Шетелдіктер кірмей кетпейтін, бірде-бір шеге қолданылмай салынған Жаркенттегі ерекше мешіт

Шетелдіктер кірмей кетпейтін, бірде-бір шеге қолданылмай салынған Жаркенттегі ерекше мешіт

Ұлы Жібек жолының сілемінде орналасқан Жаркент қаласы бүгінде Жетісу облысы Панфилов ауданының орталығы. Көне қала тарихи ескерткіштерге бай. Оның ішінде ерекше мешіт - Жаркент мешіті де бар. Massaget.kz тілшілері Жаркент қаласына жол тартып, тарихы тереңде жатқан көне мешіт жайлы баяндайды. 

Жаркент мешітін алғаш көрген адамның ойына ең алдымен "бұл расымен де мешіт пе?" деген сұрақ келуі мүмкін. Себебі мешіт дизайнын ойластыруда буддистер храмы элементтері көп қолданылған. 

Бұл жерге Алматыдан шықсаңыз 2,5 сағаттың ішінде жетіп аласыз. Мешіт қаланың қақ ортасында орналасқан. 

Тарихына тоқталар болсақ: Жаркент мешіті 1887-1892 жылдары жергілікті халықтың қаржысына салынған. Мешіт бірінші дәрежелі саудагер Уали Ахун Юлдашевтің ұйымдастыруымен тұрғызылған. 

Мешіт көне Қытай үлгісімен салынған. 122 бөрене бағанаға бекітіліп тұр. Мешіттің әр бөлігі ағашпен оюланып, түрлі түске боялып, өрнектермен безендірілген. Бір қызығы мешітті салуда бірде-бір шеге қолданылмаған. 

Мешіт пен оның мұнараларын әшекейлеуге түрлі элементтер пайдаланылған. Оның ішінде, ою-өрнектер, аңдар, жануарлар мен түрлі-түсті гүлдер де бар. 

Ал мешіттің құрылысы мен әшекейлендіруін сәулетші Хон Пик басқарған. Қытайлық сәулетшіге Хасен Иманов, Тайыр Ысмайылов, Насретдин қари, Ұшырбақы, Зайнутдинов секілді жергілікті ұсталар көмектескен. Мешіттің ұзындығы 54,5 метр болса, ені 29 метр. Ал биіктігі 22 метрдей. 

Құрылысқа қажет ағаштарды жеткізіп, қажет үлгідегі бағаналар мен бөренелерді дайындауға үш жыл кетсе, ғимараттың өзі бір жазғы маусымның ішінде тұрғызылған. Мешіт жайлы тағы бір қызық дерек - ол алдын-ала сызба жұмыстарынсыз салынған. Тек шатырды жабуда, оларды бояуда белгілі бір ережелер сақталған. 

Мешітті салуда ұйымдастырушылар мен сәулетшілерден бөлек, түрлі ұлттың жүзге жуық шебері мен жұмысшысы қатысқан. Сол үшін бірнеше тіл білетін аудармашылар да қызмет етті. Үлкен ағаш бағаналар өгіздердің көмегімен көтерілген. 

Жамағат осы залда намаз оқыған. 

Мешіт екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатта ер адамдар, екінші қабатында әйел адамдар намаз оқыған. Мешіттің ішіне 1600 адам сияды. 10 есігі бар, 24 терезеден жарық түседі. Алайда үлкен мешіттің ішінде көбіне айт намазы, жұма намазы оқылса, күнделікті бес уақыт намаз кіші мешітте өтелген. 

Мешітке қатысты тағы бір қызық дерек - кеңес үкіметі кезеңінде мешіттің ішінде кинотеатр болған. Бүгінде мешіт мемлекет қарамағына өткен. Мешітте имам жоқ. Жамағат намазды Жаркенттегі басқа бірнеше мешітте оқиды. 

Ерекше мешітке келушілер көп емес, бірақ аз да емес. Қызметкерлердің сөзінше, күніне 30-40 адам келеді. Өзге қалалардан, тіпті шетелден келіп жататындар бар. Көбіне жаз мезгілінде келушілер көп. 

Демалыс сайын арнайы экскурсиямен келгендер де мешітті көріп қайтады. Жөндеу жұмыстары мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы есебінен жүргізіледі. Бұған дейін қажет жөндеу жұмысы 2020 жылы жүргізілген. Ол кезде ғимаратқа жылу қосылған. Ал былтыр ішін бояу жұмыстары жүргізілген. 

Мешіт тарихи орын саналатындықтан жөндеу жұмыстары кезінде ешнәрсе өзгертілмейді. 

Мешіт қызметкерлерінің сөзінше, бұл жерге тарихи ескерткіштің ерекшелігін бағалаған адамдар келеді. 

Жоғарыда атап өткеніміздей мешітке шетелдіктер де келеді. Оның ішінде Нидерланд, Польша, Германия, Қытайдан келгендер бар. 

Мешіт макетінен де, дронмен түсірілім жасаған кезде де байқағанымыз - мешіт ғимараты қисық орналасқан. 

Мешіт неліктен қисық орналасқан? Ол жайлы ешқандай деректер айтылмады.