"Күніне 10-15 мың табамын". Барахолкада арба сүйреген әйелдер кәсібі жайлы айтты

"Күніне 10-15 мың табамын". Барахолкада арба сүйреген әйелдер кәсібі жайлы айтты

Базарға бара қалсаң, "салқын көже" деген жарнаманы алыстан естисің. Бала-шаға асырау, нан табу қамымен жүрген әйелдер алыстан айғайлап, ауыр арба сүйреп, түрлі сусын сатады. Бірінің базарда жүргеніне 1 ай, енді бірінің базарда жүргеніне бақандай 30 жыл болған. Massaget.kz тілшісі Алматының "барахолка" атанған базарында су, шай сататын саудагерлермен сұхбаттасып, кәсіптерінің қызығы мен қиындығын сұрады.

"10 жыл болды". Фармацевтикадан барахолкаға келген Диларам 

Кіре сала, "барахолка" жағалап жүре бердік. Алыстан байқасақ, қимылына көз ілеспейтін әйел ыдысқа қантты салып, сүтін құйып, сапырып, артынша тұтынушысына беріп үлгерді. Минуттап тұрмайды, өйткені бұл - базар. Бәрі жылдамдықты сүйеді әрі қимылдары да бұған әбден үйреніп қалған.

36 жастағы алматылық Диларамның негізгі мамандығы - фармацевт. Оның сөзінше, негізгі мамандығы бойынша көп уақыт жұмыс істемеген. Кейін тағдыр айдап, базарға келген.

Диларам қазіргі кәсібі өзіне ұнайтынын айтады. Алайда қиындығы барын да жоққа шығармады.

"10 жылдан бері осы салада жүрмін. 2014 жылы осы базарға келдім. Базардың бәрін танимын", - дейді ол.

Диларамның сөзінше, қыс сусын, әсіресе, шай ең жақсы өтетін маусымдардың бірі екен. Соған сай саудада қызатын көрінеді. Ал жаз айларының ішінде тамыз да жақсы кезең екен.

"Күніне 10 мың теңге табамын. Айына нақты санамаймын. Құдайға шүкір жетеді. Бала-шағам бар. Шамамен 200 мыңдай шығады. Тамызда да адам көп болады", - дейді Диларам.

Шай-су сататындар өздеріне үйреншікті қатарында ғана жүреді екен.

"Әр қатардың өзінің шайшылары бар. Үйреншікті клиенттеріміз де бар", - дейді бұл туралы Диларам.

Базардың қиын тұсы - жұмыс уақытының тым ерте басталуы. Диларам да осыны айтады. Өйткені оның жұмыс күні таңғы сағат 5.00-ден басталады екен.

"Азанда үйден 5.00-де шығамын. Қиыны сол - ұйқыны қимайсың. Ал кейін келіп, дайындық жасаймын. Сағат 7-де базар ашылады. Клиенттер де ақырындап келе бастайды. Зат бітсе, қайтып кетемін. Ең көп дегенде сағат 17.00-ге дейін жүремін. Шаршағанда демалыс жариялап тұрамын. Әдетте жексенбі күні демалыс аламын. Бірақ басқа жұмысқа барғым келмейді. Үйреніп қалдым, жақын адамдарым секілді көрініп тұрады. Базардың бір жақсы жері - кейде бала-шағаңа қарызға да алып кетесің. Бір-бірімізді танимыз, сатушылар бас тартпай, қарызға да бере береді", - дейді алматылық әйел.

Диларам компот, көже, шай, су, сусын, одан бөлек шайға арналған тәттілер сатады. Оларды тасымалдап беретіндер арнайы адамдар да бар екен. 

"Суды қайнатып әкеліп беретін адамдар бар. Қайнаған суды сатып аламыз", - дейді ол.

Айтқандай, артынша жанымызға су тасымалдайтын, шырын, су әкелетін адамдар да жетті. Осылайша, су-шай сататындар өз қорларын толықтырып алады екен.

"Базарға құрбым шақырды". 18 жыл шай сатқан Мейіргүл

Қазір алматылық атанған Мейіргүл кезінде Қарақалпақстаннан келген. Оның негізгі мамандығы - аспаз. Ал осыдан 18 жыл бұрын базарға шығып, күні бүгінге дейін 5-6-қатарда тұрақты клиенттеріне күнде түрлі сусын мен тамақ сатып келеді.

"Аяқкиім сататын осы қатарда 18 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Осы қатарда клиент жинадым, сол клиенттермен қазірге дейін осы жердің нанын жеп келе жатырмын. Бұған дейін бәрі аяқиім қатар болды, кейін киім аралас болды. Базарда бәрін білемін", - дейді Мейіргүл.

Мейіргүлдің де жұмыс күні таңертең сағат 5.00-де басталады екен. Осылайша, кешкі сағат 18.00-19.00-ге дейін жалғасады.

Барлық қимылын тез істейтін ол әр шай-суын сатқан сайын дәптеріне өзіне түсінікті сандарды түртіп отыруды да ұмытпады. Сөйтсек, бұл оның қарыз дәптері екен.

"Күніне кім қанша шай-су ішкенін жазамын. Маған қарыздары ғой. Тек танитындарға қарызға беремін", - дейді ол.

Мейіргүл бір күндері 10 мың, енді бірде 15 мың теңге табыс табады екен. Ал базарға құрбысы шақырыпты. Содан бері осы жерде қалған.

"Басында құрбым базарда шай сатқан. Қиналып жүргенде, мені жанына шақырды, "үйретемін" деді. Ол құрбым қазір басқа жерде істейді. Мен базарда қалдым. Өкінбеймін, өзіме ұнайды. Клиенттерім де тұрақты. Базардың қиыны - таңертең ерте тұратының, кейде клиенттермен келіспей қалатының да бар. Әркімнің мінезі әртүрлі. Ал кейде қонаққа барғанда, асығып қаласың. Кешке өтпей қалған тамақтарды базардағы көршілеріме шай ішуге тегін беремін", - дейді айналасына күлімдей қараған әйел.

"Базар көз алдымда өзгерді". 30 жылдан бері базарда жүрген Сәниям

Ал 1993 жылдан базарда жүрген Сәниям апай бұл жерді бес саусағындай білетінін айтады. 

"Базарда жүргеніме 30 жыл болды. Басында нөлінші қатарында жүрдім. Оны алып тастағаннан кейін бері қарай келдім. Базарда бәрін білемін, бәрін танимын. Атын ұмытып қалсам да, түрін білемін. Кейде базардан кетіп қалғандар, сатып алушылар "тәте, әлі жүрсіз бе?" деп жатады. Базар көз алдымда өзгерді. Бірақ қазір бұрынғыдай базар жоқ. Сауда жүріп жатады, адам көп келіп жатады. Қазір бұрынғыдан емес тынышталып қалды", - дейді ол.

57 жастағы Сәниям апай бүкіл базарды жақсы танитыны соншалық - шай су алғандарды дәптеріне де жазбайды не ақшасын да бірден санап алмайды. 

"Өз клиенттерім ғой, бәрін білемін. Кешке жақын бәріне WhatsApp-қа жазамын, салып жібереді. Күнде солай. Ұмытып қалсам, не алғанын сұраймын. Әбден бір-бірімізге сеніп алғанбыз", - дейді апай.

Оның "барахолкаға" келуі де қызық оқиға. Өзінің сөзінше, Құдайдың бұйрығы, тағдыр айдап келген.

"Алланың бұйрығымен келген шығармыз. 90-жылдар қиын-қыстау кезеңде контейнерлер жоқ, КамАЗ-дар. Барлық жер ашық болатын. Базарға көрейін деп келгенмін. Кездейсоқ келдім. Базарды аралап жүріп, бір орыс әйелді көріп, таныстым. Ол "кел, үйретемін" деді. Солай бастап кеттім", - дейді ол.

Сусын сататын Сәниям апай жұмыс уақытын өзгелерден тым ерте бастайды.

"Түнгі сағат 4.00-ден бастап кешкі сағат 17.00-ге дейін жұмыс істеймін. Көпір жақта таңертең ерте шай сатамын. Автобус жүргізушілері, патрульдер, түнгі такси жүргізушілері таңертең шай ішуге келеді. Ол жақта да өзіміздің клиенттеріміз бар. Базарға 7.30-дарда кіремін. Жұмыстарым шығып қалмаса, демалмаймын. Тойлар болса, шықпай қаламын. Бір-екі күнге демалыс аламын, клиенттеріме айтып кетемін. Үнемі байланыстамыз", - дейді Сәниям апай.

Ол сөзін осы кәсіпті бастағанына өкінбейтінін айтып аяқтады. Өйткені базардан тапқан табысымен бала-шағасын оқытып-тоқытыпты.

"Базарға келгеніме ешқандай өкінбеймін. Осымен бала бақтық, осымен балаларды оқыттық, Аллаға шүкір", - деді ол.

"Тәуекел дедім". Көже сататын Жәния

40 жастағы Жәния бұған дейін жұмыс істемеген. Ал базарға шығып, көже сатқанына 1 ай болған.

"Бұрыннан көже жасаймын. Айран, құрт қосылған көже. Өзім тәуекел деп шықтым. Салқын сусынның уақыты түске жақын басталады. Бірақ ертерек келемін. Күніне 5-6, 7-8 мың табамын. Бір кесесі - 300-350 теңге, 200-250 теңге. Арбасы ауырлау. Көжені дайындайсың, ыдысын жуасың, қиыны да - сол. Аяқтан аяқ қалмайды, шаршайсың. Дүйсенбі күні демаламыз. Демаламын десең, демала берсең болады. Бірақ ақша керек. 4 балам бар", - дейді ол.

"Кредитім бар". Су-шай сататын 63 жастағы әже

Базардың қатарларын аралап жүре бердік. Ерекше көрінгені - жүдеу тартқан әженің ауыр арбаны қиналмай сүйреп жүргені. Жақындап сұрасақ, 63 жаста екен. Оны үйде отырғызбай, базарға әкелген - тұрмыс қамы, кредит.

"Базарға биыл келдім. Былтыр кредитке балама машина алып едім. Содан базарға шықтым. Бізді жұмысқа алмайды ғой. Пәтер жалдап тұрамын. Тек сусын сататын маусымында шығамын", - дейді ол.

Базарда кезіктірген сусын сататын апайлардың барлығы дерлік тұрмыс қамымен жүргенімен, бірде-біреуі "өкінетінін" айтпады не жұмыстың қиындығына, табысына шағымданбады. Өйткені олар бір күн демалыстың өзінде жұмыс тоқтап қалатынын, бәрі бала-шаға қамы екенін жақсы біледі.