"Бес баламен ешкім кіргізбейді". Ауылдан келген қазақ Алматыда қандай жерлерде тұрып жатыр?

"Бес баламен ешкім кіргізбейді". Ауылдан келген қазақ Алматыда қандай жерлерде тұрып жатыр?

2022 жылы Алматыда 14 191 пәтер пайдалануға берілген болатын. Биыл да бұл көрсеткіш көбеймесе азаймағаны анық. Алайда жылына 15 мыңға жуық пәтер салынса да, баспанаға жарымай жүргендер жетерлік. Қазақстанның түкпір-түкпірінен оңтүстік астанаға көшіп келушілердің де қатары қалың. Мәселен ұлттық статистика бюросының қаңтар - маусым айларындағы ішкі көші-қон саны 15611 адамды құраған. Баспана мәселесін мемлекет толық шеше алмағаннан кейін, жеке тұлғалар жатақхана салып, бұл мәселені бизнестің көзіне айналдырған. Жеке тұлғалар салған пәтерлердің алды 6 пәтерден басталып, арты 25 отбасын баспанамен қамтамасыз етіп отыр. Massaget.kz осындай жекелеген жатақханада тұрып жатқан ағайынмен тілдесіп, олардың қазіргі жағдайымен танысып қайтты.  

Жансая осыдан екі ай бұрын 5 баласымен Қазығұрттан Алматыға көшіп келген. Бала санының көп болуына байланысты орталықтан пәтер жалдау мүмкін болмапты. Амалы жоқ жатақхана есебінде салынған қуықтай бөлмені паналауға мәжбүр. 

"Бес баламен еш жерге алмайды. Туалетті толтырасың дейді, балаң үйді сызып тастайды дейді. Амал жоқ осы жерге келдік. Айына 50 мың теңге төлеп тұрып жатырмыз. Өзім жұмыс жасамаймын, баламен үйдемін. Ауылда жұмыс жоқ болғаннан кейін осы жаққа еңбек етейік деп күйеуіміз екеуіміз келдік. Көп балалы аналарға Алматыда көп көмек бар дегенді естіп келгенбіз ғой, алайда ешқандай көмек көрмедік. Балаларымды №184 мектепке орналастырдым."  

Кейіпкеріміздің үйін де аралап көрдік.

Кейіпкердің жолдасы таң атқаннан қас қарайғанға дейін такси жүргізушісі болып қызмет істейді екен. "Қазіргі табысымызбен орталықтан пәтер жалдау мүмкін емес. Бес балаға төленетін жәрдемақымен оқу құралдарын аламыз, тамақ аламыз, пәтер төлейміз сонымен бітеді" дейді. 

Жансаядан бөлек бұл үйде тағы 5 отбасы тұрады. Барлығына жуынатын бөлме мен дәретхана ортақ. Бұл пәтерге тек салқын су тартылған. Ыстық су атымен жоқ. Барлық үйлердің жылыту жүйесі де бір жерден басқарылатын көрінеді.

Ал тамақ пісіру үшін әрбір пәтер иесі газ балон алдырып пайдалануға мәжбүр. Оның бағасынан бөлек, қауіпсіздігі өз алдына бір мәселе.  

Біз барған Теректі шағынауданында осы тектес жатақханалар тым көп. Мәселен мына жасыл шатырлы ғимаратта 14 отбасы тұрып жатыр.

Олардың да ай сайынғы бағасы 50 мың теңге. Алайда ешқайсысының иесі пәтер жалдаушылармен бірге тұрмайды. Жалдамалы пәтерлердің бірінің иесін басшы қылып тағайындап қояды екен. Ал иелері айына бір мәрте ақша жинағанда ғана келетінін айтты. 

Жазира Батырбекова коменданттың қызметін атқарып жүргендердің бірі. Жатақхана есебінде салынған 25 пәтерлі ғимаратқа жауап береді.

2019 жылы салынған бұл нысан аулаға балалар ойын алаңын да орнатыпты. Тұрғындарға бар жағдайды жасауға тырысамыз дейді ол.

Фото: Жазира Батырбекова

"Бұл жерге көбінесе көпбалалы отбасылар келеді. Себебі 3-4 баласы бар отбасыларды өзге пәтер иелері қабылдамайды. Пәтер жалдаушылардың кемі 2 жылдан бері тұрып жатыр. Айына 48 мың теңге төлейді. Қазан айында жылыту жүйесіне тағы да 5000 теңге қосылады. 2 бөлмелі пәтер үшін қымбат емес деп ойлаймын. Мен барлығына жауаптымын. Әр айдың 25-і иелері келіп ақшаны алып кетеді. Көбіне Қазақстанның басқа өңірінен көшіп келгендер тұрып жатыр", - дейді ол.

Бұл ғимараттың да дәретханасы мен жуынатын жері бір. Дегенмен душқа түсу үшін жарты сағаты 200 теңге тұрады екен. 

25 отбасы мекендегенімен олардың ешқайсысы тұрғылықты тіркеуге тұрмаған. 

Тұрғылықты жерде талғажау етер тарысы жоқ болған соң Алматыға ағылған ағайынның қоныс тепкен жері осындай. Жергілікті жердегі жауаптылар жұмыспен қамти алмаған бұқара оңтүстік астанаға "балаларыма нәпәқа табайын" деп келеді. Жоғарыда Жансаяның айтқан сөзінде жалпақ жұрттың бес батпан мұңы бар.

Сорақысы сол бұл пәтерлерді жағалайтындардың басым бөлігі көп балалы отбасылар. Ал көзін ашқалы қуықтай бөлмені көрген бүлдіршіндерден қандай болашақ күтуге болады. Суреттегі балақайдың да жүзі күліп тұрғанымен жүрегіне жара салынып жатқаны жасырын емес... Қуықтай бөлме, теледидарды да осы жерде тамашалайды, тамақты да осы жерде дайындап, осы жерде ішеді, ұйықтайтын бөлмесі де осы қуықтай бөлме екені көрініп тұр. 

Биліктің тындырымсыз тірлігінен бизнес жасап қалуға тырысқандардың қатары көбейген. Себебі біз барған аумақта жатақхана есебінде салынып жатқан ғимарат өте көп. Бұл дегеніміз баспанаға мұқтаждардың қатары көп екенін аңғартса керек. Ауылдан күнкөріс үшін ағылған ағайынның қаладағы бүгінгі тіршілігі осындай.