"Мектеп формасын алып тастауға қоғам дайын емес". Мұғалім қандай нәрселерге қарсы екенін айтты

"Мектеп формасын алып тастауға қоғам дайын емес". Мұғалім қандай нәрселерге қарсы екенін айтты

Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлы: "Мұғалім – мектептің жаны" дейді. Заманауи мұғалім қандай болу керек? Бүгінде мектептегі мұғалімдердің жағдайы қалай? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын білу мақсатында Мassaget.kz порталының тілшілері Алматы қаласы Білім басқармасының "№147 гимназия" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жас маманымен тілдесті.

Уәлихан Әбдібеков түстен кейінгі сабағына келе жатыр

Уәлихан Әбдібеков, 1993 жылы  Түркістан облысында дүниеге келген. Алматыдағы әл Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде "Қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығын тәмамдаған. Магистратураны "Орыс тілі мен әдебиеті" мамандығында оқыған. Үйленген, 3 қыздың әкесі.  

Өзімді керексіз адамдай сезіндім

Студент кезде мүлдем жұмыс істемегенмін. Өзімді бір керексіз адам сияқты сезіндім. "Мұғалім болсам, кем дегенде 30 балаға білім берсем" деген сияқты "философиялық" оймен, мектепке келдім. Алғаш жұмыс бастағанда өзіме сабақ берген мұғалімдерден ерекшеленуге тырыстым. Мектепте өзіме не ұнамады, солардың барлығын алып тастадым. Оқушыларға жаңаша әдіспен сабақ беруге ұмтылдым.

Уәлиханды кіре берісте оқушылары күтіп алды. Ол жайдары, мұғалім емес, бейнебір жоғары сынып оқушысы сияқты еркін

"Мұғалімнің өмірі тозақ" деп бізді қорқытып тастаған

Мен, біріншіден, балаларды жақсы көрем. Екіншіден, надан адамдарды жек көрем. Жай қарапайым нәрселерді түсінбейтін адамдар болады. Мысалы, айналаға қоқыс тастамау, жолда тыйым салынған жерден кесіп өту деген сияқты. Сондай адамдарды көрсем өз-өзімнен ашуланамын. "Неге бұлай?!" деп ойланамын. Сондай адам болмасын деп, балалардан бастадым.

Өзім балаларды жақсы көргендіктен, оларды жиындарда жаныма жинап алам. Бәрі мені ұйып тыңдайды. Баяғыдан: "Мектеп деген қиын. Ауыр. Мұғалімнің өмірі тозақ" деп бізді қорқытып тастаған ғой. Бірақ келгенде олай емес екенін түсіндім. Жай ғана жұмысты емес, балаларды жақсы көрсең болды екен. Өзіңе қатты салмақ түспейді.

Оқи алмайтын оқушы жоқ, оқыта алмайтын мұғалім бар

"Оқи алмайтын оқушы жоқ, оқыта алмайтын мұғалім бар" деп жатады. Оған келісем. Бірінші, баланы сабаққа тарту үшін, оны жай ғана жақсы көру. "Бәрекелді!", "жарайсың", "бүгін кереметсің!" деген шабыт беретін сөздер уақытша ғана екенін түсіндім. Кейін бала тағы да сеннен мақтау күтеді. Бұл тура бұрынғы баға жүйесі сияқты. Бұрын біз бес деген баға үшін оқитын едік қой.

Жай ғана жақсы көру таусылмайтын шабыт

Ал жай ғана жақсы көру таусылмайтын шабыт. Тек соны балаларға сезіндіре алу керек. Сондықтан алдыңғы орынға адамды, содан кейін сабақты қоямын. Оқушылар да солай. Олар мұғалімді жақсы көрсе, сол арқылы ол беретін сабақты да жақсы оқиды. Сабағын орындайды, қате болса да жазып келуге тырысады. Олар жасандылықты бірден сезеді. Сондықтан барынша шынайы болу керек.

Мұғалімдердің танымал тұлға болуына еш нәрсе кедергі емес

Қазір шоу-бизнес өкілі, блогер не вайнер танымал. Мұғалімдердің жұлдыз болуына, тұлға болуына не кедергі? Меніңше, елімізде мұғалімнің танымал болуына еш кедергі жоқ. Қазір tik-tok болсын, басқа да әлеуметтік желілерде өзін танытып жүрген мұғалімдер бар. Бірі би немесе тренд түсіреді, басқалары сабақ үйретеді. Негізгі кедергі ойымыздағы образдар.

Мұғалім кешікпейді. Мұғалім ауырмайды. Мұғалім бәрін біледі

Кеңес Одағындағы мұғалімдерді елестетіп аламыз. Мұғалім келсе орнымыздан тұра қаламыз, алыстан келе жатқаннан өтіп кеткенше күтіп тұрамыз. "Мұғалім кешікпейді. Мұғалім ауырмайды. Мұғалім бәрін біледі" деген образдар миымызға орналасып алған. Сондықтан "мұғалім tik-tok-та билемейді, ол әртіс емес" деген түсініктің кесірінен танымал болмай қалады. Бірақ сондай қасаң қағидаларды бұзып, танылып жатқан жас мамандар бар.

ХХІ ғасырдағы техиканың мол мүмкіндігі бола тұра, оқушылар мектепте әлі де ауызекі сабақты тыңдайды

Адам 72 сағаттан соң ауызекі жеткізілген мәліметтің 10 пайызын ғана есте сақтаса, видео, сурет арқылы берілген мәліметтің 65 пайызын есте сақтайды.  ХХІ ғасырдағы техиканың мол мүмкіндігі бола тұра, оқушылар мектепте әлі де ауызекі сабақты тыңдайды. Әлі өзгерген жоқ. Себебі оқушы да, мұғалім де мәжбүр. Бірнеше себебін айтайын, бірі мұғалімнің жас ерекшелігіне байланысты. Қарт мамандар жаңа технологияны бірден игеріп кете алмайды. Бұрынғы әдісімен өте береді. Жаңартылған бағдарламаның қолданысқа енгізілгеніне бес жыл болды. Бірақ оны теория емес, практикалық түрде жаппай қолданып жатқан жоқ. Жаңартылған бағдарлама бойынша мұғалім 10 пайыз ғана яғни жол сілтейді оқушылар оны орындау керек еді. Бірақ іс жүзінде мұғалім әлі 90 пайыз сөйлейді, 10 пайыз оқушылардың еншісінде.

Кейбір мектептерде тіпті Wi-Fi жоқ

Видео сабақтарды жас мамандар қоя алады. Бірақ бір жерде техника жоқ, екінші жерде болғанымен істемейді. Бар болып істеген күннің өзінде де мұғалім қалай жұмыс істеу керегін білмейді. Оларды тағы бір оқыту керек шығар. Мысалы, өзімді айтайыншы. Бәрі бар, жаңа технологияны қолдана аламын. Бірақ соны көрсетуге интернет жоқ. Бар, бірақ ақырын жұмыс істейді. Оқушылар сұраған нәрсесін видео сабақ арқылы көрсете қояйын десең, интернеттің күші жетпейді. Қайта бізде ақырын болса да жұмыс істейді, кейбір басқа мектептерде тіпті Wi-Fi жоқ. Үйден алып келсең, сабақ барысы қалай өзгеріп кететінін білмейсің. Дайындалған материалыңның айналасында ғана жүру керек боп қалады. Ал бала деген кез келген нәрсені сұрауы мүмкін.

Кейіпкерімізбен бұрын сабақ берген оқушылары амандасты. Әли есімді оқушы: "Ағай өте жақсы, өзінің білім беретін ерекше әдісі бар" деп мақтап кетті

Көп жағдайда балаларға еркіндік беремін

Ғалымдар айтуынша, білім саласы сапасыз болып, ауызекі дәрісті бала түсінбесе де ми зорығады екен.  Егер сабақты кейбір баланың тыңдамай отырғанын көрсеңіз, бұл олардың сабаққа ынтасы жоқтығын білдірмейді. Олар миларын түсініксіз ақпараттан қорғап жатқанының белгісі. Сондықтан мен көп жағдайда балаларға еркіндік беремін. Мысалы, сабақ түсіндіріп жатқанда оқушының: "Ағай сыртқа шығып келсем бола ма?" деп айтуы кедергі келтіреді. Біріншіден, сенің сабағыңды бөледі, екіншіден басқа оқушылардың назарын бұрады. Содан кейін олар да сыртқа шыққысы келеді. Сол үшін  сабаққа келгенде бірнеше ережені айтамын.

  • Әжетханаға барғың келе ме? Сұранбай кете бер;

  • Қоқыс тастағың келсе, тастай бер;

  • Су ішкің келсе маған ескертудің қажеті жоқ;

  • Қалаған орныңа отыр.

Міне, менің ережелерім. Тек сабаққа кедергі келтірмесе болды.

Мұғалім сыныпқа кіргенде оқушылардың орнынан тұруына қарсы болдым

Алғаш жұмысқа келгенде мұғалім сыныпқа кіргенде оқушылардың орнынан тұруына қарсы болдым. Сол үшін күрестім. Эссе, шығарма жазып жатқанда мұғалім сыныпқа кіріп қалса бәрі өре түргеледі. Ол кіріп сырткиімін алып кетсе де орнынан тұрады. Бор алса да, маған келіп кетсе де оқушылар орнынан тұра береді. Басында үндемедім. Кейін оқушыларға мұғалім келгенде орындарынан тұрмау керегін түсіндірдім.

Сол үшін басшылардың алдына дейін бардым

Бір күні мұғалім кіргенде оқушылар орнынан тұрмаған еді, ол ұрсып берді. Апайды сыртқа алып шығып, бұл дұрыс емес екенін айттым. Үлкен мұғалім еді. Маған ұрысты: "Тәртіп бойынша, мұғалім келгенде оқушылар орынан тұруы керек. Бұл сыйластықтың белгісі. Үлкен адам сыныпқа кіріп тұр" деді. Кейін  басқа мұғалімдерге мұны түсіндіре бастадым. Басшылардың алдына дейін бардым. Екі жыл боп қалды-ау. Қазір менің сабағыма қандай мұғалім кірсе де оқушылар орнынан тұрмайды. Өзім басқа мұғалімнің сыныбына кірсем, бірден оқушылардың орнынан тұрмауын өтінемін. Тек мұғалімдер бір хабарландыру айтар кезде ғана оқушылардың орынан тұруын сұраймын. Ал кірген-шыққан адамға орнынан тұра беру дұрыс емес жүйе деп ойлаймын. Бұрын да олай болмаған секілді. Сол бір әдет бізге кейіннен келген сияқты болып көрінеді.

Білім деген түсінікке басқа қырынан келу керек

Білім деген түсінік міндетті түрде сабақтан үйренетін білім емес. Мектепке келгенде біреуді ренжітсең, кейін олай істемеу керегін білесің. Кез келген нәрсе білім. Ара шағып алса да білім. Екінші араның ұясына тиіспейсің деген сияқты. Балаларға ылғи айтамын: "100 ақпарат айтсам, соның біреуін үйреніп алсаң да сол маған жетістік" деймін. Қазіргі оқушылар әлеуметтік желі көреді. Ол жерде ақпараттың барлығы мейлінше қысқа беріледі. Сондықтан оларға ұзақ дерек қызық емес. Тез жалығады. Сондықтан білім деген түсінікке басқа қырынан келу керек сияқты.

Шаршаған, асыққан, қабағы түюлі

Қазіргі білім саласына білікті жас мамандар жетіспейді. Өйткені, оларға "тәжірибең жоқ" деп кез келген жер алмайды. Өздері де "ақшасы аз" деп мектепке барғысы келмейді. Олар да мектепте мұғалімнің қалай жүргенін көрді. Шаршаған, асыққан, қабағы түюлі... Оның орнында өзі болғысы келмейді. Содан соң техника жетіспейді. Одан бөлек оқушыларға деген жайлылық жоқ.

"Жайлы мектеп" жобасы арманымды жүзеге асырады

"Жайлы мектеп" жобасы жүзеге асып жатыр. Оның маған ұнағанын өзімнің басымнан өткен нәрсемен мысал ретінде айтайын. Бірде мектепке кіріп келемін, екінші сыныптың оқушысы келе жатыр екен. Сөмкесі ауыр, алыстан көрдім. "Сөмкеңді бере ғой" деп алдым. Бірақ соншалықты ауыр деп ойламаппын. 10 килодан асатын сияқты. 6 сабақ болса, 6 кітап, 12 дәптер т.б заттары бар. Сыныбына дейін көтеріп апардым. Сол кезде оқушылар үйіне тек дәптерін алып кетсе ғой деп ойладым. "Жайлы мектеп" сол арманды жүзеге асырайын деп жатыр. Енді әр оқушының кітабы, дәптері, артық заттары тұратын өз орны болады. Бұл кинодағыдай ғой. Сонда бала өзімен бірге еш нәрсе алып жүрмейді. Бұл деген сөз баланың мектепке баруға ынтасы пайда болады. Ынта бар жерде білім болады.

Енді оқушылар қаншама адамның арасында қысылып, ауыр сөмкемен мектепке келмейді

Көз алдыңызға елестетіңізші, ауыр сөмкемен мектепке келдіңіз, шаршайсыз. Ондай балада білім алуға деген ынта бола ма? Тіпті мектепке арналған арнайы маршурт болады деп жатыр. Енді оқушылар қаншама адамның арасында қысылып, ауыр сөмкемен мектепке келмейді. Көңіл-күйі жақсы, шаршамайды. Ертең мектепке тағы барғысы келеді.

Біз мұғалімнің бір күнін осы қысқа фоторепортажға сыйдыруға тырыстық және көкейде жүрген сұрақтарымызды да қойып үлгердік

Мектеп формасын алып тастауға біздің қоғам әлі дайын емес

Мектеп формасын алып тастауға біздің қоғам әлі дайын емес. Адамға шектен тыс еркіндік берсең де  олар шекарадан өте бастайды. Мектеп формасы деген де сол сияқты. Егер оны алып тастасаң оқушылар қалағанынша киініп келеді. Тіпті кейбірі футболка, шортымен келеді. Адам деген әртүрлі. Қысқаша айтқанда оған біздің оқушылар да, менталитет те дайын емес сияқты. Кезінде оны практикалық түрде сынап көрдік. Сондықтан, мектепке киетін форма болу керек деп есептеймін.