Арулар ордасында өткен әсерлі кеш

Арулар ордасында өткен әсерлі кеш

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіннің «Педагогика және Психология» факультетінде «Жаңа толқын – 2014» атты студенттер байқауы өтті.

«Арнайы және әлеуметтік педагогика» кафедрасының ұйымдастыруымен өткен байқаудың негізгі мақсаты талантты студент жастарға қолдау көрсету, оларды көпшілікке насихаттау және қоғамдық жұмыстарға белсенділігін арттыру болды.

Аталған шара Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіннің 70 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді.

«Жаңа толқын-2014» байқауына факультеттің талантты жастарынан құралған бес топ қатысты. Атап айтсақ: «Аяла» тобы,  «Мейірім» тобы, «Нұр» тобы, «Асыл» тобы, «Жүректен жүрекке» тобы.

Байқауға «Педагогика және Психология» факультетінің «Арнайы және әлеуметтік педагогика» кафедрасының меңгерушісі Абаева Ғалия Әскербекқызы,  «Педагогика және Психология» факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айтжанова Эльмира Нұрмаханқызы, «Педагогика және Психология» факультетінің аға оқытушысы Қараева Тілеужамал Наршақызы сынды оқытушылар мен бірге сайтымыздың контент-менеджері, Республикалық мүшәйраладың жеңімпазы, жас ақын Шерхан Талап қазылық етті. Қазылар алқасы қатарында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде өткен «Атыңнан айналайын, Қазақ қызы!» атты республикалық жыр мүшәйрасының жеңімпазы Айбол Исламғалиев те болды.

Байқауға қатысушылар "Таныстыру" (Айтамыз жайымызды өнерменен, Ұстазбыз өлең сөзбен өрнек өрген), "Қойылым" (Өмірдің өткені өнеге, келері сабақ), "Сұрақ-жауап" (Ғылыммен жақын болсаң қолың жетер), "Топтық өнер" (Ән сазымен, қыз назымен), "Тапқырлық ойын" (Биіктерге әрқашанда таласқан, Іскерлікпен тапқырлығы жарасқан), "Жанкүйерлер сайысы" (Қыздары көп университеттің-қызығы көп) кезеңдері бойынша сынға түсті.

 Өнерлі студенттер әуелете ән шырқап, мың бұрала би биледі, сахналанған көріністер қойды.

Олардың қоғамдағы өзекті мәлселерді қаузайтын, тәрбиелік мәніге толы қойлымдары көрермендер тарапынан ыстық ықыласқа ие болды.

Қазылар алқасы қатысушы топтардың өнерін саралай келе қарсыластарынан қара үзіп шыққан "Асыл" тобын жеңімпаз деп тапты. Барлық жеңімпаз командалар мақтау қағаздарымен және арнайы кубокмен марапатталды.

Сурет: ©Massaget.kz