"Жылдық тауар айналымы 400 миллион теңге". Елу мың теңгемен кәсіп бастап, бүгінде тауарымен ТМД елдерін қамтамасыз етіп отырған кәсіпкермен сұхбат

"Жылдық тауар айналымы 400 миллион теңге". Елу мың теңгемен кәсіп бастап, бүгінде тауарымен ТМД елдерін қамтамасыз етіп отырған кәсіпкермен сұхбат

Елімізде істің көзін тауып, кәсібін дөңгелетіп отырған адамдар жетерлік. Солардың бірі - Нұрбол Ержанұлы. Ол кәріс азаматынан кәдесый жасауды үйреніп, 9 жылдан бері өз өнімін өндіріп келеді. 50 мың теңге қарыз алып бастаған кәсібінің бүгінгі таңдағы жылдық айналымы 400 миллион теңгеге жеткен. Мемлекеттен мүлдем көмек алмай, кәсібімен шекараның сыртына дейін танымал болып отырған азаматпен Massaget.kz тілшісі тілдесіп қайтты. 

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда. Кәсіпкердің өнімдері.

"Бұл кәсіппен айналысып жүргеніме 9 жылдан асты. Ең алғаш осы іспен шұғылданатын кәріс азаматының қол астында жұмыс істегем. Сол кісіден үйреніп, ол кісі маған оқуын сатып алуға кеңес берді. Сөйтіп бөлемнен 50 мың теңге қарыз алып жасалу жолын үйрендім. Өзім оңтүстіктің тумасы болсам да солтүстік жаққа баруға кеңес берді. Кәріс азаматы "солтүстікте бұйымың бағаланады, сатып алушы табылады" деп кеңес берді", - дейді ол. 

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Жылдық тауар айналымы 400 миллион теңге 

Содан кейін армандап алған көлігімді сатып жіберіп, Қарағандыдан кәдесый өнімдерінің өндіріс орнын аштым. Алматыға келгеніме 1 жылға жетпеді. Бұрын Қарағанды мен Астана қаласында ғана сататынмын. Соңғы жылдары еліміздің нарығын толықтай қамтамасыз етіп келемін. Қазіргі таңда  түрлі маркетплейстер арқылы ТМД елдеріне сатып жатырмын. Жылдық тауар айналымы 400 миллион теңге. Ал нақты табысымды есептеп көрмегенмін. 50 пайыздан көбі қалтама түседі. Бұл ісімнен жалыққан емеспін. Күнде жаңадан басталғандай күй кешемін.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Кәдесый жасауға қажеттінің барлығы Қазақстанда бар. Шикізаттың 20 пайызы шетелден келеді. Қалыптың материалдарын Германиядан алдырамыз. Алайда қалыпты өзіміз құямыз. Қарапайым гипстен жасалады. Былайша айтқанда қоқыстан ақша жасап жатырмыз ғой. Соңғы 2-3 жылда 13-14 адамды үйреттім. Соның бір он шақтысы еліміздің түкпір-түкпірінде дәл осы өндіріспен айналысып жатыр. Жалпы ең алғаш мен бастағанмын. Бір күнде 100 данаға дейін шығарамыз.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Қол астымда 5 адам тұрақты жұмыс істейді. Жазғы уақытта 13 адамға дейін жұмыс істеген. 150 мыңнан 400 мыңға дейін жалақы алады. Кәсіп бастағаннан жалғыз келе жатқандықтан көп адамды жұмысқа алғым келмейді. Болашақта штрих код арқылы жұмыс істеу ойда бар.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Жұмысқа туысқандарды алу керек. 4 мәрте ұрлық болды...

Менің бизнесімде жұмысқа тек туысқанды алу керек. Кішкентайыңнан көріп, біліп өспеген адам болмағаннан кейін қандай ниеті барын білмейсің. Барлығы жақсы болған жоқ. 4 мәрте ұрлық болды. Сенімді болу үшін туысқанмен жұмыс істеу керек. Мендегі бұйымдардың орташа бағасы 5000 теңге. Ал сату бағасы 25 мыңнан басталып 280 мыңға дейін барады. Сәндік бұйымдар мен түрлі копилкалар шығарамыз. 1500 ассортимент бар. Бұл ТМД елдері бойынша Қытайдан басқа мемлекетте бір адамның қолында бар деп айта алмаймын.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Мүлкіңді тәркілейміз, ісің заңсыз! - дегендер көп болды

Қытай елінде өздерінің өндіріспен айналысатын адамдарына шетелге шығарып сатуға мүмкіндік береді. Ал бізде мемлекет тарапынан көмек болмады. Өзім де алдарына барған емеспін. Мемлекеттен ақша алсам, кейін тәуелді болып қаламын ба деген ой келеді. Алматыға көшіп келген себебім маркетплейске мүмкіндік көп. Өздерінің арнайы қоймалары бар. Шетелге тауар сату оңайырақ болады.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Салығын тұрақты төлеп жатырмын. Өз еңбегіңмен тапқан табысыңды ешкіммен бөліскің келмейді ғой. Керісінше мүлкіңді тәркілейміз, сенің ісің заңсыз деген сыңайда әңгіме айтқандар болды. Ең алғаш жасап шығарып Қарағандыдан - Астанаға бара жатқанда жол тосқауылынан тоқтатып "ішіне есірткі салған шығарсың"  деген күдікпен қарап, мазақ қылды. Екі көлігімді айып тұрағына қамап қойды. Сол кезде бұл "Made in Kazakhstan" деп мақтанып жүрмін ғой. Ал олар қолдаудың орнына, көздегені ақша болды.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Алғашқыда әкем қарсы болды

"Болар іске сыншы көп" дейді. Кез келген адам кәсіп бастағанда жақындарыңның бәрі артқа тарта бастайды. Алайда ешкімді тыңдамай, жүрегіңнің бұйрығымен әрекет ету керек. Жаныңдағы адамдарға сөзбен емес, іспен дәлелдеу керек. Менің бұл кәсібіме әкем қарсы болды. "Балам бұл мал емес қой! Күнде кім ала береді? Оданда өрт сөндіруші бол, 1 күн істеп 2 күн демаласың. Айлығыңды аласың, зейнетақы қорың көбейе береді" - деген еді. Сол кезде мен мемлекетке бағынышты болмаймын деп өзіме серт бердім.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Бизнесте алып-сатуды қою керек

Жастар негізінен өндіріспен айналысуы керек. Мысалы алып-сатумен айналысқанда максимум 1-ге 5 қосып сатуы мүмкін. Ал өндірісте бір бұйымды 1000 есе қымбатқа сатсаң да болады. Мәселен мына вазаның бастапқы құны 400 теңге. Мен оны 15 мыңнан көтерме бағамен сатамын.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда. Бұйымды жылтырату сәті. 

Өйткені еңбек әлемнің барлық жерінде жоғары бағаланады. Қытайдан дайын дүниені алып сата бергеннен гөрі, сол заттың шығарылу техникасын біліп келу керек. Алып сатқаннан, өндіріп сатқанның елімізге де, қалтаға да тигізер пайдасы көп. Адамның істегенін адам істейді!

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Баспана бағасын арзандату ойда бар

Мен өзімнің жоспарларымды айту арқылы шабыттанамын. Өйткені біреуге уәде берген секілді ішкі сезім болады. Алдағы уақытта үйдің сыртын қаптайтын заттар, төсеніштер, терезелердің сапалы түрін, үйдің бөлмелерін бөлетін гипсаблок барлығының өндірісін жүзеге асырғым келеді. Қазақстанда салынатын үйлердің материалдарының 50 пайызы бізде өндірілетін деңгейге жетуіміз керек. Сол кезде халқымыздың басты мәселесіне айналған баспана арзандайды деген сенімім бар.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Мұнайға тәуелділіктен арыламыз

Мемелекеттен ақша бер деген ниетіміз жоқ. Тек осы өндірісімізді әлемге әйгілі етіп, Қазақстанның экспортын ұлғайту. Менің оған шамам келеді деп толықтай айта аламын. Мысалы Қазақстанда 20 миллион халық бар десек, соның 1 миллионы осы бұйымды сатып алатындай жағдайы бар. 1 миллион дана кәдесый шығарып, 1000 теңгеден сатсам 1 миллиард теңге табыс табасың. Ал әлемде қанша миллиард адам бар?! Мемлекет осындай өндіріспен айналысатын, бизнестегі идеялары мықты  адамдарды жинап топ құрса жақсы болар еді. Оларды әлемнің түкпір түкпіріне жіберіп, мықты-мықты кәсіптерді Қазақстанға алып келіңдер дейтін болса мұнайға тәуелділіктен бір сәтте арылар едік.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Шынайы еңбек етпей байлықты армандаудың қажеті жоқ. Жеңіл ақша табу үшін заңға қарсы әрекет жасау керек. Қазір Қазақстанда кәсіп бастаймын дегенге қолдау көп. Алайда ақшаны жүрекке жақын ұстауға болмайды. Адамдарға жасаған жақсылығымды айтқым келмейді. Кішкентай кезімде медреседен білім алдым. Сол білімім дүниенің артынан түспей, Аллаға жақын болуға үйретті. Дегенмен арманым Қазақстанда өндіріс көздері көбейіп, бай елге айналсақ екен.