"Біз қорқатын жындыхана мынау ма?" Алматыдағы психиатрия орталығынан фоторепортаж

- "Каблуков" көшесіндегі жындыхана ма? Қорықпайсыңдар ма? Науқастар үстіңе секірсе ше? Онда кірген адам шықпайды дейді.

Бұл - қайда бара жатқанымды естіген адамдардың қойған сұрақтары. Алматының ортасындағы сауықтыру орталығының немесе "жындыхананың" сырт келбеті сұрықсыз. Бір көзге Әбіш Кекілбаев атындағы көше бойында орналасқан жай ғана ескі, үш қабатты ғимарат болып көрінеді. Ал тереңге бойласаң, бұл мұндағы науқастар үшін "тыныштық әлемі". 

"Осы жерде ғана дауыстар естілмейді" деді шизофренияға шалдыққан әйел. 

Сенесіз бе, аумағы 4 мың шақырымды алып жатқан бұл психикалық сауықтыру орталығында бәрі бар: қысқы бақ, сайраған құстар, балалар алаңы, картон салу мен тігін цехтері, тіс емдеу. 

Алматылықтар арасында "Каблуков көшесіндегі жындыхана" деген атаумен тараған бұл орталықтың іші қандай? Мұнда ел үрейленетіндей шынымен қорқынышты ма?

Орталық қызметкерлері бізді бірден мұндағы ең көрнекті жері - қысқы баққа әкелді. Бұл - орталықтың мақтанышы. 

Қымбат қонақүйдің лоббиінен кем түспейтін қысқы бақта науқастар лимон, інжір, анар мен құрма отырғызған. Сондай-ақ, басқа да өсімдіктердің түр-түрі өсіріліп, тотықұстар сайрайды. Ақ қабырға мен түссіз күмбез болмаса, шынымен ботаникалық бақта отырғандай сезінесің. 

Бұдан 6 жыл бұрын ашылған бақты әйелдер мен ерлер бөлімдері қоршап тұр. Кез келген науқас қалаған уақытында мұнда кіріп демалады. Бақ тек науқастарға емес, сонымен қатар, қызметкерлерге де арналған. 

"Бір науқас кофенің бір түрін алып өсірсем деген ниетін айтты. Біз ешкімнің бетін қақпаймыз. Жыл 12 ай ашық тұрады, науқастар келіп, өсімдіктерді суарып, қамқорлық танытады. Көп науқас мұнда белгілі уақыттан кейін қайта келіп емделеді. Сондықтан олар келген сайын ананы-мынаны істейікші деп сұранып тұрады. Орталық олардың екінші үйі секілді", - дейді директордың психиатриялық қызмет жөніндегі орынбасары Жолдыбаева Жанна Сағатқызы.

Ал бұл - ені 3 метр болатын, құстарға арнайы салынған тор. Тотықұстардың сайраған даусынан орманда жүргендей боласың. Бұл да бір терапия. 

Біз әйелдердің жедел бөліміне көтерілдік. Мұнда жатқан науқастардың көбі шизофрения ауруына шалдыққан. 

Бір қызығы, орталықтың кез келген жерінде бөлме өсімдіктері жайқалып тұр. Бұл - кездесу бөлмесі. Дәрігерлердің айтуынша, жақындарын көруге келгендер мұнда отырып, бірге уақыт өткізе алады.  

Науқастар жатқан бөлімге көтерілген бойда "олардың бет-жүзін түсіруге болмайды деген қатаң талап қойылды. 

Қабырғасы аппақ бөлімнің палаталарында бірде-бір есік жоқ. Бірақ сырттан кірген дәрігерлердің әрқайсында кілт бар. 

Алдымыздан көк халатты, ақ шашты әйел шықты. Әрі-бері тоқтаусыз жүрген әженің көзіне қарауға үрейлендік. Ішке беттеген сайын мүңкіген иіс қолқаны алды. 

Әр бөлмеде 3 науқасқа арналған төсек-орын әзірленген.  

Айналада мүлгіген тыныштық. Біз сонша үрейленген қорқыныштың лебі де жоқ. Бүлік шығарып жатқандар да, шабуылдағандар да болған жоқ. Әркім өз ісімен айналысып жүр. 

Науқастардың жартысы кітап оқып жатса, енді бірі теледидар қарап уақыт өкізіп жатыр. "Жан ауруына" шалдыққан әйелдердің бірі кітап оқу терапиясының көмегі зор екенін айтты. 

Орысша, қазақша кітаптар жинағынан бөлек мұнда үстел ойындарының сан түрі бар. 

40 жастағы Айнагүл мұнда шизофрения диагнозымен түскен. Ол 3 күн бойы тоқтаусыз дауыстар естігенін айтты. Орта жастағы ер адамдар әйелге не істеу керегін айтып бұйырған көрінеді. 

"Дауыс ести бастағаннан бері өмірімді басқара алмайтындай халге жеттім. Өзінен-өзі ағып бара жатқандай, жағдай шектен шығып бара жатты. Бір дауысқа шамам келеді ғой. Бірақ бірнеше дауыспен қиын болып кетті. 3-4 дауыс сөйледі. Бәрі де ер адамдар. Ал мұнда ештеңе естімеймін, сауығып келемін", - деді ол. 

Айнагүл мен басқа да науқастың толық сұхбатын мына сілтеме арқылы оқи аласыздар. 

Цехтер мен жұмыстар

"Қоғам психикалық ауытқуы бар адамды салақ, жуынбаған, үсті сасып кеткен жаман күйде елестетеді", - деп күйінді орталықтың бас дәрігері Сапар Құттыбайұлы. 

Сапар Құттыбайұлы

"Бақылауда тұрған науқастарға жұмысқа орналасу қиын. Сондықтан оларды қоғамға бейімдеу үшін біз мұнда тігін мен картон салу цехтерін, бақ, типография аштық. Ал балаларға театр мен аспаздық кластарын ашып бердік", - деді бас дәрігер. 

Кейін біз цехтер мен науқастардың жұмыстарын аралауға кеттік. 

Бұл - типографиядан шығатын медициналық журналдар. Науқастар жұмысы үшін ақы алады.

Бас дәрігердің айтуынша, мұнда қағаз шығаруға, жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. 

Типография мен цехтерде диспансерлік бақылауда тұрғанда жұмыс істейді. Бұл - науқастар үшін ақша табу мүмкіндігі. 

Картон салу цехінде МРТ, КТ қағаздарын салуға арналған хатқалталар дайындалады. 

Дайын конверттердің үстіне ауыр зат қойылып, престеледі. Бас дәрігердің айтуынша, мұндай хатқалталарды көбіне құқық қорғау органдары тапсырыс береді. 

"Ал - бұл біздің тігін цехіміз"

Біз барған сәтте бірнеше әйел мен ер адам тігін машинасымен жұмыс істеп отырды. Олар жатарда, үйде киетін жеңіл киімдер тігіп жатты. 

Мұнда тігілген киімдер науқастарға беріледі. Әйелдер бөлімінде болғанымызда бұл цехтен шыққан күлгін түсті халаттарды киген бірнеше науқасты кезіктірдік. 

Орталықта тіпті дайын бұйымдардың көрмесі ұйымдастырылған. 

Көрмеде балаларға арналған киімдер, медицина қызметкерлеріне арналған халаттар ілініп тұр. 

Қазақы стильде жасалған шахмат. 

"Біз мемлекеттік сатып алуға қатыса алмаймыз. Сондықтан бұл жерден халатты жеке меншік клиникалар, біздің қызметкерлер алады. Бірақ бізде ең төмен баға", - дейді Сапар Құттыбайұлы. 

Орталықта балаларға да барлық жағдай жасалған. 

"120-ға жуық тал егілді" 

Бұл - орталықтың бұрынғы автотұрағы. 

"Бақшамызды кеңейтіп, орнына жылыжай салып, киіз үй орнатайын деп жатырмыз. Бұрын бақшаның орнында автотұрақ болған. 120-дай тал ектік", - дейді бас дәрігер. 

Мұнда тағы алтықанатты киіз үй тігу жоспарланған. Бұл театр класына қатысатын балаларға дайындалу орны болмақ. 

"Қыста қысқы бақта, көктем, жазда бұл жерде демалсын деген ниетте жасалған шаралар. 2-3 жылдан кейін бұл жер күшті болады", - дейді Сапар Құттыбайұлы. 

Бақта науқастар өсірген көкөністер ендігі гүлдеп, жемісін беріп жатыр. Тіпті балалардың да көкөніс өсіретін бөлек орны бар. Олар бау-бақшаға аса ұқыппен қарайды. 

"Біз қорқып жүрген жындыхана мынадай екен"

"Жұрттың бәрі психиатрия десе бірден қашады да, бірақ мына жерді көргенде аң-таң болады. Өткенде жеке клиниканың директоры келді. Жұмысымызды көріп, таңғалды. Қысқы бағымызды әлеуметтік желіге салып, "Біз қорқып жүрген жындыхана мынадай екен", керемет екен" деп кетті. Бұл жерде қорқатын ешнәрсе жоқ", - деп түйіндеді Сапар Құттыбайұлы. 

Науқасқа керек-жарағын әкелген ана.  

Шынында, біз үрке қашатын "Каблуков" көшесіндегі жындыханадан қорқудың еш қажеті жоқ екен. 



Бөлісу: