Сахна сыртындағы өмір: Қуыршақ театрындағы бір күн

Қуыршақ театры десе ойымызға балалар баратын жер деген ой келетіні жасырын емес. Алайда Алматыдағы Қуыршақ театрының форматы өзгерген. 90 жылдық тарихы бар театрдың репертуарында балалармен қатар ересектерге арналған қойылымдар да қосылған. Бұрын актерлар тек сахна сыртында өнер көрсетсе, бүгінде сахнаға шығып, өздері де кейіпкерді сомдайды. Massaget.kz тілшісі 90 жылдық тарихы бар театрдың өзгерісі мен сахна сыртындағы өмірі туралы білу үшін өнер ордасына арнайы ат басын бұрды.

Бізді есік алдынан театрдың баспасөз хатшысы Гүлім Көпбайқызы қарсы алды. Барған кезде қойылым алдындағы балаларды сергіту сәтіне тап болдық.

Театр актерлары балалармен әртүрлі кейіпкер болып ойнап, көңілді әуенмен билетіп, тартысты сұрақ-жауап ұйымдастырған. Балаларды ертіп келген қазақы көрерменнің қарасы қалың. Балаларының жазғы демалысында осындай мәдени ошаққа әкелген ата-аналарға риза болдық.

30 минуттық сергіту сәтінен соң көрерменмен бірге қойылым залына кірдік. "Аладдиннің сиқырлы шамы" қойылымын балалармен бірге тамашаладық.

Расында балалар түгілі қойылымның ішіне өзіміз де аузымыз ашылып, кіріп кеттік. Қуыршақтардың киімінен бастап сахнаның безендірілуі, актерлардың кәсіби шеберлігі бәрі де жаңа форматқа ауысқаны байқалып тұрды. Балалар сахнадағы кейіпкермен бірге күліп, бірге мұңайып отырды.

Қойылым біткеннен кейін театрдың басшысы Алмат Абдрахмановпен сұхбаттастық. Ол бұл театрға алғашында 2016 жылы директордың орынбасары қызметіне келген. 2022 жылы директор қызметіне тағайындалған Алмат Абдрахманов осы уақытқа дейін театрда 8 жылға жуық қызмет еткен.

"Ең алғаш келгенде театр жұмысы тоқтап тұрғандай көрінді. Көрермен жоқ, орыс қойылымдарына ғана көрермен келеді. Содан бәріміз жабылып, қолымызға ала бастадық. Режиссерларды шақырып, қазақша спектакльдер қойдық. Бізде "қуыршақ театры тек балаларға арналған" деген стереотип қалыптасқан ғой. Ал шартымызда тек балаларға арнап қою керек деген шектеу жоқ. Қандай спектакль болса да қоя аламыз, тек қуыршақтардың қатысуымен болу керек екен. Осыны көрген соң, жан-жақтан режиссерлар шақыра бастадық. Дина Жұмабай, Айдын Салман секілді талантты режиссерларды шақырып, жақсы қойылымдар жазғыздық. Халықаралық фестивальдерге шықтық, таныла бастадық. Соңғы бес жылда қазақтілді заманауи қойылымдарды көбейттік. Сол үшін де соңғы 5 жыл біз үшін жетістік жылы деп айтар едік", - деді ол.

Мәдени ошақта қазір маусымға сай бір күнде 4 спектакль, екеуі қазақша, екеуі орысша қойылады. Кей күндері сұранысқа сай 11 спектакль сахналанады.

"Театрға деген қазақтілді көрермен сұранысы артып келе жатыр деп айтар едім. Қазір лагерьлер көп. Олар бізді өздеріне шақырады. Бір жағы жазда сол үшін де сұраныс көп. Қазір де солай бір күнде бірнеше спектакль қоямыз", - деді ол.

Театр басшысы қуыршақ театрының режиссері мамандығы елімізде оқытылса деген ұсынысын білдірді.

"Біз жалпы драматургтерді іздеп жүріп, қойылымдарды жаздырамыз. Бірақ бізде "қуыршақ театрының режиссері" деген мамандық жоқ. Біздің мәселеміз - осы. Мысалы, тұрақты түрдегі Антон Зайцев деген ресейлік режиссерымыз бар. Қазір өзінің театрын ашып алды. Бізге жылына 2 спектакль қойып береді. Негізінен өз театрымен жүреді. Біздің жетіспей тұрған тұсымыз осы", - деді ол. 

Театрда 2017 жылдан бастап ересектерге арналған қойылым репертуарға енгізілген. Олардың ішінде "Ана-Жер Ана", "Ана жүрегі", "Ромео мен Джульетта", "Макбет", "Шал мен теңіз", "Шекпен", т.б. қойылымдарын атап айтамыз.

"Сахна сыртында көбінесе үлкен жастағы қызметкерлер жұмыс істейді. Егер өз ісін сүймесе, біздің жұмыста ұзақ істеу қиын. Қазақстанда қаншама қуыршақ театры бар. Бірақ ешқайсысында қуыршақ тігетін цех жоқ. Спектакль кезінде қиналады. Бізден киім сұрап жазады. Қуыршақ тігетін шеберлер тапшы болғандықтан қиналады. Біздің Николай Проскурин, Болат Аманқұл, Жандос Сарпеков деген қанша жылдан бері қызмет етіп келе жатқан шеберлеріміз бар. Ауқымды спектакльдің қуыршақтарын негізінен солар жасайды. Жалпы бұл жұмысқа жастар келгенімен, шыдамай кетіп қалады", - деді ол.

Театрдағы жаңашылдыққа таңғалғанымызды ұжым басшысына да айттық. Мұның себебін театр басшысы түсіндіріп берді.

"Бұрын әртістеріміз сахнаның артында тұрып, өнер көрсететін. Қазір форматымыз өзгерді. Жартылай сахнаға шығып өнер көрсетеді. Әртістерімізді де халық тани бастады. Қазір ұжымда 122 қызметкер бар. Оның 35-і актер. Қалғаны техникалық қызметкерлер. Ұжымның 5-6 цехы бар, сонда қызмет етеді. Одан бөлек екі режиссерымыз бар. Көркемдік жетекші Еркебұлан Қабыл қазақ ертегілерін қойылым етіп қойса, орысша бағыттағы ертегілерден Антон Зайцев қояды", - деді ол.

Театр басшысымен әңгімеден соң қуыршақтар сақталған бөлмеге бардық. Мұнда 50 жылдық тарихы бар, жаңа тігілген, қолғап қуыршақтан бойы ұзын қуыршаққа дейін бар.

Тросспен , қолға киетін, планшеттік қуыршақтар бар. Бөлмедегі қуыршақтармен бізді Гүлім Көпбайқызы таныстырды.

"Тросспен жасалған қуыршақтарды 3 адам басқарады. Себебі бір адам аяғын, бір адам қолын, біреуі ауызын ұстайды. Ал планшеттік қуыршақты екі адам, қолға киетін қуыршақтарды бір адам басқарады. Мұнда түрлі образдағы қуыршақтар бар. Мәселен, мынау "Өмір өзен" атты Ш.Қалдаяқовтың шығармашылығына негізделген қойылымда басты кейіпкерлердің қуыршақ бейнесі. Басты кейіпкерлер ортада ән шырқайды", -деді ол.

Ал мыны қазақ қыздары "Сарыжайлау" қойылымында билейді. Соған арнап тігілген. Қуыршақтар бір-бірімен жасалу техникасы, материалымен ерекшеленеді. 

"Қуыршақты жасау техникасы бір аптадан бір айға дейін кетуі мүмкін. Жасы үлкен қуыршағымызға биыл 50 жылдан асып кетті. Театрға келесі жылы 90 жыл толады деп есептесек, бұл қуыршақтар тарихи естелігіміз деп айтар едік. Қуыршақтарды қанша сақтауға тырысқанымызбен, кейбірі реставрацияға кетеді. Техникасын қалдырады да, сыртқы сұлбасын өзгертеді. Былайша айтқанда, екінші тыныс сыйлайды ғой", - деді ол.  

"Бұл - ақиық ақын Мұқағали Мақатаеватың "Мен деп ойла" қойылымындағы аққулар. Жыл сайын ақынның туған күніне орай сахналанады", - деді ол.

 

"Жалпы әртістер қойылым алдында қуыршақтарымен сөйлеседі, сырласады. Алдын ала сөйлеспей қалса, байланыс орнатпаса, қуыршақтың сымдары үзіліп кетуі немесе қолы-аяғы шығып кетуі мүмкін. Бұл әртістер үшін өте қиын. Сол үшін әртістер "жақсы өнер көрсетіп шығайық" деп қуыршақтармен сөйлеседі. Сырттан қараған адамдар "немене, ойыншықпен сөйлесіп" деп түсінбеуі мүмкін. Алайда қуыршақтар театрдың негізгі бөлшегі болғандықтан, сөйлесу маңызды".

Қуыршақтар бөлмесінен шыққан соң оларды дайындайтын, сұлбасын жасайтын цехтың жұмысымен таныстық.

Біз барған кезде аядай ғана бөлмеде үш қуыршақ суретшісі қызу жұмыс істеп жатты. Бірақ ұжымдағылар сол кішкентай бөлмені өзара театрдың "перзентханасы" деп атайды екен. Расында, театрдың негізгі бөлшегі қуыршақтар осы бөлімде бастап дайындалады ғой.

Қуыршақ суретшісі Болат Аманқұлов 11 жылдан бері осы салада қызмет етіп келеді.

"Былайша айтқанда, бұл театрдың "роддомы ғой". Біз саусаққа киетін қуыршақтан бастап барлық қуыршақтарды жасаймыз. Әуелі эскиз үлгісі келеді. Соны қарап, әрі қарай өзіміз дамытып, сұлбасын жасаймыз. Кейде қиялымыздан өзіміз де қосып жібереміз. Жасалу жолы жеңіл қуыршақтарды 2-3 сағат, 1 аптада, ал күрделілерін 1-2 айда бітіреміз. Бір қуыршақ осы жердегі үш адамның қолынан өтеді. Біреу механизациясын, екіншіміз басын, үшіншіміз толытай сұлбасын құрастырамыз. Әрі қарай тігіншілер сән беріп, өңін кіргізеді. Одан кейін репетиция барысында актерлар олқылықтарын қарап, түзету айтса, соны орындаймыз", - деді ол.

Қуыршақ суретшісінің айтуынша, каркаспен жасалған қуыршақтар өте қиын. Басқалары секілді гипсқа құйып, шығара салмайды. Оларды 2 айда жасап, бітіріп шығамыз, оңай емес. Біз қазір қуыршақтарды папиромнан жасаймыз. Шетелдік театрлар силиконнан жасайды. Ал аталған материал қаржы көп талап етеді. Сол үшін бізге тиімдісі осы материал болып тұр. Қатты соққы тимесе, ұзақ сақталады"

"Бұл - өзімнің қиялыммен жасаған шетелдік рок тобының әншілері. Арнайы өзімнің шығармашылығым үшін сақтап жүргенмін. 11 жылдан бері осы салада жұмыс істеп келе жатырмын. Бұған дейін жеке театрда істедім. Сол жерден тәжірибе жинадым. Жалпы кішкентай кезімнен пластилиннен адамдардың сұлбасын жасайтынмын. Бала күнгі талантым осындай өнерге әкелді. Жұмысымды жақсы көремін. Күнде шығармашылық демалыс. Сүйген ісіңмен айналысу басқаша рахат сыйлайды ғой", - деді ол.

Тағы бір қуыршақ суретшісі Жандос Сарпеков Роза Рымбаеваның мүсінін жасап жатыр екен. Оның айтуынша, сұлбаны жасауға 1,5-2 ай уақыт кеткен.

"Бізге эскиз сызып әкелген кезде сол тұлғаны әбден зерттейміз, қараймыз, бет-пішінін елестетеміз. Мысалы, Роза Рымбаевада ән айтқанда қалай қозғалады, қолын қалай көтереді - соның бәрін зерттеп барып кірістік. Бұл қуыршақ әлі біткен жоқ, жасалып жатыр. Қазіргі көріп тұрғандарыңыз каркас ішіндегі сұлбасы. Мұны режиссерге көрсетеміз, егер қабылдаса, әрі қарай актерлар дайындықта қолданады. Содан кейін тігіншілеріміз киімін әрлеп, көйлек кигізеді", - деді ол.

"Жалпы кез келген тұлғаның басын ермексазбен жасап аламыз. Себебі бет-пішін өте маңызды ғой. Басқа қуыршаққа қарағанда танымал тұлғалардың образы қиындау болады. Сол үшін зерттеп, біз ермексазбен 4-5 күнде дайындап бітіреміз. Содан кейін ермексаздан кейін режиссер қабылдаса, әрі қарай материалмен жасаймыз, гипске саламыз. Сосын бутофорлар басының формасын жасап береді. Қайта әкелген соң әрі қарай жалғастырамыз", - деді ол.

Қуыршақ жасау этапының соңғысы - тігіншілер бөлмесі. Мұнда олар дайын күйінде келген қуыршақтарға эскизге сай киімдер тігеді. Тігінші Гүлнара Қабылова бұған дейін Жезқазған театрында жұмыс істеген. Қуыршақ театрында үш жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр.

"Қуыршақ киімдерін түрлі уақытта тігеміз. Шамамен 1 айдың ішінде деп айтар едім. Мәселен, 1 қуыршақты 4-5 күнде бітіреміз. Ал жеңілдеу болса 1-2 күнде аяқтауға болады. Мысалы, қолымдағы "Қызыл телпектегі" құртты кеше бастаған едім, бүгін бітірдім. Бірақ, бұл - реставрация. Яғни, бұрын жасалған, соны қайтадан жаңалап жатырмыз", - деді ол.

"Жалпы қуыршақтар неше түрлі қолдан өтеді. Әрқайсысымыздың өз міндетіміз бар. Біреуі басын тіксе, біреуі киімін өрумен, біреуі тоқумен айналысуы мүмкін. Жалпы мұнда 5 тігінші жұмыс істейміз. Шыдамдылықты талап ететін жұмыс. Дегенмен атмосфера басқаша, әрі бір күнің бір күніңе ұқсамайды", - деді ол.

Ойлаңызшы, біз сахнадан 40 минут қана тамашалайтын қойылым үшін қаншама адам еңбек етеді. Олардың әр күні, әр сағаты есеппен. Себебі қойылымға дейін қуыршақтардың бәрін бітіру керек. Егер бір маман өз ісінен мүлт кетсе, барлық ұжым мүшелеріне кесірі тиеді...

Ауызбіршілігі жарасқан шығармашыл ұжымның ішкі "құпиясымен" танысқан соң әртістерден бөлек сахна сыртындағы осы кісілерге құрметім арта түсті. Қуыршақ театрының негізгі "жүрегі" де сол кісілер деп айтар едім.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз



Бөлісу: