Ко Паньи. Қазақ фотографы су үстіндегі мұсылмандар ауылының өмірімен танысты
Ко Паньи – Тайландтың Пханг-га провинциясындағы ауыл. Ерекшелігі, оны малай балықшылары су үстіне салған. Massaget.kz порталының фотографы Ернар Алмабек Таиландтағы туристер көп келетін ауылға барып, жергілікті жұрттың өмірімен танысты.
Осыдан 2 ғасыр бұрын Явадан келген мұсылман теңізшілер – екі отбасы су үстіне қоныстанған. Бүгінде олардың ұрпағы 360 отбасыға немесе 1685 адамға көбейген.
XVIII ғасырдың аяғында Ко Паньиге малай балықшылары келеді. Сол кездегі заң бойынша жер Таиланд ұлтына ғана сатылатын. Сондықтан малайлықтар теңіз үстіне қоныстануға мәжбүр болады. Кейіннен заң өзгеріп, Таиландта туризм дамыған соң, жер басқа ұлт өкілдеріне сатыла бастады. Содан кейін ғана бұл ауылда мешіт салынып, тұщы су құдығын қазу мүмкіндігі пайда болады.
Ауыл астындағы су кешке қарай тартылып кетеді. Сол кезде жер осылай көрінеді. Бірақ шамамен 2-3 сағатта су арнасы қайта толады екен
Елді мекенге іргелес жатқан аралдағы мешіт ауылға қызмет етеді және қауымның орталық бас қосатын орны саналады. Құрлықтан келетін тауарларға толы дүкендерде дәрі-дәрмек, киім-кешек және дәретхана керек-жарақтары сияқты қажетті заттар сатылады. Туризмнің өсуіне қарамастан, Ко Паньидегі өмір әлі де балық аулаумен байланысты, өйткені туристердің едәуір бөлігі мұнда құрғақ маусымда ғана келеді.
"Біз бір елге барар кезде оны алдын ала зерттейміз. Пхукетке баратындардың көпшілігі осы Ко Пани атты ауылға соқпай кетпейді екен. Пхукеттің өзі арал ғой. Оның жанында кішкентай аралдар көп. Турлардың да бір күнде 5 немесе 10 аралды аралаймыз деген түрлері болады. Соның дерлік барлығында Ко Паньи бар. Бірақ олар бұл ауылға 2-3 сағатқа қана тоқтайды. Біз 2-3 сағатта бұл ауыл бізге қаншалықты қызық болады деп ойладық. Себебі интернеттен зерттеп отырып, ұнап қалған болатын. Сондықтан 2-3 күн қалуға шештік", - дейді фотограф.
Әйгілі Джеймс Бонд фильміндегі жартас
"Ко Паньиде бір ғана "Джеймс Бонд Бонгалау" дейтін қонақ үй бар екен. Бұлай аталуының себебі осы аралдың жанында Джеймс Бонд жартасы бар. Ол туристер арасында хит. Кезінде Джеймс Бонд фильмінің бір эпизодында жартас көрініп қалған. Соны көру үшін адамдар көп келеді", - дейді Ернар Алмабек.
"Жалпы аралға жету қиын екен. Алматыдан Бангокке келдік, одан Пхукетке ұштық, ол жерден солтүстікке қарай таксимен Тадан Пирске бардық. Такси оған шамамен мың бат (12 881 теңге) алды. Пирстен қайықпен қонақ үйдің иесінің мамасы күтіп алды. Ко Паньиге қайықпен жеттік. Ауыл бара жатқанда-ақ ұнады. Айналада биік жартастар, оған ағаштар өсіп шыққан. Ертегі сияқты табиғат екен".
Бірнеше мың жыл бұрын салынған жартастағы суреттер
Жетеберісте жартастағы бірнеше мың жыл бұрын суреттерді көрсетті. Қонақүй жақсы, барлық жағдай жасалған. 2 түнге таңғы асымен 25 мың теңге төледік. Ауыл кішкентай болғандықтан түскі және кешкі ас табу қиын болды. Дәмханалар бар. Бірақ бағасы қымбат. Әр тамақтанғанда шамамен 10 мың теңгедей төледік. Тамақтары ұнаған жоқ. Мысалы, палауға тапсырыс берсек, оны асшаяннан істеп әкеліпті. Түрін көріп палау жегің келеді, бірақ асшаянның дәмі бар. Қысқасы, жей алмадық".
Ернар Алмабек үшінші күні ғана жергілікті адамдарға арналған дәмхана бар екенін білген. Ол жердің тағамы дәмді және арзан болған. Екі адамға бір түстенгенде шамамен 2500 теңге төлеген.
Ко Паньидегі мешіт іші
Ауыл өте қарапайым, адамдары сыпайы, сырттан келген адамға тиіспейді. Мешітті жартас пен су тоғысқан жерге салған. Оны ақша жинап, демеушілер арқылы тұрғызған екен.
Оң жақтағы мешіт қызметкері Сүлеймен
"Мешіт осыдан 12 жыл бұрын салынған. Құрылысына кеткен ақша - 54 миллион бат. Бұл - үкімет бөлген қаржы емес, садақадан жиналған сома. Ауыл халқы 100 пайыз мұсылман. Мешітке кез келген адамды кіргізбейміз. Себебі туристер жартылай жалаңаш, кейде ішіп келеді. Сондықтан мұсылман емес адамдардың кіруіне тыйым салынған", - дейді мешіт қызметкері Сүлеймен.
Мешіт жанында жерде зират бар. Бір ерекшелігі жер тар болғандықтан адамдарды бірінің үстіне бірін көме береді екен
"Ауылда ұзын негізгі 2-3 көше және оларды байланыстыратын бірнеше шағын көше бар. Ауыл судың үстінде тұр. Барлық жағдайларын жасап алған. Электр тогын, 5G интернет тартқан, ауыз су бар. Тек бір әттеген-айы, канализация жүйесі жоқ. Дәретхана мен душтың суын үйдің астындағы суға ағызады екен. Барған күні бізге суға түсуге болмайтынын айтты", - дейді фотограф
Бірақ жергілікті балалар суға түсе береді екен
"Ауыл тап-таза. Көшеде жерде жатқан қоқысты алып, арнайы шелекке тастап жатқан адамды көп көрдім. Ішімдік сатылмайды, жергілікті халық ішпейді. Қонақүйге ішімдік әкелуге рұқсат етпейді", - дейді Ернар Алмабек.
"Ауыл су үстінде болса да футбол алаңы бар. Жергілікті жігіттермен ойнадым. Олардың жылдамдығына, техникасына ілесу қиын. Себебі айнала су болғасын допты әуелетіп тебе алмайсың, қақпа да кішкентай. Тек техникаға сүйеніп ойнайсың. Жергілікті жігіттер мені қонақ деп сыйлады. Ақырын ойнады. Мен доп алсам да, пас берсем де шулап, арқамнан қағып, қошеметтеп жатты. Өзімді бір жұлдыз ойыншыдай сезіндім. Тіпті гол да соқтым. Содан кейін қалқымалы алаңды да көрдік. Оның өзіндік тарихы бар", - дейді ол.
1986 жылғы футболдан әлем чемпионатынан шабыттанған балалар ескі ағаштар мен балық аулайтын салдардан алаң салады. Футбол командасын жасақтап, Оңтүстік Таиландтағы мектеп чемпионатында бақ сынауға шешім қабылдайды. Ішкі турнирде жартылай финалға шығып, әдеттен тыс жағдайда екінші орын алған соң (олар үйреніп қалғандықтан екінші таймды жалаңаяқ ойнаған) бүкіл ауыл спортпен шұғылдануға шабыттанады. Сол кездегі ағаштан салынған алаң туристер арасында танымал болғанымен, қазір мүлдем жаңа футбол алаңы салынған.
Суретте солдан оңға қарай: фотограф Ернар Алмабек, алғаш қалқымалы алаңды салған Прасит және журналист Жазира Байдалы
Прасит бүгінде ауылдың жігіт ағасы ретінде жергілікті халықтың мәселелерін шешумен айналысады. Сонымен бірге ол ауылға жарық тартуға, интернет орнатуға және ауыз су жеткізуге мұрындық болған.
2011 жылғы жағдай бойынша Panyee ФК Оңтүстік Таиландтағы ең табысты жасөспірімдер футбол клубтарының бірі саналады және 1986 жылы алаңды салған балалар қазір ересек спортшылар. Олар Оңтүстік Таиландтағы жастар арасындағы футбол чемпионатын 2004, 2005, 2006, 2008, 2009 және 2010 жылдары ұтқан. TMB Bank-тің 2011 жылғы жарнамалық науқанында команданың тарихын баяндайтын қысқаметражды фильм түсірілген.
"Халық басында тек балық шаруашылығымен ғана күн көрген. Сосын ауылдың бір азаматы туризмді дамытуды қолға алған. Қазір өте танымал. Таңғы сағат 11-лерден бастап, 15:00-ге дейін турист көп келеді. Жалпы айналадағы аралдарды біз де араладық. Қайықшыға Пхукеттен Ко Паниге және қайта алып кеткені, аралдарды аралатқаны үшін шамамен 40 мың теңге төледік", - дейді фотограф.
Ко Паньиде бала көп. Бәрі ашық-жарқын. Суда жақсы жүзеді. Туғаннан жүзуді біліп туады. Бірнеше күнде Мassaget.kz порталының фотографын ауылдың халқы танып қалған. Жақын араласып кеткен.
"Менің атым Үсен (суретте) Ко Паньиде дүниеге келмедім. Десе де бала кезде әке-шешеммен осында көшіп келдім. Осы жақтың қызына үйленіп, отбасын құрдым. Одан бері 42 жыл зулап өте шығыпты. Әлі күнге дейін еңбек етемін. Таңнан түске шейін балық аулап, түстен кейін ауыл тұрғындарының шашын аламын. Бала-шағамның бәрі ер жетті. Пхукетте тұрады. Әйеліммен Ко Паньиді тастап кете алмаймын. Осы жерде тұрып жатқаныма бақыттымын", - дейді жергілікті тұрғын.
"Жергілікті халыққа бір таңғалғаным, өздері судың үстінде тұрса да өсімдікті қатты жақсы көреді екен. Бұрыш тағы басқа тамаққа қосатын шөптерді өсіре береді. Былай қарасаң жер жоқ, бірақ соның әдісін тауып отыр. Риза боласың, ал бізде қаншама жер бос жатыр, пайдаланбаймыз", - дейді Ернар Алмабек.