Алматыда 10 наурыз кештен бастап толассыз қар жауды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қала әкімдігі мәліметінше, қар жауғаннан бастап коммуналдық қызмет күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілген.
"Бүгін жұмысқа 75 жедел бригада, 2710 жол жұмысшысы және 1225 техника тартылған. 200-ден аса жол тазалайтын техника жолға көктайғаққа қарсы арнайы материал сеуіп жатыр. Осыдан соң техника 28 бригадаға бөлініп, көшелерді тазалау жұмыстарына кіріседі", - деп жазылған хабарламада.
Осы уақыт аралығында қалаға шамамен 27 сантиметр қар жауған. Синоптиктердің болжамынша, таңертең ауа температурасы -5 градусқа дейін төмендеген.
Әкімдік қала тұрғындарына барынша сақ болуға кеңес берді: жүргізушілер жылдамдықты төмендетіп, арақашықтықты сақтауы, ал жаяу жүргіншілер тротуарларда абай болуы қажет.