"Бәрі қиналып жүр ғой, арзанға сұрайды". Баланы базардан мектепке дайындау үшін қанша теңге қажет?

"Бәрі қиналып жүр ғой, арзанға сұрайды". Баланы базардан мектепке дайындау үшін қанша теңге қажет?

Жаз аяқталып, күз жақындап келе жатыр. Бұл оқу жылы басталады дегенді білдіреді. Massaget.kz тілшісі сабақ құрал, мектеп формасы қаншадан сатылып жатқанын, бір баланы мектепке дайындауға қанша қаражат қажет екенін анықтау мақсатында базардағы бағаға шолу жасады.

"Былтырғымен биылғыны мүлде салыстыруға келмейді"

Базарда 10 жылдан бері кеңсе тауарын сатып жүрген Мақпал есімді сатушы сауда айдың басынан бастап қызатынын жеткізді.

"Тек сезонында, шілдеден бастап сауда жасаймыз. Сауда қызатын кезең 5-6 тамыздан басталады. Халыққа қолжетімді көтерме бағада береміз. Шамамен бір баланың сабақ құралдарын алу үшін 8 мың немесе 10 мың көлемінде кетеді. Бұл - бүкіл қажет құралын алу үшін кететін ақша. Дәптерлерді көтерме бағамен 3 теңгеден береміз. Сауда жасағаны үшін тағы да 10 дәптер тегін береміз. Өз атымнан сондай жеңілдіктер бар", - дейді Мақпал.

Сондай-ақ, ол биыл қымбатшылық бар екенін де жасырмады.

"Сезон кезінде жылдағыдан қатты көтеріледі. Былтырғымен биылғыны мүлде салыстыруға келмейді. Мысалы, былтыр бір балаға ең төменгі баға 7-8 мың көлемінде болды. Биыл 9-10 мың теңге, қосымша спорт киім салатын сөмкелерімен 10 мың теңгеден асады. Қымбат тауарлар алса, кемінде 15 мыңға дейін барады. Бір балаға 50 дана, 60 дана дәптер алады", - дейді ол.

"Үш балаға 60-70 мың кетеді"

Базарда баға әртүрлі. Бір дүңгіршекте 3 теңгеден бағаланып тұрған дәптер енді бір дүңгіршекте 20 теңгеге дейін жетеді. Алайда Гүлнәр есімді сатушы керісінше биыл тауарлар арзаннан сатылып жатқанын айтады.

"Былтырға қарағанда биыл кеңсе тауарлары арзан. Былтыр дәптерлер 32-33 теңгеден болды да, тамыздың аяғында 42 теңгеге дейін көтерілген еді. Ал биыл арзан болып тұр. Өзіміз 26-27 теңгеден алдық. Бір-екі күн болды, 27 теңгеге көтерілді. Бірақ одан қатты көтеріліп жатқан жоқ. Өзіміздің Шымкенттің дәптерлері бар, былтыр Ресейдің дәптерлері болды. Жақсы дәптерлер еді, бірақ қымбат болды. Сатып алушыларға акция бар, 10 мыңға сауда жасаса, 10-20 дәптер сыйлыққа береміз", - дейді ол.

Екі жылдан бері кеңсе тауарын сатумен айналысып жүрген әйел қазір сауда қызып тұрмағанын айтады.

"Қазір тыныштық, аса қатты сауда жоқ. Кеңсе тауарларын тек тамызда шығарамыз", - деді Гүлнәр.

Мұның себебін ол қалада да сабақ құрал сататын дүкендер көбеюімен байланыстырды. 

"Бір балаға үнемдеп алса, 6-7 мың болады. 10 мыңға дейін де барады. Бұл - тек дәптер, қалам, негізгі кеңсе тауарларының бағасы. Сөмкелерін қосса, қымбаттай түседі. 20 мың теңгеге дейін барады. Қымбатырақ заттардан алса, шамамен 15 мың теңгеге дейін жетеді. Негізгі керегі дәптер ғой. Бір балаға 40 дәптерден алатын ата-аналар бар. Әркім өз қалауына қарай алады. 3-4 балаға 100-150 дана дәптерден алып жатады. Бір үйдің үш баласына тек толық кеңсе тауарын алуға 60-70 мың теңге кетеді", - дейді Гүлнәр.

Сатушының сөзінше, мемлекеттен алатын көмек жетпейтінін айтатын ата-аналар да бар екен.

"Көп клиент "40-42 мың теңгеден Үкіметтен бөлінді, бірақ жетпейді" деп жатады. Өйткені бір баланы толық киіндіруге 150 мыңдай кетеді", - дейді сатушы. 

Үйде мектеп жасындағы 5 бала болса, 40 567 теңге оның әрқайсына беріле ме?

"Әр мектептің талабы әртүрлі"

16 жылдан бері сабақ құралы сатылатын дүңгіршекте қызмет етіп келе жатқан Әлия мектепке бір ай қалғандықтан, тамызда сауда қызатынын, әсіресе, 10-15 тамыз аралығында сатып алушылар көбейетінін жеткізді. 

"Бір баланы оқу құралымен қамту үшін орта есеппен 35 мың теңге керек. Дәптер әртүрлі бағада, 20 теңгеден бар, 25 теңгеден бар. Баға шыққан фирмасына қарай өзгере береді. Шымкент бар, Абди бар. Абди қымбатырақ болады. Қымбат деген заттардан, жақсы сапада алса, 40 мыңға жетеді. Ал орта бағада қажет болса, 15 мың мен 20 мыңның аралығында шығады. Баланың оқитын мектебіне де байланысты. Әр мектептің талабы әртүрлі. Кітап қап, дәптер қапқа келгенде, біреулер жай дәптер қап сұраса, біреулер желімделіп қалатын қап сұрайды. Жекеменшік мектептер бар, жай мектептер бар, лицейлер бар. Лицейлерде талап жоғары", - дейді Әлия есімді сатушы.

"Халық арзанға сұрайды"

Оқушыға сабақ құралынан бөлек сөмке де қажет. Ал оның бағасы базарда орта есеппен 8 мың теңгеге дейін барады екен.

"Сөмкелер 4 мың 500 теңгеден бастап, 8 мың теңгеге дейін барады. Қызға да, ұлға да баға бірдей. Әзірше сауда жай. Халық арзанға сұрайды. Бәрі қиналып жүр ғой. "Үш балам бар" деп сұрайды", - дейді сөмке сатушы Қанат.

Ал қыздардың ақ бантиктерінің кішкентайлары 600-700 теңгеден басталса, қымбаты 1000 теңгеге дейін жетеді екен. Яғни біреуі 500 теңгеден сатылады. 

"Бір баланы киіндіруге 50-60 мың кетеді"

18 жылдан бері саудада келе жатқан ерлі-зайыпты биыл сатылым нашар екенін айтады. Сондай-ақ, олардың сөзінше, талғамға, сапасына қарай баға да құбыла береді.

"Орташа бағамен бір баланы киіндіруге 50-60 мың кетеді. Бір костюмнің бағасы - орташа есеппен 18 мың, арзаны 10 мың теңгеге де бар, қымбаты 25 мың теңгеге де бар. Біз балалар костюмінің бағасын айтып отырмыз. 18 мыңның костюмдері ең жақсы сапада. Бәрі сапасына қарай. Тауарлар Өзбекстан, Түркия, Қытайдан келеді", - дейді олар.

"Көбі Бішкекті жақсы алып жатыр, бағалары арзан"

Қыздарға арналған киімдер де дәл солай. Сапасына қарай түрлі бағада табуға болады.

"Жейделер 3500 теңгеден 7500 теңгеге дейін барады. Белдемше 4500-6500 теңге аралығында. Бір қызға кем дегенде 8000 мың теңгеге жейде, белдемше алуға болады. Жақсы сапада алса, 13 мың теңгеге дейін барады. Көбіне тауар Қырғызстаннан, Қытайдан келеді. Түркияның, Таиландтың да тауарлары бар. Көбі Бішкекті жақсы алып жатыр, бағалары арзан", - дейді Элиза есімді сатушы.

Оның айтуынша, қазір бұрынғыдай қызып жатқан сауда жоқ.

"Бұрындары 2-3 жейдеден алатын. Қазір бір ұзын, бір қысқадан алады. Сауда енді басталып жатыр, қатты қызып жатқан жоқ. Мектеп киімдерін тек шілде, тамызда шығарамыз. Басқа жылдармен салыстырғанда, қымбаттап жатыр. Кімнің қалтасы қалай көтереді, солай ғой. Көпшілігі арзанынан сұрайды", - дейді ол. 

Базарда бала ерткен бірлі жарым ата-ананы байқадық. Алайда олар да бір баланы мектепке дайындау үшін қыруар қаржы керек екенін айтты.

"Үш балам бар. Бір баламның сабақ киімі 70-80 мыңға дейін барады. 90 мыңға да жетеді. Үш балама шамамен 200 мыңнан аса 300 мыңдай кетеді", - дейді ата-аналардың бірі.

"Көпбалалы әкемін. Балаларды киіндірдім. Костюмнің өзіне 20 мың теңге кетті. Көйлектері шамамен 4 мың теңге болды. Әлі сабақ құралын алмадым. Былай 60-70 мың теңгеге шықты", - дейді тағы бір ер адам.

Сонымен, базарда баға әртүрлі. Қалтадағы қаржы, талғам, таңдау, сапаға қарай қажетіңді табуға болады. Алайда орта есеппен бір баланы мектепке дайындау үшін кем дегенде 100-150 мың теңге қажет екен. Ал сапасы жақсысын таңдау үшін баға да сәйкесінше көтеріле беретіні байқалды.

Еске салайық, бұған дейін қазақ тілінде білім алатын оқушылар саны көбейгені хабарланған еді.