жиылып тұр.
Мектеп директорының айтуынша, мұнда 2 топ бар, әр топта 25 баладан. 2,5-4 жас аралығында бала қабылданады.
Тұрғындар қаңырап қалған үйлердің қорқынышты келбетіне үйреніп қалған, олар үшін бұлар үйреншікті жағдай сияқты.
"Суық кездері коммуналдық қызметке 50 мың теңге кетеді"
Бір қызығы, түгі жоқ әр үйдің қожайыны бар. Бірақ олардың кім, қайда екені беймәлім. Ал пәтер бағасы бұрын тиын тұрса, қазір біршама өскен. Мектеп директоры ауылға көшіп келгенде пәтерін қаншаға сатып алғанын айтты.
"5 жыл бұрын 4 бөлмелі пәтерімді 10 мың долларға (4 миллион 700 мың теңге - еск.) сатып алдым. Жөндеусіз тұрған үйді 4-5 миллион теңгеге сатып алуға болады деп естідім. Суық кездері коммуналдық қызметке 50 мың теңге кетеді. Қазір мұнда үй сату оңайырақ сияқты. Өкінішке қарай, ауылда киім, жөндеу жұмыстарына қатысты құралдарды алатын дүкендер жоқ. Бәрін Шығанақтан алып келеміз", – дейді ол.
Коммуналдық қызметке былай қыруар қаржының жұмсалуын ауыл әкімі Кенжемұрат Қасенов әр үйде жеке қазандықтардың орнатылғанымен түсіндірді.
Қараусыз қалған кей үйлердің алды қоқысқа толы. Мұнда аяқ басып кіру мүмкін емес.
"Жергілікті "Илон Масктар" ауылда тұрмайды"
Ауасы таза, суы тұнық Балқаш маңында Үлкенге демалушылар келе ме? Оларға қандай да бір жағдай жасалған ба? Бұл сұраққа ауыл әкімі жауап берді.
Оның айтуынша, су маңында жазда 4-5 киіз үй тігілді. Адамдар келіп демалады. Мұнда тіпті 4 бірдей қонақүй бар. Алайда адамдарға көңіл көтеретіндей ойын-сауық жерлері жоқ. Тұрғындар тіпті Мәдениет үйіне зәру.
Тағы бір қызығарлық нәрсе – мешіт.
"Мешітті жеке кәсіпкер өз қаражатына салып жатыр. Күмбез салынып қойғанымен, заңды түрде ол жеке шарушылық қожалығы ретінде тіркелген. Ғимараттың құрылысы былтыр басталған. Бұған дейін ауылда мешіт те, имам да болмаған", – дейді әкім.
Ауыл әкімі Кенжемұрат Болатұлының сөзінше, мұнда 3 мыңға жуық адам тұрып жатыр. Ал 1700 адам заңды түрде тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелген. Ауылға жақын жерде шахта бар. Мұнда жұмыс істейтіндер ауылға келіп, пәтер жалдап тұрады. Мәселен, 2-3 бөлмелік пәтерді айына 70 мыңға жалдауға болады.
Жалпы ауылда 31 көппәтерлі үй тұрғызылған, алайда оның 24-інде ғана адам тұрады. Бір қызығы, ауылда бірде-бір жер үй жоқ.
Пәтер жалдағысы келмейтіндерге 4 бірдей қонақүй бар. Әкімнің сөзінше, Үлкен ауылының маңындағы басқа ауылдарға қарағанда бұл жерде сумен де, жылумен де мәселе туындамайды.
Қонақүйдегі ең төмен баға – 5 мың теңге. Ал люкс бөлмелер 1 тәулікке 30 мың теңге.
Ауыл әкімі Кенжемұрат Болатұлы ауылдағы бірнеше ғимарат жеке кәсіпкерлерге тиесілі екенін айтты. Мәселен, Катранова Зелинаның ауылда 2 қонақүйі, пирсі, аяқталмаған мешіті, бұрынғы аурухананың ғимараты бар. Ал жергілікті "Илон Масктар" бұл ауылда тұрмайды.
Бұдан басқа, ауылда 16 дүкен, шаштараз, сұлулық салоны, 2 дәріхана бар мен суши кафесі бар.
Өкінішке қарай, ауыл орталығында "Шағала" деген мейрамхана 1990 жылдары салынып, сол күйі аяқталмай қалған. Әкімнің сөзінше, бұл ғимараттың басшысы – кореялық азамат, алайда оның қазір қайда екені беймәлім.
"Ауылда маскүнем де, нашақор да жоқ"
Әкімнің айтуынша, ауылда маскүнемдер де, есірткіге салынғандар, суицидке баратындар да жоқ. Тұрғындардың айтуынша, бұрын қараусыз қалған үйлерде өз-өзіне қол жұмсайтындар көп болған, алайда әкім қазір мұндай деректің жоғын айтты.
"Тұрғындардың ауруы асқынғанда аудандық бөлімге жібереміз. Одан қатты асқынса, 103 шақырамыз, ол 5 сағатта келеді. Ұзынағаш – 380 шақырым, Балқаш – 330 шақырым аралықта. Жүкті әйелдерді 200 шақырымдық жерге жібереміз. Босануға 2 апта қалғанда жібереміз. Жыл сайын медициналық тексеру мамырда, келіп тексеріп келеді. Жалпы ауыл бойынша 12 адам жұмыс істейді: стоматолог, акушер, фельдшер. Алғашқы көмекке қажет дәрі-дәрмектің бәрі бар", – деді емхана басшысы Қайрат Тұяқбаев.
Әкімнің айтуынша, ауылда 2 балық зауыты бар. Бұл зауыттарда жұмыс істейтін жергілікті тұрғын аз, себебі мұндағы жұмыс тым ауыр. Халық мұнда тек жол жөндеу жұмысынан, балық зауытынан, мектептен және шахтадан ғана ақша таба алады.
Ауылда жұмыс аз болғанымен, азық-түлік бағасы шарықтап тұр. Мысалы, нан – 200 теңге.
Әкім биыл ауылды абаттандыруға мемлекеттік бюджеттен 36 миллион теңге бөлінгенін айтты. 2 тендер ойнатылып, 1 футбол алаңы мен 1 балалар алаңы салынған. Біреуі – 9 миллион болса, екіншісіне – 8 миллион қаржы кеткен. Ал қалған қаражат мемлекет қазынасына қайтарылған.
Ауыл әкімі Кенжемұрат Қасенов
"Ауылда барар жері, басар тауы жоқ адамдар ғана қалады"
Ауыл тұрғыны Гүлнәр Асанова бұдан 30 жыл бұрын Шымкенттен күйеуімен осы ауылға қоныс аударған. Содан бері мектепте орыс тілінен сабақ беріп келеді.
"Жолдасым екеуміз 1994 жылы осында көшіп келдік. Өмірімнің көп бөлігі осында өтті деуге болады. Мұнда алғаш келгенде өмір қызу қайнап тұрған еді, себебі ГРЭС салынуы керек еді. Жылу мемлекет есебінен жүргізілді. Өміріміз жақсы еді. Кейін бәрі қиындай түсті. Бұл уақытқа "блокада" деген атау бердік – су, жарық, жылу болмады. Тіпті көршілерімнің бірі пәтеріне пеш орнатты. Барар жері барлар көшіп кетті, барар жері жоқтар қалды. Пәтерлер 5 мың теңгеге де сатылып кетті, кейбірі тіпті тастай салды. Осылай 2-3 жыл күн көрдік, кейін әр үйде автоном қазандықтар пайда болды. Қазір де рахат өмір сүріп жатырмыз деп айтуға келмейді, себебі суық кезде жылуға айына 50 мың теңге төлейміз", – дейді әйел.
Ол референдумнан кейін бәрі өзгеретініне кәміл сенімді.
"Референдумнан кейін мұнда адам көбейеді деп үміттенемін. Атом электр станциясы салынбайтын болса, адам қалмайтын да сияқты. Барар жері, басар тауы жоқ адамдар ғана қалады. Адамдар бірнәрсеге үміттеніп отыр, бізде 30 жыл бойы сол үміттің арқасында күн көріп келеміз. Атом электр станциясы электр энергиясының болашағы ғой. Ол бізге ауадай қажет. Көп адам бұған қарсы, Чернобыльдегі жағдай қайталана ма деп қорқады. Содан бері 38 жыл өтті! Неге адамдар өткеніне қадалып өмір сүреді?" – дейді әйел.
Ауылға 16 жыл бұрын көшіп келген Игорь Кветкин қазір пирстердің бірін күзетеді.
"Маған мына жер ұнайды. Алғашында балық қабылдап бастадым, қазір күзетшімін. Былтыр аз да болса балық болған еді, қазір су тартылып жатыр. Күн ыстық болған соң, балық су түбіне кетті. Балықшыларға алысқа баруға тура келеді", – дейді ол.
Игорьдің айтуынша, бұрын балықшылар таңертең 8-12 тонна балық аулайтын. Қазір кішкентай жәшікті де толтыра алмайды. Үлкенде балықшылар да азайған. Қазір жол салынып жатыр, адамдар маусымдық жұмыс істеуге мәжбүр.
"Мен 61-демін. Дүниеге келгенде мына ауыл атом электр станциясына сайланып салынған. Кореялықтар да, басқалары да келді. Көріп тұрғаныңыздай, ештеңе жоқ. Келіп салса, жұмыс пайда болар еді. Көреміз. Ал балықшылар үшін болашақ жоқ. Мұнда адамдар 2 жұмыс істеуге мәжбүр. Игорь таңғы 4-те балық аулауға кетті, таңғы 7-де аяқтап, екінші жұмысына кетіп бара жатыр. Ал оның 2 баласы бар", – деп күрсінді Игорь.
Бүкіл Алматыны жарықпен қамтып отырған KEGOC электр станциясы
Неге ауылға "Үлкен" деген атау берілген?
"Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде" Үлкен сөзі "Көлемі жағынан аумақты, зор, дәу; Ауыс, көпті көрген, көп жасаған қарт" деген мағына береді делінген.
Болашағынан зор үміт күттірген ауылдың атауы ендігі оның көлеміне емес, көп жасағанына қарай ауысқандай.
АЭС салуға тұрғындардың көзқарасы қандай?
Тұрғындардың сөзінше, дастарқан жайылған кез келген отырыста АЭС салу туралы талқы өтеді. Көбі құрылыстың салынуын асыға күтіп отыр, себебі бұл ауылға жаңа леп береді деп сенеді. Ал референдумға дайындық енді басталады.
АЭС салу референдумы қалай өтеді?
Еске салайық, бір кездері бұл жер ГРЭС үшін салынған. Болашақта бұл мекенде ЖЭС тұрғызылады деп жоспарланған. Алайда үміт артқан "Үлкен" бүгінде атына сай болмай шықты.
"Қазақта "ер кезегі үшке дейін" дейді. Ер кезегі үш! Бәлкім, бұл ауылға тағы бір мүмкіндік беріп көру керек шығар?!" – деп қорытындылады әкім.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!