Көліктерге мұз қатқан: алматылықтар қатты аязды қалай өткеріп жатыр?

Көліктерге мұз қатқан: алматылықтар қатты аязды қалай өткеріп жатыр?

Қазгидромет 13-14 желтоқсанында ауа райы күрт суитынын хабарлады. 12 желтоқсанда кешкі уақыттан бастап алматылықтар қатты аязды сезініп, соның салдарынан көшелердегі кептелісті байқады. Massaget.kz тілшісі Алматы көшелеріндегі жағдай қандай екеніне шолу жасады.

Синоптиктер мәліметінше, бүгін түнде қатты аяз болып, 23-25 градусқа дейін жетеді, 14 желтоқсанда да 25-27 градус градус аяз болады деп болжанып отыр. 

Кеше жұмыстан үйлеріне қайтқан алматылықтар сағаттап кептелісте тұруға мәжбүр болды. Бұл туралы әлеуметтік желілерде түрлі әзілдер де пайда болды.

"Ұйықтап үлгердім". Кептелісте қалған тұрғындар қалай әзілдеп жатыр?

Тіпті кейбіреулер жолдарда тұрып қалуға да мәжбүр болды. 

Кеше Алматыда жауын шашынның айлық нормасының 28 пайызы жауғаны хабарланды. Соған орай Алматы әкімдігі тұрғындарға үн қатты.

"Коммуналдық қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында қала тұрғындарынан түсіністікпен қарауды, мүмкіндігінше қала бойынша қозғалысты шектеуді және автокөлікті жол жиегіне қоймауын сұраймыз. Жеке көлікпен жүрудің шұғыл қажеттілігі болмаса жүргізушілерді жылдамдықты төмендетуге, тежегішті күрт баспауға, қашықтықты, бүйірлік аралықты және маневр жасау ережелерін сақтауға шақырамыз. Жаяу жүргіншілер тротуарда жүргенде абай болып, көшеде белгіленген жермен ғана жүріп, қарттар мен балаларға көмек көрсету керек", - делінген хабарламада.

Қатты аяз таңертең жұмыстарына асыққан қала тұрғындарына, әсіресе, қоғамдық көлікпен қатынайтындарға қиын соқты. Қаланың әр көшесіндегі аялдамаларда автобус күтіп тоңып қалған тұрғындар да байқалды.

Алайда Алматы әкімдігі бүгін таңертең қалың қарға қарамастан қоғамдық көліктің 91 пайызы шыққанын, олар үзіліссіз жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

Дегенмен қаладағы тасымалдаушы мекемелер көліктердің жүруіне ауа райы әсер етіп жатқанын да жасырмады.

"Автобустарды жолға шығару кезінде ауа райына байланысты техникалық ақаулар анықталып жатты. Сол себепті автобустардың бір бөлігі қызмет көрсетуге жарамсыз болды. Бұл ретте тасымалдаушылар тарапынан ақауларды жою бойынша қажет шаралар қабылданып жатыр. Барлық автопаркде кезекшілік ұйымдастырылып, жауапты қызметкерлердің жұмысы күшейтілді. Түнде желіге уақытылы шығу үшін қозғалтқыш бірнеше рет жылытылады", - делінген хабарламада.

Ал таңға қарай қатты аяз салдарынан аулалардағы көліктерді қар басып, таңертең оталдыру қиын болды. Тіпті кейбіреулеріне мұз қатқан. 

Алматылық жүргізушілердің басым көпшілігі көліктерін ұзақ уақыт оталдыра алмай, әбігерге түскенін айтады.

Дегенмен қыстың аязы қауырт жұмысы барларға кедергі бола алмапты. 

Сонымен қатар, қала көшелерінде суықтан шыдай алмай, такси күткен, жолай такси тоқтатқан тұрғындар да байқалды.

Алматылықтар кейінгі күндерге қарағанда бүгін қыстың аязын сезініп, қалың киімдерін де киіпті.

Сондай-ақ, құбырларға да мұз қатқан.

Қала көшелерінде қар басқан мопед пен жеткізу қызметінің сөмкелері де байқалады.

Ал жердің тайғақ болуы қала тұрғындарының жүріп-тұруына айтарлықтай әсер еткен.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда аяз қашан сына бастайтыны айтылды.