Жылдағыдай емес: Алматы мектебінде соңғы қоңырау қалай өтті?

Жылдағыдай емес: Алматы мектебінде соңғы қоңырау қалай өтті?

Бүгін Қазақстан мектептерінде соңғы қоңырау рәсімі өтті. Биыл мектеп бітіру күні жылдағыдай 25 мамырда емес, 1 маусымда атап өтіліп жатыр. 

Massaget.kz тілшілері Алматыдағы №34 гимназияға барып, соңғы қоңырау шарасы қалай өткені туралы материал дайындады. 

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қаланың 313 мектебінде оқу жылының аяқталуына орай салтанатты жиындар өтті. Биылғы жылы мектептерді 14 мыңнан астам түлек бітірді, оның ішінде 424 оқушы "Алтын белгіге", 975 оқушы үздік аттестатқа үміткер.

Гимназиядағы соңғы қоңырау шарасы таңғы 9 шамасында басталып, жарты сағатқа ғана созылды. 

Ортаға мемлекеттік Ту шығарылып, Әнұран шырқалды. 

Гимназия директоры Рустам Жахановтың сөзінше, білім ордасында 2140 оқушы білім алып жатыр. Оның 93-і биыл мектеп бітіреді екен. 

Мектеп бітірушілердің өзі де, ата-аналары да ерекше толқып тұр. Оқушыларымен қоштасып, ақ тілегін жолдаған сынып жетекшілері де көзіне жас алды. 

Мектеп оқушылары концерттік бағдарламаны өздері дайындаған. Бірі ән салды. Енді бірі мектеп бітірудегі әсерлі көріністердің бірі - қоштасу вальсін биледі. 

Мектептің үздік оқушыларына сөз берілді. 

Биыл соңғы қоңырау жылдағыдай көктемде емес, жаз мезгілінде өткендіктен шараның өту уақыты қысқартылған болатын. 

Қазақстан бойынша биыл 172 мың оқушы мектеп бітірген.  

Алда оқушыларды мемлекеттік емтихан мен Ұлттық бірыңғай тестілеу күтіп тұр. 

Алматының 9-сынып оқушыларына арналған қорытынды емтихандар 2-13 маусым аралығында, ал 11-сынып түлектеріне арналған мемлекеттік қорытынды емтихандар 5-19 маусым аралығында өтеді.

Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) жылына 4 рет (қаңтар-ақпан, наурыз, мамыр-шілде, тамыз) өткізіледі. Ол Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында 18 мамырдан 5 шілдеге дейін өткізіледі. 11-сынып түлектеріне жалпы орта білім туралы аттестаттарды салтанатты түрде тапсыру рәсімі 20-22 маусымда мектеп қабырғасында өткізу ұсынылады.

Дәстүр бойынша, соңғы қоңырау соғылды.  

Суреттер: Ернар Алмабек