"Жұмыс 24 сағат бойы тоқтамайды". Алматыда жаңа метро бекеттерінің құрылысы қалай жүріп жатыр?

Алматы тұрғындары бірнеше жылдан бері қалада жаңа метро бекеттері ашылатыны туралы ақпаратты естіп жүр. Алайда құрылыс қай жерде жүргізіліп жатқаны, жаңа метро бекеттері қай жерде ашылатыны көпшілікті қызықтырып отыр.

Massaget.kz тілшісі Алматы қаласының Метрополитенімен бірлесіп, жаңа бекеттердің құрылысы туралы эксклюзив материал дайындады.

2025 жылы Абай даңғылы бойынан тағы бір метро бекетінің құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Бұл бекет "Қалқаман" деп аталады. Дәл орналасқан жері - Абай даңғылы мен Әшімов көшесінің қиылысы.

2gis/Massaget.kz

Алматы Метрополитені өкілдерінің айтуынша, жаңа метро бекеттерінің бағыты туралы шешім Наурызбай ауданы қарқынды дамып келе жатқанына байланысты қабылданған. Осылайша, қала тұрғындарын, әсіресе, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Наурызбай ауданынан қала орталығына дейін қатынайтын адамдарды алдағы жылдары жақсы жаңалық күтіп тұр.

"Барлық" базарына дейін созылса, Қарасай ауданының халқы көліктерін тастап, метромен қалаға дейін келуіне дейін жағдай жасалады. Бұл жоспар Алматы қаласының бас жоспары бойынша бекітілген", - дейді Метрополитен өкілдері.

Бауыржан Момышұлы бекетінен кейін ашылатын "Қалқаман" метро бекетінің құрылысы 2023 жылғы шілдеде басталған. Ол қазір жұмыс істеп тұрған Момышұлы бекетінен кейін тағы 2 шақырымға созылады.

Қазір "Қалқаман" бекетіне дейінгі аралықта қызу жұмыс жүргізіліп, жер қазылып жатыр.

"Құрылыс жұмыстары жүргізілуі - бір кезең, екінші кезең - оны қолданысқа беру кезеңі. Барлық техникалық жабдық іске қосылуы қажет. Оларды тексеру де уақыт алады. Бұл адамдардың қауіпсіздігі үшін де маңызды. Момышұлы мен Сарыарқа бекеттерінің техникалық ашылуы 2021 жылы 16 желтоқсан қарсаңында болғанымен, кейін 2022 жылы мамырда қолданысқа берілді. Сол аралықта құралдар жұмыс істеп тұрғаны, жолаушыларға қауіп жоғы тексерілді. Кейінгі бекеттерде де бәрі тексеріліп болған кезде ашылады", - дейді мамандар.

Бізге де метро қазылып жатқан тоннелге жұмысшылармен бірге түсіп, көрудің сәті түсті.

Қала тарихы үшін маңызды нысандардың бірін алғаш болып көргенімізге, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында бой көтеріп жатқан метро құрылысына көңіліміз толғанымен, жер астына түсу қорқынышты болғанын жасыруға келмес.

Ал жұмысшылар мұндай құрылыстың әрбір бөлшегіне дейін үйреніп кеткен.

Содан болар жер астына түскеннен кейін де ерекше көріністерге куә болдық.

Қазір "Қалқаман" бекетіне (Абай даңғылы мен Әшімов көшесі қиылысы - еск.) дейін осындай тоннельдерде тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс жүріп жатыр.

Алматыдағы әрбір метро бекетінің атауы да, дизайны да, әрленуі де ерекше. Бекеттің атауы мен оның дизайны арасында үйлесім, үндестік сақталады. Бұған дейінгі Райымбек бекетінен бастап Бауыржан Момышұлы бекетіне дейінгі аралық - соның дәлелі.

Жаңа метро бекетінің дизайны да қала тұрғындарына ерекше әсер сыйлайтын секілді.

"Дизайнерлер, архитекторлар метро бекетінің атауына байланысты жобасын, эскизін дайындайды. Ал Қалқаман - бекітілген атауы. Әзірге дизайны қарастырылып жатыр. Негізінде Қалқаман - Мамыр деген аңыздың желісінде жасалады", - дейді күрделі құрылыс қызметінің басшысы Айдар Самаликов.

Алдағы уақытта Абай даңғылы мен Әшімов көшесінің бойында тұрған кейбір үйлер метро бекеті ашылуына байланысты сүріледі. Қазір Жер қатынастары басқармасы осы мәселемен айналысып жатыр.

"Кейбір тұрғындар өтемақы сомасымен келіспейді, сондықтан сот процестері жүргізіліп жатыр. Бұл мәселемен Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы айналысады. Метро бекеттері тұратын жерлер сатып алынып, кейін олар сүріледі. Содан соң үстінен тұрақ салынады. Жер қатынастары басқармасы тұрғындармен келіскеннен кейін бізге жерді тазалап береді, содан кейін жұмыстарға кірісеміз. Әзірге жер астында жұмыстар жүргізіліп жатыр", - дейді күрделі құрылыс қызметінің бас инженері Мақсат Сейтқұлов.

Бүгінде "Қалқаман" бекетіне дейінгі аралықта "Bazis Construction" ЖШС-ға қарасты 98 адам штаттық негізде жұмыс істеп жатыр. Ал қосалқы мердігер есебінен әзірге 30-40 адам жұмысқа тартылған.

Тереңдігі 17 метр болатын "Қалқаман" бекетінің құрылысына қазақстандықтар мамандар ғана қатысып жатыр екен.

Ал жұмысшылардың тәжірибесі 20 жылдан аса, көпшілігі - бұған дейінгі метро бекеттерінің құрылысына қатысқандар. Соның бірі механик - Талғат Әбішев. 

"Құрылыста техникалық жағына жауап беремін. Бұл салада жұмыс істегеніме 20 жыл болды. Жібек жолы метро бекетінен бастадым. Жердің астында жұмыс істеудің өзі қиын. Бірақ ауа райы кедергі келтірмейді. Жұмыс тәулік бойы тоқтамайды, кезекшіліктер бар. Жұмысты тоқтатуға болмайды. Бір күнде үш метр қазамыз. Төрт кезекшілік бір тәулікте үш бетонын қояды", - дейді ол.

Бұған дейін қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин жаңа метро бекетінің ашылуы жолаушылар ағынын 20 мың адамға дейін арттыруға мүмкіндік беретінін айтқан еді.

"Қалқаман" бекетінен кейін тұрғындарды тағы үш бекет күтіп тұр. Демек, қалада алдағы жылдары жалпы саны төрт метро бекеті ашылады.

Мамандардың сөзінше, қазір басқа бекеттерге қатысты тек жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал жобалау жұмысы біткеннен кейін қорытындысы сараптамаға жіберіледі. 

Бұл бекеттер "Қалқаман" бекетінен кейін орналасады. Жалпы қашықтығы - 5,3 шақырым. 

"Бұл - үшінші кезең, ол үш бекеттен тұрады. Ең соңғы бекет Барлық базарының аумағында болады. Бірінші бекеті Наурызбай ауданы әкімдігі жанынан, екінші бекеті Алатау мен Төле би көшелері қиылысынан, үшінші бекеті Барлық базарынан. Сонда "Қалқаман" бекетін қосқанда, барлығы төрт бекет салынады. "Барлық" бекетінде көлік-трансплантациялау торабы қарастырылған. Оған қаланың автобустары, ЛРТ, БРТ секілді желілері жиналады. Яғни, үлкен бір торап болып шығады", - дейді күрделі құрылыс қызметінің бас инженері Мақсат Сейтқұлов.

2gis/Massaget.kz

Бұған дейін қалалық мәслихаттың VI сессиясында тілдерді дамыту және ономастика бөлімі басшысы Бақыт Қалымбет "Қалқаман" бекетінен кейінгі метро бекеттері қалай аталуы мүмкін екенін айтқан еді. 

Ол тұрғындар мен жолаушыларға ыңғайлы болу мақсатында Абай мен Алатау даңғылдары бойынан ашылатын метро бекетіне шағынаудан атауы берілуі мүмкін екенін, яғни "Шұғыла" деп аталуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ал одан кейінгі №2 бекетті "Төле би" деп атау ұсынылып отыр. Өйткені ол Алатау даңғылы мен Төле би көшесінің қиылысында орналасады.

Метро құрылысына жауапты мамандар қалған үш бекет әзірше жұмыс барысында №1, №2, №3 деп аталып жүргенін, республикалық ономастикалық комиссия бекітсе, нақты белгілі болатынын айтты.

"Қазір қалған метро бекеттері бойынша жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қыркүйекке дейін бұл жұмыстарды бітіреміз. Одан кейін мемлекеттік сарапатамадан өткізіледі. Оның нәтижесі бойынша техникалық-экономикалық негіздемесі белгілі болады. Яғни жобаның құны, іске асыралатын уақыты, басқа да көрсеткіштері анықталады. Сараптама қорытындысын алғаннан кейін жұмыстарды жүргізетін құрылыс компаниясын анықтауға арналған тендерге конкурс жарияланады", - дейді күрделі құрылыс қызметінің бас инженері Мақсат Сейтқұлов.

Қазір қалада Райымбек бекеті мен Бауыржан Момышұлы бекеттері арасында 11 метро бекеті бар. Алдағы жылдары бұл бекеттердің құрамы тағы төртеуімен толықпақ. 



Бөлісу: